Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара су қоймасы түбінен ежелгі қаланың орны табылды. Бұл туралы Otyrar.kz хабарлады.
Ғалымдар осы ежелгі қаланың орнын Қаңлы мемлекеті дәуірлеген кезеңге жатқызып отыр. Ал 1958-1963 жылдар аралығында Ресей сарапшылары осы төңірекке зерттеу жұмысын жүргізген екен. Өкінішке орай, Шардара су қоймасының салынуы себепті басталған іс аяқталмай қалған көрінеді. «Мәскеуден, Алматыдан келген археологтардың пікірінше, бұл өңір көне түркі тайпаларының мекеніне жатады. Енді тарихи жәдігерлерді сақтап қалудың қамын жасауымыз қажет. Бұл іс жақын арада қолға алынады деген сенімдемін», - дейді Шардара аудандық өлкетану мұражайының меңгерушісі Нұрлан Смайлов.
Нұрлан Смайловтың алаңдауының жөні бар. Бұл жерде қазір жатқан бағалы қолөнер бұйымдарын Шардара су қоймасынан көтерілген су шайып кетуі мүмкін. Бастысы, ғалымдар ежелгі қала төңірегіндегі тұжырымдарды әбден сараптаудан өткізіп, оны сақтап қалудың жолдарын қарастыруы қажет.
Данияр Түймебай.