fool.com.au
Johns Hopkins университетінің мәліметіне сай әлем бойынша вирус жұқтырғандар саны 10 миллионнан асады. Бір күннің ішінде науқастар саны миллионға артқан. Вирус жұқтырғандар саны бойынша АҚШ алдыңғы қатарда. Елде 2 596 537 адам тіркелген. Одан кейін Бразилияда 1 315 941 адам коронавирус жұқтырғаны белгілі. Үштікте көршілес Ресей де бар. Онда 627 мыңнан астам адамның вирус жұқтырғаны хабарланды.
Бұған дейін жағдай ушығып жатыр деген Италия үкіметі соңғы күндері өлім санының азайғанын хабарлады.
Вирустың ошағы Қытайда да жағдай орныққандай. 11 маусымнан бері науқастар саны 311-ге артқан. Осылайша, мемлекетте барлығы 83 500 вирус жұқтырған адам тіркелген.
Бразилия үкіметі Оксфорд университетімен вакцина дайындауға келісім жасасқан. Бұл туралы елдің Денсаулық сақтау министрлігі сенбідегі конференцияда мәлімдеді. Үкімет вакцина әзірлеуге атсалысатын британдық AstraZeneca компаниясына 127 миллион АҚШ долларын беретінін хабарлады. Олардың жоспары бойынша, желтоқсан-қаңтар айларына дейін 30,4 млн доза дайын болуы керек. Вакцина дайын әрі тиімді болған жағдайда, көп ұзамай шаралар қолдануға бекінген.
Бұған дейін Британия үкіметінің вакцина сынамасын бастағаны хабарланған еді. Мамырда 10 000 адамға вакцина салынып, нәтижесі әлі күтілуде. Вакцина салынғандар арасында балалар мен қарттар да бар.
Ал көш бастап тұрған АҚШ-та Аризона, Флорида, Невада штаттарында жағдай тым қиын. Оңтүстік пен батыстағы штаттарда карантиннің ерте алынып тасталуы қазіргідей жағдайға алып келіп, вирустың мемлекет бойынша таралуына салдарын тигізді. Өткен жұмада науқастар саны рекордтық деңгейде өсті. Инфекциялық аурулар бойынша сарапшы Антони Фауци мемлекеттің шаралары нәтиже көрсетпей жатқанын айтып дабыл қағуда. Ол симптомсыз тасымалдаушылардың да жағдайдың ушығуына себепкер екенін айтады.
Нью-Йорк, Нью-Джерси мен Коннектикут штаттары Техас, Флорида сияқты вирус өршіп тұрған аймақтардан келетін азаматтарға шекарасын жапты. Өйткені шекарадан өтпек болған азаматтардың 13 пайызы коронавирус тестінен оң нәтиже көрсеткен. Сонымен қатар үкімет соңғы кезде бұрынғы өмір салтына қайта оралған жастардан қауіп көп екенін айтады.
Ал 310 мың науқас тіркелген Ұлыбританияда Еуропаға саяхаттауды жоспарлап қойған туристер қарасы көп екен. Елдің туристік агенттіктері биыл Еуропаға барамын деушілердің саны артқанын және олардың пандемияға қарамастан сапарға аттануға дайын екенін айтады. Британия үкіметі 6 шілдеде халықаралық әуе қатынастарына рұқсат беретінін мәлімдеген еді. Британия туроператорлар қауымдастығының өкілі Шон Типтон үкіметтің бұл шешімді тым созып жібергенін жеткізді. Жұма күні кешке саяхаттауға болатын мемлекеттер тізімі жарияланды. Оның қатарында АҚШ пен Грузия бар, ТМД елдері кірмеген. Сонымен қатар Англия премьер-лигасындағы «Ливерпуль» командасының жеңісін тойлауға мыңдаған халықтың көшеге шыққаны белгілі. Билік олардың әлеуметтік қашықтықты, қорғану шараларын сақтамағанын айтады.
Үндістан да вирус тез тарап жатқан елдердің бірі. Онда 530 мыңға жуық науқас тіркелген. Елдегі дәрігерлер вирустың әлі де өрши түсетінін, шілденің соңына қарай науқастардың миллионға жететінін айтады. Бір ғана Нью-Дели қаласында 500 мыңға жуық науқас тіркеледі деп күтілуде. Ауруханаларда орын болмауынан, елдегі қонақүйлер де науқастар қабылдауға мәжбүр. Сонымен қатар кейбір жерлерде коронавирус тестінің нәтижесі қате беріліп, елдегі науқастардың нақты саны жасырылып отыр деген күдік бар. Үндістанның денсаулық сақтау бойынша белгілі сарапшысы Анант Бан «Бір қуанары, елде өлім саны аз. Дегенмен вирустың таралуы дәл осылай жалғаса берсе, үкімет қатаң карантин енгізіп, адамдардың үйден шығуына тыйым салады. Алдағы айларда вирустың бірнеше толқыны күтілуде», дейді.
Мамырдың басында өткен Еурокомиссияның онлайн саммитінде мүше мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың вакцина әзірлеуге 7,4 млрд еуро аударғаны мәлім. Сенбіде тағы бір жаһандық қайырымдылық шарасы өтіп, қаражат жиналды. Оған танымал жұлдыздар атсалысты. Әзірге жоғарыда айтылған британдық AstraZeneca-дан басқа үміт жоқ. Вакцина табылған жағдайда да қай елдің бірінші болып алары беймәлім. Сондықтан одаққа мүше мемлекеттер өздері де қамдануда. Мәселен, Германия үкіметі отандық фармацевтикалық компанияға жеке тапсырма беріп, 10 күн бұрын сынақты бастап кетті. Қытай мен АҚШ та бұл бәсекеде белсенді. Дегенмен сарапшылар вирусқа қарсы емнің жақын арада табылатынына күмәнді.
EY халықаралық консалтинг компаниясының сарапшысы Александер Нукейн мемлекеттердің бірнеше нұсқаны қатар қарауы мен жеке қамдануы қалыпты деп ойлайды. Өйткені вакцина табылған жағдайда мұның қыруар қаржы алып келері сөзсіз. «Бұл тартыста кімнің алда келе жатқаны әлі де белгісіз. Тіпті СПИД сияқты вакцина табылмай қалуы да ғажап емес. Алайда компаниялар алғашқы болып сынама бастап, оң нәтиже алу үшін барын салуда», дейді.