Экономика • 26 Маусым, 2020

Ұшақ қатынасы қайта жанданды

639 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Соңғы жылдары елімізде шекаралық аймақ тұрғындарына мемлекет тарапынан көңіл бөліне бастағаны белгілі. Осының бір дәлелі ретінде Алматы облысында Нарынқол ауданының қайта құрылғанын айтуға болады.

Ұшақ қатынасы қайта жанданды

Ал Шығыс Қазақстанда әзірге жеке аудан ашылмаса да, шекарада орналасқан елді мекендердің инфрақұрылымын нығайту жұмыстары қолға алынып жатқаны қуантады. Жақында газетімізде шекара шебіндегі Тарбағатай ауданының Ақжар және Ақсуат ауылдарында мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында жеке үйлер салына бастағанын жазған болатынбыз. Енді міне, шекара аймағында орын тепкен тағы бір аудан Зайсанда 30 жылдан кейін Алматыға баратын ұшақ қатынасы қайта жанданып, жергілікті тұрғындардың төбесін көкке жеткізгендей болды. Иә, Зайсан тұрғындарының Алатау баурайына ұшақпен ұшпағандарына 30 жылға жетіп жығылыпты. 1 мау­сымнан бастап зайсандықтар ұшақпен әуелі Үржарға жетіп, әрі қарай Алматыға ұшып жатыр. «Тасымалдаушы – «Оңтүстік аспаны» әуе компаниясы. Ұшақ аптасына үш рет – дүйсенбі, бейсенбі, сенбі күндері ұшады. Өскеменнен күндізгі сағат 11-де шыққан ұшақ 12-де Зайсанға келеді. 12:40-та Үржарға бағыт алып, 13:30-да сонда болады. «Зайсан – Үржар» бағытындағы ұшақ құны – 11 250 мен 16 250 теңге аралығында. Бұл енді билетті алған күніне байланысты. Ал Үржардан Алматыға дейінгі билет бағасы – 14 мың. 15 жасқа дейінгі балаларға 7 мың, екі жасқа дейінгі сәбилерге тегін. Бұл бағыт облыс тарапынан субсидияланған. Сонда Зайсан тұрғындары 25-30 мың теңгеге Алматыға жетіп алады» дейді Зайсан қаласындағы әуежай директоры Ермек Тұрсынов.

Осы жерде ескерте кетер бір дүние, Зайсан қаласы мен Өскемен арасында ұшақ қатынасы бұрыннан бар. Бұл бағытқа да облыстық бюджеттен субсидия беріледі. Біздің сүйіншілей айтып отырғанымыз – 30 жылдан кейін іске қосылған «Зайсан – Үржар – Алматы» бағытындағы ұшақ.

Осы бағыттың ашылғаны Ала­көлге демалуға баратын жұртшылықты да ерекше қуан­тып отыр. «Аудан тұрғындары бү­гінге дейін Алакөлге кісі басы автобусқа 7-8 мың, таксиге 10 мың теңге төлеп, айналма жол­мен шаршап-шалдығып зорға жететін еді. Сондықтан да көпшілік Алакөлге баруға ынталы болғанымен жолдың азабынан демалысқа барудан бас тартатын. Міне, енді айдынды Алакөлге небәрі екі-үш сағатта ұшақпен еш шаршамай-ақ жетуге болады. Ал Зайсан тұрғындары Алматыға автобус­пен тәулік бойы жүріп, жол азабын әбден тартып еді. Енді үш-төрт сағатта Алматыға барады. Аудан тұрғындары осы игі істі қолға алған облыс әкімі Даниал Ахметов пен аудан әкімі Серік Зайнулдинге дән риза», дейді Зайсан қаласының тұрғыны, қоғам белсендісі Еркебұлан Зағыпаров.

 

Шығыс Қазақстан облысы