Медицина • 26 Маусым, 2020

Жедел жәрдемнің жүгі ауырлады

165 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде коронавирус індетіне байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Шараға Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова қатысты.

Жедел жәрдемнің жүгі ауырлады

Жиын барысында Сәуле Қисықова күніне коронавирус инфекциясы және пневмония­мен 350-400-ге жуық адам ауруханаға жатқызылатынын жеткізді.

«Жұқпалы аурулар және прови­зор­лық ауруханаларда адамдардың саны бүгінде 2,5 мыңға дейін өсіп отыр. Оның 91 пайызы – орташа ауыр, 9 пайызы – ауыр және өте ауыр жағдайда. Олар жедел реани­мация бөлі­міне бірден түседі. Негізі, соңғы аптамен салыстырғанда, нау­қастардың саны үш есеге дейін өсті. Осы тәулікте реанимация бөлі­мінде 103 адам жатыр, оның 55-і корона­ви­рус инфекциясы болса, соның ішінде 22 адам жасанды тыныс алу ап­па­ра­ты­на қосылған. Өкінішке қарай, бүгінде 38 өлім жағдайы тіркелді. Олардың 70 пайызы – 60 жастан ас­қан адамдар. Пневмониямен ауыратын науқастардың саны тәулігіне 600 жағдайға дейін өсті. Бұрын 80 жағдайға дейін болатын. Аптасына 8,5 есеге дейін жоғарылауы байқалып отыр. 12 маусымнан бастап Нұр-Сұл­тан қаласындағы медициналық ұйымдардың төсек-орын қорын қайта құруға байланысты жұқ­палы және провизорлық ауру­ха­налардағы төсек-орын саны 1351 орынға ұлғайтылды. Тек соңғы үш күнде қосымша 830 төсек-орын дайындалды. Оның ішінде бүгін Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың базасында тағы 200 ин­фек­циялық төсек-орын дайындалады. Сонымен, бүгінде коронавирус инфек­циясымен күресуге 3 135 төсек-орындық 12 денсаулық сақтау ұйымы жұмылдырылды. Қазіргі уақытта жұқпалы және провизорлық ауруханаларда жұмыс жүктемесі 79 па­йызды құрап отыр», деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол елордада жедел жәрдем қызметіне жүктеме артқанын алға тартты.

«Елордада жедел жәрдем қыз­ме­тіне жүктеме артты. Апта­сына тұр­­­ғындардан 28 мың өтініш келіп түс­кен. Соңғы тәу­лік­те бұл көрсеткіш 4,5 мыңға дейін жетті. Қызмет көрсе­тіл­ген шақырулардың саны 18 мыңға жуықтап, кеше 2,8 мың болды. Соның ішін­де аптасына коронавирус індетіне байланысты 4 438 қоңырау шалынды. Кеше 1300 шақырту болды. Же­дел жәрдем базасында аумақтық емхана­лар­дың орта медициналық қыз­­­мет­кер­лерінің байланыс ор­та­­лығы ұйым­дастырылды. Онда күн сайын орта есеп­пен 500-ге дейін қоңырау түседі. Негізінен сұрақтар корона­вирус инфекциясына қатысты. Со­нымен қатар алғашқы меди­ци­налық санитарлық көмек ұйым­дарында, аумақ­тық емхана­лар­да қосымша және жаңа жедел жәрдем топтарын құру туралы шешім қабылданды. Жалпы, жедел жәрдем телефон қоңырауларына қыз­мет көрсету үшін күн сайын шамамен 150-ге жуық жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп жатыр», деді С.Қисықова.

Нұр-Сұлтан қаласы қоғам­дық ден­­саулық сақтау басқар­ма­сының бас­шысының айтуын­­­ша, ересектер мен балаларға жедел медициналық көмек то­лық көлемде жүргізіліп жа­тыр. Оның ішінде жүкті әйел­дер­ге ме­дициналық көмек 360 орын­ға ар­налған екі перинаталды орта­лықта көр­сетіледі. Бұған қоса коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті әйел­дерге 185 орны бар №2 перинаталды орталық негізінде (Covid-орта­лық­та) медициналық көмек көрсетіледі.