10 Қазан, 2013

аль-Гамди деген араб қызын зорлап, өлтіргені үшін 8 жыл алды

351 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

09-10-13-fayhan al-hamdi-1

аль-Гамди деген араб қызын зорлап, өлтіргені үшін 8 жыл алды

Сауд Арабиясында 8 қазан күні өткен сот процесі өзінің 5 жасар қызын зорлап, артынан өлтіріп тастаған Файхана аль-Гамди деген азғынға 800 мәрте дүре соғып, 8 жылға түрмеге отыру жазасын белгіледі. Бұл туралы «Комсомольская правда» газеті хабарлады.

Бұған қоса, адамдықтан безген айуан бұрынғы әйеліне қызының өтемақысы ретінде 1 млн. сауд риалын (270 мың долларға жауық) төлейді. Шариаттың заңы бойынша, ол бұл ақшаны бұрынғы жұбайының бұған өлім жазасы берілуін үзілді-кесілді талап етпеуіне айырбас ретінде беруі керек екен. Ал басында әйел одан 10 млн. риал талап еткен көрінеді.

«Сот сондай-ақ Гамдидің екінші әйелін де осы қылмысты көріп-біле тұра құқық қорғау органдарына хабарламағаны үшін жазалап отыр. Оған сондықтан қылмысқа қатысушы ретінде айып тағылып,10 ай түрмеде отыру мен 150 дүре қабылдау жазасы белгіленді», - деп жазды France-Presse газеті.

Хабарланғандай, Гамдидің 5 жасар қызы 2011 жылдың желтоқсанында денесіне түскен көптеген жарақатымен ауруханаға жатқызылған. Сол күйі айыға алмаған нәресте бірнеше айдан кейін қайтыс болған. Сәби бірнеше рет зорлыққа ұшырап, аяусыз өлтірілген. Оның қабырғасы мен сол қолы сынып кетіпті. Бас сүйегі быт-шыт болған. Денесінен көптеген соққы мен күйіктің ізі көрінген. Әкесі мұны қызының қыздық белгісін жоғалтып алғанына күдіктенгеннен жасағанын айтқан.

Бұл қылмыс Сауд Арабиясымен бірқатар шет елдерде үлкен қозғалыс пен толқу туғызды. Себебі, қаңтар айында бұл азғынға көп мөлшерде төлемақы төлетіп алып, өзін түрмеден босатады немесе аз мөлшерде жыл кеседі, деген әңгіме тарап кетіпті.

Негізі, Сауд Арабиясында зорлау мен адам өлтіруге тек қана өлім жазасы кесіледі. Алайда, бұл заң қыз-келіншектердің күйеулері мен әкелеріне қолданылмайды. Ер кісі өзінің жеке әйелі мен қыздарына қатысты мұндай сипаттағы қылмыс жасағаны үшін 5 жылдан 12 жылға дейін ғана түрмеге отырады.

Сұлтан Бозайғыр.