«Бұл кезең еліміз үшін оңай болған жоқ. Бүкіл әлеммен бірге біз де жаңа сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Осындай сәтте Президентіміздің басшылығымен ел экономикасын қалпына келтіруге, халықтың әл-ауқатын түзетуге бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Сол бастамаларды және еліміздің стратегиялық саясатын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Сенаты да өзінің салмақты үлесін қосты», – деп атап өтті Мәулен Әшімбаев.
Сенат Төрағасы Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асырудағы нәтижелі жұмысы үшін депутаттарға алғысын білдірді.
Сенат отырысында Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынымы бойынша Н.Рахметуллина мен А.Төкиев Жоғарғы соттың судьясы қызметіне сайланды. Жаңадан сайланған судьялар ант берді.
Одан бөлек, Палата «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске (Салық кодексі) және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексін (Салық кодексі) қолданысқа енгізу туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Бұл заң бұдан былай экономикалық өсуді қалпына келтіруге ықпал ететін болады. Түзетулер мемлекеттің кәсіпкерлік субъектілеріне және халыққа қолдау көрсетуіне мүмкіндік береді әрі бұл азаматтардың іскерлік белсенділігі мен әл-ауқатына оң әсер етеді.
Сенат депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне шетел валютасындағы ипотекалық қарыздар, көрсетілетін төлем қызметтері нарығының субъектілерін реттеуді жетілдіру, жалпыға бірдей декларациялау және экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қабылдады. Өзгерістер 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін берілген шетел валютасындағы ипотекалық қарыздарды конвертациялау жұмыстарын аяқтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл құжат ақшаны жылыстату қаупін азайту, капиталды елден шығару және «көлеңкелі экономикаға» қарсы іс-қимыл мақсатында төлем жүйелерімен қоса банктік емес ұйымдардың қызметіне қатысты мәселелерді тиімді реттейді.
Сессияның қорытынды отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне аудиторлық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да қабылдады. Заң халықаралық тәжірибелерді ескере отырып осы саладағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сапаны бақылау және аудиторларға аттестаттау жүргізу жөніндегі ашық талаптарды белгілеу арқылы сапаны арттыру мақсатында әзірленген болатын.
Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң да бекітілді. Құжат бірқатар елеулі өзгерістерді, оның ішінде «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасын қолдану аясын кеңінен таратуды, конкурстық үдерістерді оңтайландыруды көздейді.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауылдық елді мекендерде интернеттің қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды да мақұлдады. Құжат антенна-діңгек құрылыстары немесе ұялы және спутниктік байланыс жабдықтары үшін тірек салуға жер учаскелерін берудің оңайлатылған тәртібін қарастырады. Ол операторлар қызметінің тиімділігін арттырады және ауылдық жерлерде жылдам интернетті пайдалануға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар отырыста Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ойын бизнесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қабылдады. Бұл заң бойынша букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың қызметін бақылау тетіктері жетілдіріледі.
Депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуді көздейді.