Аймақтар • 26 Маусым, 2020

Павлодарда 3250 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берген

518 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Университет қабырғасында павлодарлық түлектердің 9 легі тестілеуге қатысады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда 3250 түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берген

Toraighyrov University баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ережеге сәйкес, қатысушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігі қатаң бақыланып, университет базасында түлектер 2 шілдеге дейін ҰБТ тапсырады.

"Бүгін емтиханды 251 түлек тапсыруда. Тапсыру пункті талапкерлерді қабылдауға толық дайын. Мемлекеттік комиссияның, құқық қорғау органдарының, ТЖ және медициналық көмек бригадалары ұйымдастырылды. Дезинфекциялық түнел, санитайзерлер, өңдеу құралдары, бетперделер және қолғаптар дайындалды. Аудиторияларда бактерицидті құралдар мен ауа рециркуляторлары орнатылған", - деді баспасөз қызметінде.

Ата-аналарға, мұғалімдерге және басқа да үшінші тұлғаларға университет аумағына кіруге тыйым салынғандықтан ent-online.kz сайтында тапсыру барысын бақылауға болады.

Еске салайық, биыл Павлодар облысында мектеп түлектерінің саны 3772 адамды құрайды. Оның 86,2 пайызы, яғни 3250 түлек ҰБТ-ға қатысуға өтініш берді. Биыл алғаш рет тестілеуге кірер алдында тұлғаларды түріне қарап танитын Face ID технологиясы қолданылуда.

Осы уақытқа дейін облысымызда 17 тест тапсырушыдан тыйым салынған зат табылып, олардың нәтижелері жойылды. Енді олар 1 жыл бойы ЖОО-ға түсе алмайды. Сондай-ақ аудиториялардағы бейнежазбалар 25 тамызға дейін қайта қаралып, тыйым салынған заттарды пайдаланған түлектер анықталса, олардың да нәтижелері жойылады.

Сонымен қатар, биыл эпидемиологиялық жағдайға байланысты ҰБТ-ға дайындық қашықтықтан жүргізілді. ҰБТ сұрақтарынан 11-сыныптың 4-тоқсанындағы тақырыптардың сұрақтары алынып тасталды.

Айта кетейік, биыл ҰБТ тапсырғандарға электронды сертификат беріледі.