10 Қазан, 2013

Жер иесіз болмауы тиіс

374 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жер – біздің асыраушымыз. Ішер асың, киер киімің, басқа да адами игіліктер осы жұмыр жер арқылы келеді. Сондықтан жерді қастерлей білуіміз керек. Кешегі кеңестік кезеңде көрсеткіш қуамыз деп жүріп егіншілікке жарамсыз жерді жыртып тастағанымыз әлі естен шыға қоймағаны шындық. Егістік ауылдың іргесіне дейін келіп, елді мекен маңы тулақтай болып қалғаны да жасырын емес. Гектар түсімділігі түкке тұрмайтын жерлердің осыншалықты бей-берекет жыртылуының арты бұл алқаптардың азып-тозуына, топырақ эрозиясына ұшырауына соқтырды.

01-жер

 

01-жер

Жер – біздің асыраушымыз. Ішер асың, киер киімің, басқа да адами игіліктер осы жұмыр жер арқылы келеді. Сондықтан жерді қастерлей білуіміз керек. Кешегі кеңестік кезеңде көрсеткіш қуамыз деп жүріп егіншілікке жарамсыз жерді жыртып тастағанымыз әлі естен шыға қоймағаны шындық. Егістік ауылдың іргесіне дейін келіп, елді мекен маңы тулақтай болып қалғаны да жасырын емес. Гектар түсімділігі түкке тұрмайтын жерлердің осыншалықты бей-берекет жыртылуының арты бұл алқаптардың азып-тозуына, топырақ эрозиясына ұшырауына соқтырды. Кезінде мал шаруашылығын дамытуға басымдылық берілетін аудандардағы шаруашылықтардың өзі 10-15 мың гектарға дейін егіс салып, жартымды өнім ала алмай, топырақтың құнарлы қабатының жалаңаштанып қалуын тездетті. Егемендіктің елең-алаңындағы жаппай жекешелендіру кезінде жер үлестерін алғандардың өздері оны тиімді пайдалана алмады. Сол жерлерді қазір көрсең көңілге кірбің ұялайды. Жылдар бойы бос жатып қалған бұл алқаптарға арамшөп қаптады. Яғни, пайдалануға жарамсыздыққа ұшырады. Елімізде 3 миллион гектар жер пайдаланусыз жатыр екен. Мұның өзі де өткен жылғы түгенделген 31 миллион гектар жерге қатысты есеп көрінеді («ЕҚ», 2013 жылғы 10 сәуірдегі 103-саны).

Дерек көздерінен белгілі болғанындай, бұдан 100 жыл бұрын жұмыр жердің әр пендесіне 15 гектар жерден келсе, қазір бұл көрсеткіш 2 гектарға қысқарыпты. Ал, біздің Қазақстанда бір адамға 17 гектар жер тиесілі екен. Көрдіңіз бе, жеріміз жетерлік. Алайда, жоғарыда айтылғандай, пайдаланылмай, тусырап жатса, одан пайда не? Үкіметтің жердің әр гектары есепте болуы керек деп шыр-пыр болуы да сондықтан.

Шыны керек, бізге ата-бабамыздан мұра болып қалған жердің қасиетін жете түсіндік деуге ерте. Бұл бағытта жер еміп өскен өзге ұлттардан үйренеріміз көп әлі. Кетпен ұстап, жер баптауға келгенде көбіміздің кежегеміз кейін тартады да тұрады. Сондықтан да айдаладағы алқаптарды былай қойғанда, ауламыздағы жердің игілігін көруге енжармыз.

Бұрындары үлкендердің жерді орынсыз қазба, көкті жұлма деп отыратынын еститінбіз. Сол кісілер сонда жердің киесі бар екенін ұғынғаны ғой. Кешегі тың көтеру кезіндегі, одан кейінгі тоқырау жылдарындағы жердің жаппай жыртылып, тиімсіз пайдаланылғанының зардабы бір күндері алдымыздан шықпасына кім кепіл? Сондықтан, ұлтарақтай жердің де иесі болып, игілікке пайдаланылса, болашақ ұрпақ алдында қарыздар болмас едік.

Рас, өткеннен ащы сабақ алынып, соңғы жылдары жерді түгендеу жұмыс­тарына көңіл бөліне бастады. Мұндай шаруалар біздің облыста да жүргізілуде. Облыстық жер қатынастары басқармасының деректеріне сүйенсек, осы жұмыс басталған 2011 жылдан бергі үш жылда пайдаланылмай жатқаны анықталған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жалпы алаңы 1165,0 мың гектар 1401 жер телімінің жалпы алаңы 912,8 мың гектар болатын 1145 жер телімі мемлекеттік меншікке қайтарылған екен. Облыс әкімінің өкімімен өткен жылы ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмайтын жерлерді айналымға қосуға байланысты мәселелерді үйлестіру кеңесі құрылып, жұмыс істей бастаған. Өткен жылы «НПЦзем» РМК Ақтөбе филиалы Әйтеке би, Қобда, Ойыл және Ырғыз аудандарында жерді түгендеу және ауыл шаруашылығы айналымына қосу бойынша жұмыстар жүргізіп, өз мақсатында кәдеге жаратылмаған 270,0 мың гектар егістік, 78,8 мың гектар бос жатқан және 2224,6 мың гектар жайылымды анықтаған. Жұмыс жоспарына сәйкес биыл облыстың бес ауданында және Ақтөбе қаласында жалпы алаңы 2806,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жерін түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта шаруашылықтар тізімін, кадастрлық нөмірлерін және жер телімдерінің топыра­ғына сипаттамаларды нақтылау бойынша дайындық жұмыстары орындалған. Біз, әрине, атқарылған жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз. Басқарма қолдан келгенді өзінің құзыры шегінде орындап жатқанын бек түсінеміз. Біздің айтпағымыз, осы эрозияға ұшыраған алқаптарды қалпына келтірумен айналысатын арнайы құрылым құру қажет емес пе деген ой. Неге десеңіз, бос қалған, иесіз жерлерді анықтап, мемлекет меншігіне өткізумен іс бітпесе керек. Кешегі айтақырға айналған жерлерге көп жылдық екпе шөп егіп, айналымға қоссақ, бүгін өзекті болып отырған шалғай жайылымдық қой шаруашылығын, мал шаруашылығын дамытуға көп септігі тимей ме? Ауылдарға жақын жерлердегі егістік алқаптарды осылай айналымға қосу арқылы оларда мал өсірудің мүмкіндігі туар еді. Себебі, қазір жастар қиян шетке барып, мал бағудан қашады. Жақын маңда болса баруы мүмкін деген ой ғой біздікі.

Жерді тиімді пайдалануды, жер заңды­лықтарының сақталуын бақылау бағытында Ақтөбе облысы бойынша аумақтық жер инспекциясының бірқатар жұмыстар жүр­гіз­гені аңғарылады. Үстіміздегі жылдың жеті айында жалпы алаңы 532079 гектар болатын 774 жер теліміне тексеру жұмыс­­тары жүргізілді. Оның 75-і жос­парлы, 532-сі жоспардан тыс тексерулер болып табыла­ды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 38 тексеруге көп деген сөз. Осы тексерулер барысында 230 жер заңдылығын бұзушылық анықталып, 142-сіне 17605 мың теңге айыппұл салынып, әкімшілік ықпал ету шарасы алынған. Мұның өзі өткен жылға қарағанда 6325553 теңгеге көп. Жиырма төрт жер пайдаланушы субъектіге бір жыл ішінде кемшілікті түзеуге жазбаша естерту жасалған. Жүр­гі­зілген талдау көрсеткеніндей, жер заңды­лығын бұзушылықтың анағұрлым кең тараған түрі жерге мемлекеттік мен­шік құқын бұзушылық пен жерді өз мақ­са­тында пайдаланбаушылық болып отыр. Осы кезеңде тексерілген он табиғат пайда­ла­нушының іс-әрекетінен 22 жер заңдылығын бұзушылық анықталған. Оларға қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары алынып, 7548294 теңге айыппұл салынған. Жер пай­дала­нушы 16 субъектіге ұзақ уақыт бойы оны кәдеге жаратпағаны үшін жазбаша ес­кертілген.

Үстіміздегі жылғы жеті айда жалпы алаңы 513138 гектар алқабы бар 80 ауыл­ша­руа­шылық құрылымы тексеріліп, 29 субъек­тіге 95949 гектар алқапта жер заңды­лығын бұзғаны үшін 432075 теңге айыппұл салынған. Жұмыс топтары 23911 гектар алқапты тиімсіз пайдаланатын және пайдаланбайтындарға қатысты 22 материалды инспекцияға жолдаған. Жоспар бойынша жалпы алаңы 475669 гектар алқапқа 46 жер иеленуші тексеріліп, 12 заң бұзушылық анықталған. Оларға әкімшілік ескерту жасалып, бір жыл мерзім өткен соң жерлерінің мәжбүрлеп қайтарылып алынуы мүмкін екендігі ескертілген. Ауылшаруашылық мақсаты үшін ұсынылған жерлер бойынша инспекцияның бір жыл бұрын берген талабының орындалуына 15 бақылау тексеруі жүргізілді. Онда алаңы 7221 гектар 6 жер заңдылығы бұзылғандығы көрсетілген-ді. Осы кезге дейін көлемі 18098 гектар болатын 8 жер телімдерін Жер кодексінің 94-бабына сәйкес мемлекет меншігіне алу үшін сот органдарына берілген. Үш жер телімі сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылса, қалғандары сотта қаралуда. Бұл бағыттағы тексеру жұмыстары жалғасуда.

Ақтөбе қаласы маңындағы жерлердің тиімді пайдаланылуына да көңіл бөліне бастады. Әйтпесе, иесіз қалған бау-бақ­ша ұжымдарындағы жер телімдері бере­кесіздікке ұшырай бастады. Кейбіреулері өз мақсатына пайдаланылмады. Тіпті, мұнда заңсыз тұрғын үй салушылық етек алды. Қалада жер түгендеу жұмыстары басталғаннан бергі екі жыл ішінде жалпы көлемі 3 мың гектар жер қала қорына қайтарылды. 13 бау-бақша ұжымындағы 1415 жер телімі тексеріліп, тастап кеткен 452 жер телімі анықталған. Қазір қалада жалпы алаңы 2619 гектар болатын 31893 жер телімі бар. Олар 394 бау-бақша ұжымына біріккен.Түгендеу бес селолық округтегі 163 шаруа қожалығын да қамтыған. Оларға 61491 гектар жер бекітілген. 2011 жылы 2314 гектар болатын 19 жер телімі қаланың жер қорына қайтарылса, өткен жылы 1248 гектар қала меншігіне өтті. 15 жер телімі бойынша материал жер пайдаланушыларға әкімшілік шара қолдану үшін аумақтық жер инспекциясына жолданған.

Байлықтың бағасын білсең ғана, бағың жанады. Шүкір, еліміз жерге де, кенге де бай. Әзірге біз жердің астындағы табиғи байлықтардың игілігін көрудеміз. Табиғи байлық та шексіз емес. Олардың да таусылар кезі келері сөзсіз. Жердің үстін тиімді пайдалануды ойластыратын кез жетті. Ол үшін даңғайыр даламыздың тусырап жатпай, игілікке қызмет етуіне жетуіміз керек. Жақында бір газеттен мал тұяғы жерді тыңайтады деген пікірге көзім түсті. Сондықтан бос жатқан жерлерді айналымға қосу арқылы мал шаруашылығын дамыту­дың қадамдары жасалып жатса, жер кә­деге асып, экономикамыздың дамуына сер­пін берері сөзсіз. Жалпы, жердің киесі бар десек, иесіздікке ұшыратпауымыз ке­рек. Оның қандай да мүмкін болған жол­дарын табатындай еліміздің ғылыми әлеу­еті жеткілікті. Бұл бағытта кешенді жұмыс­тарды қолға алса, жұтаңдау деген жердің өзінен қайтарым алуға әбден болады. Оның үлгісі әлемде жетерлік, оған мысал келтіріп тәптіштеп жатудың да қажеті болмас. Яғни, ақылмен іс қылып, жерді игілікке пайдаланатын кез бұл.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.