Үкімет • 29 Маусым, 2020

Әлеуметтік көмектен қағыс қалмайды

997 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Орталық коммуникациялар қызметінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов онлайн-режімде халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Жиын барысында ведомство басшысы әртүрлі әлеуметтік саладағы атқарылған ауқымды шараларға тоқталды.

Әлеуметтік көмектен қағыс қалмайды

Министр мемлекет халыққа зейнетақы мен жәрдемақы түріндегі әлеуметтік төлемдердің 39 түріне кепілдік беретінін және жұмыс істейтін азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 5 әлеуметтік тәуекел бойынша төлем алатынын алға тартты.

Оның айтуынша, «Міндетті әлеу­меттік сақтандыру туралы» заңды іске асыру шеңберінде 2020 жылғы 1 қаң­тардан бастап Мемлекеттік әлеу­меттік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер мөлшері: еңбек ету қабілетінен айырылған жағдайда – 74,4 мың адам үшін 69%-ға, асыраушысынан айырылған жағдайда – 44,8 мың адам үшін 41%-ға, жұмысынан айырылған жағдайда – 2,5 мың адам үшін 44%-ға ұлғайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 194,2 млрд теңге сомасына 825,2 мың адам төлем алды.

Биыл 1 қаңтардан бастап ынтымақты зейнет­ақылар 7%-ға, базалық зейнет­ақылар 5%-ға ұлғайды. 1 сәуірден бас­тап зей­нет­ақының екі түрі тағы 5%-ға арт­­ты­­рылды. Нәтижесінде, ынтымақты зей­нет­­ақы мөлшері жылдық мәнде –12%-ға, базалық зейнетақы мөлшері – 10%-ға ұлғайды.

Айта кететін тағы бір жайт, респуб­ликалық бюджеттен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауға арналған шығыстар 2019 жылмен салыстырғанда 209,5 млрд теңгеге өсті. 2019 жылы осы мақсаттарға 372 млрд теңге жұмсалса, 2020 жылы балалары бар отбасыларды қолдауға жалпы 581,5 млрд теңге бөлініп отыр.

Сонымен қатар министрлік атаулы әлеуметтік көмек көрсету тетіктерін жетілдіруді жоспарлап отыр екен.

«Бір жарым жылдан аз уақыт ішінде АӘК көрсету тетіктері екі рет жетіл­дірілді. 2019 жылғы 1 сәуірден бастап АӘК тағайындау критерийі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 50%-дан 70%-ға дейін (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін) көтерілді. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделі енгізілді, бұл мыналарды қарас­тырады: 4 және одан да көп баласы бар отбасыларға мемлекеттік жәрдемақы төлеу (әр балаға айына орташа 11 112 тең­геден), АӘК көрсету (балаларды қоса алғанда, отбасының әрбір мүшесіне айы­на орташа 11 117 теңгеден), табысы аз отбасылардың балалары үшін кепіл­дік берілген әлеуметтік топтама ұсыну (1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар үшін азық-түлік және тұрмыстық жиынтық, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар үшін мектеп формасы мен оқуға керек-жарақтар, мектепте тамақтану, жеңілдікпен жол жүру). Сондай-ақ АӘК алушыларға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде өмірлік қиын жағдайдан шығу үшін кең мүмкіндіктер берілді. Нақтырақ айтсақ, тегін оқыту, жұмысқа орналас­тыру, өз ісін ашу үшін қайтарымсыз гранттар мен микрокредиттер беру», деді Б.Нұрымбетов.

Бұған қоса, ол мүгедектігі бар адам­дарға қолдау көрсету – министрлік жұмысының ең басты басымдықтарының бірі. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды әлеуметтік қолдауды күшейту және оларды қоғам өміріне тарту мақсатында 19 нормативтік-құқықтық актіге өзгерістер енгізілген, деді.