ERG баспасөз қызметінің хабарлауынша, індет тараған осы бір қысылтаяң шақта да Eуразиялық топ әлеуметтік саладағы қайырымдылық жобаларын қаржыландыруды жалғастыра береді. Мысалы, компания әлеуметтік қолдау бастамасы арқылы ерекше ойын алаңын салуға 8 млн теңге жұмсады. Дәстүрлі Инноваторлар форумының бағдарламасындағы «Әлеуметтік жобалар» байқауында компания қызметкерлері өздері тұрып жатқан қаланың, қалаға қарасты ауылдық аумақтың әлеуметтік мәселелеріне арналған жобаларын ұсынады. Байқау шарты бойынша «Үздік» және «Ерекше» деп бағаланған жобалар ғана жүзеге асырылады.
– Біз тұратын тұрғын үй кешенінің ауласы кең. Әр пәтерден шығатын кішкентай балалар да көп. Бірақ өкінішке қарай, ауладағы балалардың ойын алаңы әбден тозған еді. Әткеншектері сынған, сырғанақты тот басып, тіпті орындықтар да қалмаған. Міне, осы мәселе ата-аналарды алаңдатып, көптің көңілінде жүретін, – дейді зауыт қызметкері Жан Азанбаев.
Жан бастаған тұрғындар ойлана келе осы жобаны қолға алды. Аула балалардың жас ерекшеліктеріне сай арнайы аумақтарға бөлінді. Сәтін салып, жоба байқауда «Үздік» әрі «Ерекше» аталымында жеңімпаз атанды. Бүгінде бұл жоба іске қосылып, жарқырап, жайнап тұр. Балалардың да, ата-аналардың да қуанышында шек жоқ. Ерекше алаң балалардың күлкісіне толып, алаңсыз ойнауларына өте ыңғайлы болды.
– Тіпті бормен сурет салуға арналған стенд, стритбол алаңы, бүлдіршіндерге арналған музыкалық стенд пен воркаут-кешені де бар, – дейді Ж.Азанбаев.
Тағы бір ерекшелігі, бұл отбасылық алаңға айналды: балалармен қатар ересектердің де спортпен айналысатын тренажерлер жиынтығы орнатылды. Аумақ абаттандырылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері, бейнебақылау жүйесі қойылды. Иә, алып кәсіпорындар өңір тұрғындары алдындағы әлеуметтік жауапкершілігін төтенше жағдай кезіндегі қиындықтарға қарамастан орындауда. Биыл ERG мен әкімдік арасында топтың «Туған жері» саналатын өңірлерге жалпы құны 6,8 млрд теңгеден асатын әлеуметтік маңызды жобаларды бірлесе жүзеге асыру туралы меморандумдар жасалған. 2001-2019 жылдар аралығында Еуразиялық топ құйған әлеуметтік инвестициялардың жалпы көлемі 272,5 млрд теңгеден асқан. Сонымен бірге республикалық «Біз біргеміз» қорына 4,6 млрд теңге, Түркістан облысы Мақтаарал ауданында апаттан зардап шеккендерге 2 млрд теңге көлемінде жәрдем берген.
Павлодар облысы,
Ақсу қаласы