Жұқпалы дертті алғашқы карантиндік шаралар аяқталған кезде шекараның ашылуымен Ресейден жерлестеріміз әкелген болса, қазір республиканың ішіндегі қозғалыстардың нәтижесінде де көбейіп жатыр. Аурудың таралу ошақтары халық көп жиналатын жерлерде.
Қазіргі кезеңнің ерекшелігі, аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде де ауру өршіп тұр. Алғашқы кезеңде мұндай жағдай мүлде байқалмаған еді. Соның кесірінен Айыртау, Ақжар, Ш.Уәлиханов, Ғ.Мүсірепов және Тайынша аудандары толығымен карантинге жабылып, блок-бекеттер қойылды. Шал ақын ауданындағы Жаңажол мен М.Жұмабаев ауданындағы Таман ауылдары да карантинге жабылды. Қазір облыстағы сырқатқа ұшырағандар саны 700-ден асты және бұл тоқтаусыз өсуде.
Солтүстік Қазақстан облысының тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің бастығы, бас санитарлық дәрігер Серікбай Қасмақасов пен Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин облыс пен қаладағы індетке қарсы күрес туралы баяндады. С.Қасмақасов демалыс күндері қаладағы барлық супер және гипермаркеттер жабылатынын ескертті. «Халықтың жұмыс пен дәріханаға және үйінің маңындағы азық-түлік дүкендеріне ғана баруына рұқсат етіледі. Барлық сауда ойын-сауық орындары, діни мекемелер, демалыс парктері, жағажайлар, бизнес орталықтары, базарлар, қоғамдық моншалар мен сауналар жабылады, қоғамдық көліктің жүруі тоқтатылады. Пәтер иелері кооперативтерінің басшыларына осы күндері аулаларды, балалар ойнайтын алаңдарды, автотұрақтарды дезинфекциялау ұсынылады», деді ол. Сонымен бірге адамдардың бір-бірінен қашық болуы, қолдарын үнемі жуып отыруы, ыстықтарын жиі өлшеп тұруы сұралатынын жеткізді. «Осы шектеулерді қатты сақтағанда ғана біз дертті құрықтай алатын боламыз. Сондықтан біздің талаптарымызға түсіністікпен қараңыздар», деді С.Қасмақасов.
Қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин осы талаптарды орындамаған заңды тұлғалар мен жеке тұлғаларға айыппұл салынатынын жеткізді. Қазірдің өзінде 16 материал жиналып, іс сотқа өткізуге дайындалуда деді ол. «Жаттығу залдарына жасырынып барғысы келетін адамдарға, отбасылық шараларды есіктерін жауып алып өткізгісі келетін дәмханалар мен мейрамханаларға да айыппұл салынатынын ескертемін. Қазірдің өзінде 4 мейрамхананың жұмысы тоқтатылып, лицензиясын қайтарып алдық. Осының бәрі халықтың денсаулығын сақтау үшін жасалып жатқан қатаң шаралар, сондықтан ондайларға тұрғындар түсіністікпен қарауы керек», деді А.Хабибулин.
Сонымен бірге дертті тарату ошақтары ХҚКО мен балабақшалардан шыққаны да белгілі болған. Сондықтан ХҚКО онлайн режімде жұмыс істеуге көшірілген. Қаланың төрт балабақшасы карантинге жабылған. Бір дүкен, бір сұлулық салонына айыппұл салынған.
Солтүстік Қазақстан облысы