09 Сәуір, 2010

Экономикалық даму және сауда министрі Жанар АЙТЖАНОВА: КЕДЕН ОДАҒЫНАН КЕДЕРГІ КЕЛМЕЙДІ

780 рет
көрсетілді
30 мин
оқу үшін
Бұл сұхбатқа “Толғандырар тақырып” айдары қойылды. Дәл қазір қоғамды толғандырып тұрған тақырыптардың арасында Қазақстанның Ресеймен, Беларусьпен биылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағына біріккені алдыңғы қатарда тұр деп айта аламыз. Біз қалың жұртшылықты толғандыратын осы мәселе төңірегінде Қазақстан Республикасының Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжановаға жолығып, әңгімелесуді жөн көрдік. – Құрметті Жанар Сейдахметқызы! Жа­ңадан құрылған Кеден одағына бай­ланысты жақында Алматыда үлкен жиын өткіздіңіздер. Кеден одағының қыр-сырын қолмен қойғандай көрсетіп бердіңіздер. Ол жайында біз көлемді есеп (24.03.2010) жарияладық. Жұрттың ықыласы жақсы. Газет сайтына “Осындай кеңес өткіз­ген­дері дұрыс болған екен” деп үн қосып жат­қандар бар. Сіз мұндай одақтың қа­жеттілігін немен түсіндірер едіңіз? – Ең алдымен Кеден одағының құ­ры­луы Қазақстан Президенті Н.Ә.Назар­баев­тың Еуразия кеңістігіндегі эконо­ми­калық ықпалдастық идеясының нақты жү­зеге асуы екендігін айту шарт. 1994 жылы Елбасымыз Мәскеуде Еуропа Ода­ғына ұқсас экономикалық байланыстар жөнінде айтқанда талай адам таңданған. Сонда көтерілген бастамалардың көп­шілігі қазірдің өзінде өмірден өз орнын тауып үлгерді. ЕурАзЭҚ құрылды. Енді міне кезек Кеден одағына келді. Жалпы, бүгінде әлемде экономи­ка­лық ықпалдастықтың негізгі төрт сатысы бар. Олар мыналар: бірінші сатысы – еркін сауда аймағы, екінші сатысы – кеден одағы, үшінші сатысы – бірыңғай экономикалық кеңістік, төртінші сатысы – экономикалық одақ. Еркін сауда ай­ма­ғына мысал ретінде ТМД-ны айтуға бо­лады. Кеден одағы деп үшінші бір елдерден әкелінетін тауарларға қатысты бірыңғай кеден тарифі, ал жалпы айт­қан­да бірыңғай сауда саясаты қолданы­ла­тын екі немесе одан көп елдің ортақ кеден аумағы аталатыны белгілі. Яғни, кеден одағы дегеніміз одаққа мүше ел­дердің арасындағы еркін сауда айма­ғы­мен бірге осы елдердің тарапынан үшінші елдерге қолданылатын бірыңғай сауда саясатының комбинациясы болып табылады. Қазір әлемде 12 кеден одағы Дүниежүзілік сауда ұйымы аясында жұ­мыс істеп жатыр. Егер, кейбір азамат­тары­мыздың айтып жүргеніндей, кеден одақтары тәуелсіздікке, егемендікке нұқ­сан келтіретін, тіпті қатер төндіретін бол­са, онда олар мұндай одақтарға неге бірі­ге­ді? Мұндай одақтардың негізгі міндеті одаққа мүше елдер арасындағы еркін саудаға және үшінші елдермен сауда саясатын тең деңгейде жүргізуге қолайлы жағдай жасау. Жалпы, қандай елде де сауат­ты сауда саясаты ең алдымен эко­номиканың бәсекеге қабілеттілігіне қол­дау көрсетуден танылуға тиіс. Кеден ода­ғы сондай саясат жүргізуге мүмкіндік бе­реді. Қазірдің өзінде Кеден одағының сырт­қы саясат, техникалық реттеу, са­ни­тарлық және фитосанитарлық шаралар­ды, кедендік әкімшілік шараларын, салық салу негіздерін және тағы басқа сала­ларды жөнге келтіретін шарттық-құқықтық базасы қалыптастырылды дей аламыз. Биылғы 1 шілдеден бастап Ке­ден одағының Кедендік кодексі күшіне кіреді. Осы арқылы үш елдің арасындағы кедендік ресімдеудің алынып тасталуы қамтамасыз етілуге тиіс. Қазақстанның, Беларусьтің, Ресейдің ұлттық нарық­тарын біріктірудің есебінен қазіргіден әлдеқайда жинақы, ортақ, яғни ішкі нарықты қалыптастыру осы елдердің жаңа өндірістерін дамытуға, тауарлардың сапасын жақсартуға септесетіндігі Пре­зидент Жолдауын талқылау барысындағы жарық көріп жатқан материалдарда да кеңінен жазылуда. Кеден одағы бізге кедергі келтірмейді, қайта жаңа мүмкін­діктер туғызады. Ол мүмкіндіктердің қалай пайдаланатындығы біздің биз­неспен жұмысты қалай жүргізетінімізге байланысты. – Жаңа құрылып жатқан Кеден ода­ғы­ Қазақстан экономикасының да­муына қалай әсер етеді? Кеден одағы елі­мізге қандай пайда әкеледі деп санайсыз? – Ең қарапайым ұғыммен айтайын­шы. Қазақстан өзінің 16 миллион адамдық нарығын 170 миллион адамдық на­рыққа ұлғайтады. Бұл – басы ашық артықшы­лық. Ал нақтылап тарата түс­сек, бірінші­ден, Кеден одағын құрудың берер басты пайдасы осы одаққа мүше мемлекеттердің экономикаларына инвес­ти­цияларды тартуға жағымды жағдай жасау және мемлекеттердің экономика­лық әлеуетін ескере отырып, бір­лескен өнді­рістерді және бір-бірін өзара толықты­ратын кәсіпорын­дар коопера­цияларын құруды қамтамасыз ету болып табылады. Кеден одағының қалыптасу нәтиже­сінде ішкі өнім деңгейі 1,6 трлн. АҚШ долларды құрайтын және ішкі нарық көлемі 168 млн. адамға жететін бірыңғай аумақ құрылып отыр. Екіншіден, Қазақстанның экспортқа бағытталған кәсіпорындары үшін отан­дық тауарларды Еуропа елдеріне шығару үшін Ресейдің транспорт инфрақұ­ры­лымын әлдеқайда жағымды шарттармен қолдану келесі үлкен мақсат болып та­бы­лады. Бұл біздің кәсіпкерлеріміздің көлік шығынын азайтуына, соның арқа­сында қазақстандық өнімнің үшінші ел­дер нарығындағы бәсекеге қабілеттігін арттыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден, Қазақстан тауарларының Ресей және Беларусь нарығына шығуы үшін техникалық стандарттар мен талап­тардың, мысалы, ветеринарлық талап­тар­дың, үш мемлекет тарапынан бір дең­гейде қолданылуы өте маңызды міндет болып табылады. Осылайша, қазақстандық тауар өн­дірушілер үшін өз өнімдерін сату нары­ғын кеңейту мүмкіндігі пайда болады және біздің экономикамыздың инвести­ция­лық тартымдылығы артады, бұл өз кезегінде жаңа өндірістерді дамытуға ықпалдасады деп сенеміз. Кеден одағы сол одаққа мүше елдер­дің экономикасына инвестиция тартуға, бірлескен өндірістер құруға, бірін бірі толықтыратын кәсіпорындардың коопе­ра­циясына қолайлы жағдай жасайды. Бұл одақ Қазақстанның экспортқа бейім­делген кәсіпорындарының алдынан Ресейдің көлік инфрақұрылымына қол жет­кізудің қосымша жолдарын ашады. Қазір қолданылып жүрген техникалық стандарттар мен талаптардың бір ізге түсірілуі қазақстандық өнімдердің Ресей мен Беларусь нарықтарына шығуына мүмкіндік жасайды. – Мысалы, Ресей рыногы қазір іс жүзінде Қазақстаннан баратын ет үшін жабық тұр деуге болады. Солай ғой? – Солай. Солай болатыны – Ресей­дің осы саладағы қызмет орындары етті дайындауға өздерінше талап қояды. Ол талапқа біздің сатылатын етіміз дәл кел­мейді. Ресей қазір жылына 560 мың тон­на сиыр етін, 780 мың тонна тауық етін импорттап отыр, соның өзінде баж мөл­шер­лемесі, яғни ставкасы 15 және 25 пайыз деңгейінде. Біздегі ветеринарлық-санитарлық талаптар ретке келтірілсе, онда Қазақстан етінің Ресей нарығына еркін кіретіндігі анық. Оларға да сонау Америкадан, Аргентинадан, Бразилиядан ет тасудан гөрі іргедегі Қазақстаннан ет сатып алу тиімді екенін дәлелдеп жату­дың қажеті шамалы. Өткен жылдың өзін­де ғана Ресей жалпы құны 4,3 мил­лиард долларлық жаңа сойылған және тоңазытылған 1,3 миллион тонна етті, 1,1 миллиард долларлық 964,8 тонна құс етін сырттан әкелген. Сол сұраныстың белгілі бір бөлігін Қазақстан қана­ғат­тан­дыра алар еді. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет осы заманғы бордақылау алаң­да­рын және сойыс цехтарын құруға ерекше назар аударып отыр. Ол жерлерде біздің отандық етті импорттайтын елдердің бар­лық санитарлық нормалары сақталуға тиіс. Біз өз тарапымыздан қазақстандық ет өнімдерінің сапасын ресейлік қызмет орындарының оңайлатып анықтауы үшін қажетті нормативтік базаны жасауға күш салып жатырмыз. Қазірдің өзінде өнім­дерді сертификациялауды бірлескен қа­зақ­стандық-ресейлік комиссиялар жүзеге асырады деген уағдаластық жасалды. – Жанар Сейдахметқызы, осы ет мәселесіне байланысты наразылық білдірушілер де бар. Бұрын етке сататын сиырын ауласында сойып, ішек-қарнын тазалап, қан-жынын шығарып, базарға бір-ақ апарып үйренген қазақ жаңа жағдайға көндіге алмай жатыр. – Ол талаптарды сақтамай болмай­ды. Ауыл шаруашылығы министрлігі, аудан, ауыл әкімдері осы мәселемен ай­налысып, шешуге тиіс. Ет тиісті талап сақ­талып сойылмаса, тиісті темпе­ра­ту­рада сақтал­маса, тиісінше оралып, буып-түйілмесе, тиісінше тасымалданбаса экс­портқа шығарылмайды. Бүкіл әлемдегі та­лап сондай. Бірте-бірте үйренуге тура келеді. – Кез келген тауар бәсекеге қабілетті болуы керек дейсіз ғой. – Кеден одағы есігін айқара ашып қойып, кел де ала бер дейтін жайма базар емес. Кеден одағы – бәсекелестік алаңы. Онда бәсекеге шыдас беретін тауарлар ғана өтеді. – Мұндай талап бүкіл әлемдік саудаға да қатысты емес пе? – Қатысты. Бірақ әр елдің өз ерек­ше­лігі бар. Біздің тауарларымыз керемет болып жатса, олардың Америкаға да, Еуро­паға да, Жапонияға да сатылатыны анық. Бірақ олай емес қой. Қазірше. Бұл сөзді Ресейдің, Беларусьтің тауарларына да қатысты айта аламыз. Олардың да тауарларын қазір іргедегі Еуропа онша қажет етіп отырған жоқ. Бірақ олардың тауар­лары жалпы сапасы бойынша, әсіре­се бағасы бойынша бізге әбден-ақ жарап тұр. Біздің тауарларымыздың да сұ­ранысқа Жапониядан гөрі Ресейде кө­бі­рек ие бола алатындығы талас тудырмайды. – Жақында, 2 сәуірде газетімізде әріп­тесім Сұңғат Әліпбайдың “Кеден ода­ғы: дақпырт пен шындық” деген толымды мақаласы жарияланды. Онда осы одаққа бай­ланысты шығып жүрген дақпырт сөз­дердің негізсіздігі нақпа-нақ дәлелденген. Сонда да мына бір мәселенің басын аша түскен артық болмайтын сияқты. Кеден ода­ғының комиссиясы үкіметтерден жо­ғары тұрады дейді, онда Ресейдің қысымы күшті дейді. Бұған не айтар едіңіз? – Комиссия халықаралық шарттар негізінде құрылған, оның қызметі Кеден одағының дамуына қажет жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған. Комиссия Бір­ыңғай кедендік тариф мөлшер­ле­ме­ле­рін өзгерту жөнінде шешім қабылдайды, тарифтен тыс реттеуге жататын тауарлар­дың тізімін, ортақ техникалық регла­мент­терді бекітеді, басқа да жұмыстары көп. Комиссия жұмысының негізгі қағидаттарының бірі – өзара тиімділікті және тараптардың ұлттық мүдделерін ескеруді қамтамасыз ету. Қабылданатын шешімдердің экономикалық тұрғыдан негізділігі, жұмыстың ашық, жариялы және әділ жүргізілуі қатты қадағаланады. Кеден одағы комиссиясының құрамына әр тараптан Үкімет басшысының орын­басары қызметіндегі бір өкіл енеді. Қазақстан өкілі – Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ө.Е.Шөкеев. – Тағы бір жайды қозғай кетейік. Кеден одағын қолдамай жүргендер ел Парламенті ратификациялаған шартқа сәйкес Комиссияның Мәскеу қаласында орналасатынын да кемсітушіліктің бір түріндей етіп айтады. Бұған не дер едіңіз? – Не деуге болады? Біріккен Ұлттар Ұйымының Штат-пәтері неге Нью-Йоркте орналасқан? ЮНЕСКО-ның Штат-пәтері неге Парижде орналасқан? Неге десеңіз, Нью-Йорк әлемнің ең қуатты мемлекетінің ең үлкен қаласы. Неге десеңіз, Париж адамзат санасында әлемнің мәдени орталығы ретінде ор­нық­қан. Ал мына жағдайда Мәскеудің (жа­райды, Ресей экономикасы Қазақ­станның, Беларусьтің экономикасынан жалпы ауқымы бойынша қуаттылау екен­дігін, нақты айтқанда –үш елдің ішкі жалпы өнімінің көлемінде Ресейдің үлесі 88 пайызды құрайтынын, Ресейдің халқы Кеден одағына кіретін елдер халқының 85 пайызын құрайтынын айтпай-ақ қояйық) екі ел астаналарының ортасында тұрғанын, яғни логистикалық тұрғыдан қарағанда да кездесулерді, мә­жілістерді өткізуге мүмкіндігі көбі­рек болатынын да ескерген жөн. Кеден одағы комиссиясында шешімдердің барлық тараптарды қанағаттандырған жағдайда ғана қабылдануының тетіктері толық ойластырылған. Осыны қадап айту керек. Егер тараптардың біреуі Кеден одағы комиссиясының шешімімен келіспесе онда мәселе Кеден одағының мемлекеттер басшылары деңгейіндегі жо­ғарғы органының қарауына шыға­ры­лады, ол жерде шешім консенсус бойын­ша қабылданады. Консенсус бойынша шешім қабылдау дегенді оқырмандар жақсы біледі деп ойлаймын. Онда шешім тек бірауыздылық жағдайында ғана қа­былданады. Бірауыздан дауыс берілмесе – шешім қабылданбайды. Бұл арада мем­лекеттің ауқымының да, экономи­ка­сы­ның әлеуетінің де ешқандай рөлі жоқ. Мына жағдайды айрықша айтқым келеді. Бұл мәселе 2007 жылы Тәжікстанда Ке­ден одағының комиссиясы туралы тал­қы­лау болғанда біздің Елбасымыздың та­лап етуі бойынша осылай шешілген еді. – Кеден одағы аясындағы шешімдер жабық қабылданды, ел жұртшылығы хабардар етілмеді деген айыптарға байланысты не айтасыз? – Қазақстан үшін нақты әсері болуы мүмкін деген позициялардың бәрі де қоғамдық ұйымдардың, қауымдастықтар­дың өкілдері қатысқан кеңестерде пы­сық­талған. Мысалы, Бірыңғай кедендік тариф жөніндегі позицияларды екшеу кезінде жиһаз және ағаш өңдеу өнер­кәсі­бі қауымдастығының, тағам және өңдеу өнеркәсібі тауар өндірушілері одағының, алкогольсіз сусындар мен шырын өнді­рушілер қауымдастығының, металлургия, мәшине жасау, құрылыс материалдарын шығару, көлік қызметі сияқты өнеркә­сіп­тің бірқатар салаларының өкілдерімен кездесулер өткізілген. Кеден одағы ая­сын­да жасалған халықаралық шарттар­дың бәрі де ел Парламентінде ратифи­кациялау рәсімінен өтті. 18 халықаралық шарт ратификацияланды. Алдағы кезде тағы 16 шарт ратификациялануға тиіс. Бұрынғы Индустрия және сауда ми­нистрлігі Қазақстанның 18 қаласында сем­инарлар өткізіп, құрылып жатқан Кеден одағының негізгі сипаттары алдын ала талқыланды. Мына жағдайды да айту керек. Бір­қатар тауар түрлері бойынша бизнес өкіл­дерімен кеңесіп, олардың мөлшер­лемелерін Бірыңғай кедендік тариф мөл­шерлемелеріне кезең-кезеңімен сәйкес келтіру көзделген. Мысалы, емдік дәрі-дәрмектер үшін 5 жыл, медициналық жабдықтар үшін 4 жыл, темір жол вагондары үшін 3 жыл деген сияқты. – Сонда, айталық, алыс шетелдерден, әсіресе Еуропа Одағынан әкелінетін емдік дәрілер 5 жылға дейін қымбаттамайды деуге бола ма? – Дәл солай кесіп айтуға болмайды, әрине. Импорттық кеден баждарының өсуіне байланысты емдік дәрілер құны 11 пайызға артады деп шамаланып отыр. Сол үшін де Елбасымыз өзінің биылғы Жолдауында дәрі-дәрмектердің 50 пайызын Қазақстанның өзінде шығаруға қол жеткізуіміз керектігін міндет етіп қойды ғой. Нақты айтқанда, 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында бұл міндеттің 2014 жылға қарай шешілуге тиістігі көрсетілген. Осыған байланысты Шымкентте инъекциялық және инфузия­лық ерітінділер, ұнтақтық антибиотиктер және таблетка түріне келтірілген емдік формалар шығаратын фармацевтика фабрикасын салу, Семейдегі медицина препараттары зауытын қайта жөндеу, Павлодар медицина зауытын салу сияқ­ты бірқатар жобалар жүзеге асырылатын болады. Ал түбі керек дүниені өзімізде өндірмесек, олардың бағалары өзгермей тұра береді деп үміттенудің жөні жоқ. Ке­ден одағы бәсекелестікке қабілет­ті­лі­гі­мізді шыңдайды дейтініміз де сондықтан. – Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап Кедендік одақтың Бірыңғай кедендік импорт тарифі және тарифтік емес реттеудің бірыңғай жүйесі күшіне енді. Осының мән-маңызы, қажеттілігі жөнінде де әңгімелеп берсеңіз деймін. – Біз келіссөздерді бастаған кезде үш мемлекет арасында 11 мыңнан астам импорттық тариф ставкаларының 40 пайызы бір деңгейде болатын. Қалған 60 пайызын осы келіссөздердің барысында бір деңгейге келтіру міндеті тұрды. Келіссөздердің нәтижесінде отандық кәсіпорындардың мүддесін қорғау үшін мынандай келісімдерге қол жеткізілді. Біріншіден, 400-ден аса тауарларға бірыңғай кедендік импорттық тарифін қолдану үшін 3-5 жыл арасында өтпелі кезеңдер қарастырылды. Мысалы, Қазақ­стан бүгінгі күні дәрі-дәрмекті және меди­циналық құрал-саймандарды шет елден 5 жылға дейін 0 пайыздық им­порттық баж салығымен алып келе ала­ды. Ал бірыңғай кедендік тариф деңгейі 10-15 пайыздың арасында. Сол сияқты химиялық өндірісте қолданылатын шикізаттар және полимер­лер шет елдер­ден 4 жылдың ішінде 0 пайыз деңгейін­дегі импорттық бажбен алып келінеді. Ал бірыңғай кедендік тариф деңгейі 10 пайыз болып табылады. Бұл 4 жылдың ішінде Атырау мұнай және газ химиялық кәсіпорынының құрылысының аяқталуы жоспарлануда. Өтпелі кезеңнің ішінде жеңілдетілген кедендік бажбен импорт­талатын тауарлардың тізбесіне сонымен қатар темір жол вагондары, азық-түлік өнімдерін шығаратын және қағаз шығаратын кәсіпорындар пайдаланатын шикізаттар кіреді. Екіншіден, Қазақстан экономи­ка­сы­ның жедел түрде индустрияландыру бағ­дарламасын жүзеге асыру мақсаты­мен инвестициялық шаралар қолда­ны­ла­тын болады. Басқаша айтқанда, отан­дық кәсіпорындардың өз тауарлары мен қызметтерін шығару үшін қажетті құрал-жабдықтар және шикізат өнімдері шет елдерден инвестициялық контракт шеңберінде 0 пайыз баж салығымен импортталынатын болады. – Сізге келерде “Известияда” (08.04.2010) жарияланған “Таможенный союз: плюсов больше, чем минусов” деп аталған сұхбатты оқыдым. Орынбасар­ыңыз Тимур Сүлейменов Кеден одағы жө­нінде жап-жақсы әңгімелеп берген екен. Тек қана артықшылықтан тұратын құбы­лыс болмайтыны белгілі ғой. Кеден ода­ғы­ның қандай кемістігі бар деп ойлайсыз? – Біздің оппоненттеріміз кемістік ретінде нарықта бәсекелестіктің күшейіп кететінін айтады. Ол рас. Бірақ осының өзінің де жетістігі мен кемістігі аралас емес пе? Өмір талабына бейімделіп, ши­рай түсеміз. Біліктілігімізді арттырамыз. Өнімдеріміздің сапасын жақсартамыз. Өзімізді өзіміз қамшылаймыз. Сөйтіп, бәсекеге қабілетті ел болып қалыптаса­мыз. Кеден одағының “кемістігі” осы. Бұл – мәселенің бір жағы. Екінші жағы бар. Кеден одағына қатысты жайларда әлі толық ескерілмеген нәрсе­лер болуы да әбден мүмкін. Олардың біразы өмірдің өз сынына түскен кезде қайтадан қаралуы да әбден мүмкін. Ешқандай ел өзінің ұлттық мүддесіне нұқсан келетіндей қадамдарға жол беріп қоймайды. Кеден одағының комиссия­сында ондай олқылықтардың орнын толтырудың тетіктері қарастырылған. – Жанар Сейдахметқызы, өткен жылдың аяғында үш елдің басшылары өз мемлекеттері 2012 жылдың 1 қаңтарынан кешікпей Бірыңғай экономикалық кеңістік қалыптастыруға күш салады деп мәлім­деді. Бұл кеңістіктен біздің күтеріміз не? – Бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастыру Кеден одағына қоса үш мемлекет арасында қызмет, капитал және жұмыс күшінің еркін қозғалуын ес­кереді. Үш мемлекеттің басшылары өт­кен жылдың 19 желтоқсанында Алматы қаласында өткен кездесуі кезінде Бір­ыңғай экономикалық кеңістіктің нор­мативтік-құқықтық базасын 2012 жыл­дың 1 қаңтарына дейін қалыптастыру туралы шешім қабылдады. Осы шешімді жүзеге асыру үшін 20 келіссөздің екі кезеңмен дайындалуы жоспарланып отыр. Бірінші кезеңнің барысында 2011 жылдың 1 шілдесіне дейін 14 келісімді ратификациялау және екінші кезеңнің барысында 2012 жылдың 1 қаңтарына дейін қалған 6 келісімді ратификациялау межеленген. Бұл келісімдер келесі маңызды бағыттардан тұрады. Алдымен олар бірыңғай экономикалық саясат, атап айтқанда, бірыңғай макроэкономикалық саясат, бірыңғай бәсекелестік саясат, табиғи монополияларды бірыңғай рет­тейтін жүйе, өнеркәсіп және ауыл­шаруа­шылық өнімдерін шығаратын кәсіпорындарға үш мемлекеттің үкіметі тарапынан бірыңғай субсидия беру принциптерін және мемлекеттік сатып алуды бірыңғай саясатпен жүргізуді көздейді. Келісімдердің үш мемлекеттің нарығының арасында қызмет көрсететін кәсіпорындардың емін-еркін жұмыс істеуі үшін жағдай туғызуды көздейтінін де айту жөн. Бұл келісімдер жұмыс күшінің емін-еркін жүруі үшін жағдай туғызуды көздейді. Екінші кезеңде дайындалатын келісім­дер бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мем­лекеттердің инфрақұрылым­дарын, атап айтқанда, электр энерге­тикасын тасы­малдауға, газ және мұнай тасы­малдау құбыр­ларына және темір жол транс­порты­ның инфрақұрылымын қолдануға мүмкіндік жасайды. Әрине, интеграцияның біздің мемле­кетіміздің экономикалық дамуының мүддесіне сәйкес жұмыс істеуі үшін Үкімет тарапынан, Парламент тарапынан және отандық бизнес тарапынан бірлескен жұмыс күнбе-күн жүргізіледі деп сенеміз. Бірыңғай экономикалық кеңістік экономикалық ықпалдастықтың барын­ша тереңдетілген түрі. Оның негізгі шарттары – өзара келісілген экономика­лық саясат, капиталдың, қызмет түрлері­нің, жұмыс күшінің еркін қозғалуы. Бүкіл әлемдегі бірыңғай экономикалық кеңістіктердің ең маңызды қағидаттары қатарында кемсітуге жол бермеу және өзара тиімділік қағидаттары аталады. Бұл кеңістіктен біздің ең алдымен күтеріміз инфрақұрылымдарға тең дәрежеде қолжетімділіктің болуы. Негізгі тауар өткізу нарығынан алыста жатқан, Каспийден басқа теңіз порттарына шыға алмайтын ел ретінде Қазақстан үшін мұның маңызы ерекше. Мысалы, Ре­сейдің ішкі тарифтеріне жету қазақстан­дық кәсіпорындардың көлік шығын­дарын азайтуға мүмкіндік береді. Сон­дай-ақ, газ-көліктік инфрақұрылымға жету қазақстандық өндірушілердің өнім өткізу базарын кеңейте түсетін болады. Бүгінде Қазақстан газ бен мұнайды Ресей территориясы арқылы тасу кезінде миллиондаған долларларды текке жоғалтып жатыр. Қазақстан экспортын тасымалдау кезінде ішкі тарифтерге көшу бұл істегі проблемаларды азайтады. Қазірше ел экспортының негізгі бөлігін шикізат құрап отырғаны белгілі. Бірақ жағдай бұл күйінде тұра бермейді. Болашақта Қазақстан дайын өнімдерді экспорттауға да көшеді, сонда Ресей мен Беларусьтің ішкі тарифтері біздің елдің өңдеу өнеркәсібі үшін өте тиімді болып шығады. – Жаһандық экономикаға кірігу барысында Қазақстан үшін Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру елдің сыртқы саясат саласындағы басымдықтарының бірі болып табылады деп отырмыз. Енді осы істің барысы жөнінде әңгімелеп берсеңіз. Біраз жыл бұрын Қазақстан ДСҰ-ға 2007 жылы кіреді деген әңгіме айтылған. Одан кейін 2010 жыл жөнінде де сөз болды... – Қазақстан осы ұйымға кіру жөніндегі келіссөздерді 14 жыл бұрын бастаған еді. Еліміз 1996 жылғы 26 қаң­тарда ДСҰ Хатшылығына ресми өтініш түсірген. Содан бері әртүрлі жоспарлар жасалып, әртүрлі меже аталғаны рас. Солай болуы заңды да. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөнінде Жұмыс тобына сол ұйымға мүше 43 ел кіреді. Әлгі 43 елдің 26 елімен осы бағытта жеке-жеке келіссөз жүргізілетінін, жеке-жеке хаттамаға қол қойылатынын атап айтқым келеді. Солардың 22 елімен соңғы 5 жылда екіжақты келіссөздер аяқталды. – Қалған елдер қайсылары? – Ең негізгілері – АҚШ пен Еуропа Одағы. – Мықтылары соңына сақталыпты ғой. – Олармен жұмыс жаңа басталып жат­қан жоқ, әрине. Басты мәселелердің дені келісілді деуге болады. Мысалы, АҚШ-пен 4-5 мәселе бойынша, Еуропа Одағымен 2 мәселе бойынша келісу қалды. Бұл келіссөздер өте тиянақты жүргізіледі. Мысалы, бір ғана Канаданың өзімен біз 5 жыл бойы келіссөз жүргіздік. Ол елмен қаржылық және энергети­калық қызмет түрлерінің нарығына қол жеткізу, сондай-ақ Канададан келуі мүмкін білікті мамандардың жұмысқа орналасуы, ауыл шаруашылығы өнім­деріне салынатын кеден бажының көлемі жөнінде күрделі мәселелер талқыланды. Ақыр аяғында біз ұшақтар, виски, темекі сияқты тауарларға кедендік тарифтердің төмендетілуіне келістік. Оның есесіне өзіміздің ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің мүдделерін қорғап қала алдық. Осындай жағдайды әр елге де байланысты айтуға болады. Бүгінде бұл ұйымға кіру жөнінде Кеден одағына мүше үш елдің ортақ ұстанымы біржолата айқындалды. Үш елдің басшылары ұйымға бір мезгілде, бірдей жағдайда енетіндерін мәлімдеді. Үш елдің ортақ келіссөз командасы құрылды. Қазір ол команда әр елдің бұ­рын жүргізген келіссөздерінде көзделген міндеттемелерді талдаудан өткізіп, Кеден одағына мүше елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруінің неғұрлым кө­кейге қонымды шарттарын пысықтаумен айналысып жатыр. – Әрине, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіре салса бәрі жақсы бола қалмайтынын жұртшылық түсінеді. ТМД елдерінің арасынан бірінші болып сол ұйымға қол жеткізген көрші қырғыз ағайындардың экономикасы ұшпаққа шыға қоймағанын көріп отырмыз. Сонда ДСҰ-ға кіру қандай артықшылық береді деп кіреміз? – Біз бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылуға ұмтылудамыз. Сол 50 елдің бәрі Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшелері. Ол ұйымға мүше болу – нақты мақсат. Президент бізге ұйымға мына мерзімге дейін қалайда кіру деген міндет қойып отырған жоқ. Елбасымыз ұйымға біз үшін тиімді шарттармен кіру міндетін қойып отыр. Сіздің сұрағыңызға келейін. Дүние­жүзілік сауда ұйымына кіру керек. Өйт­кені, бұл оған мүше елдерге өздерінің сауда-экономикалық мүдделерін көп­тарап­ты сауда келіссөздері барысында халықаралық сауданың жаңа ережелерін ескере отырып жүзеге асыруға жағдай жасайды. Елдің ішкі заңнамасын нарық экономикасына бейімдеуге де осы ұйым нормаларына сәйкестіктің көп көмегі болады. Елге капитал құю, оның ішінде тікелей шетел инвестицияларын тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың әл-ауқатын арттыру міндеттері дұрысырақ шешіледі. Мемлекеттік жүйе өкілдерінің тарапынан сауда шектеулері саясатын, сыбайлас жемқорлықты болдырмау жүзеге асырылады. Сонымен бірге біз өзіміздің ұлттық мүдделерімізді, ел қауіпсіздігін ұдайы назарда ұстауға тиіспіз. Бұл істе әр министрліктің, әр ведомствоның мемлекеттік тұрғыдан іс-әрекет жасауы шарт. Мысалы, біз АҚШ-пен, Еуроодақпен келіссөз барысында “Қазақтелекомдағы” шетелдік үлестің 49 пайыздан аспайтын болуын қорғап қала алдық. Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қай мөлшерде экономикалық қолдау көрсететінімізді біз экономикалық дамуымыздың басымдықтарына сәйкес қарастырып жатырмыз. – Нұрсұлтан Әбішұлының Дүние­жү­зілік сауда ұйымына кіруге байланысты ең қиын мәселенің бірі ауыл шаруашылығына қатысты деген ойды қадап айтқаны есімізде. – Ұйым басшылығы, бізбен келіссөз жүргізетін мемлекеттер ауыл шаруашы­лы­ғына берілетін субсидия көлемі жө­ніндегі мәселені жиі қозғайды. Бұл мәсе­ле біздің ДСҰ-ға өтуіміздегі ең маңызды мәселе болып табылады деп айтудың артықтығы жоқ. Қалай болғанда да Қазақстан Дүние­жүзілік сауда ұйымына ауылдың ахуалын нашарлатуы мүмкін шарттар бойынша кірмейді деп сендіре аламын. – Ауылда туған, қазақ мектебін бітірген, мемлекеттік тілде сұхбаттасатын министрдің бұл әңгімесінен оқырмандары­мыз Кеден одағына қатысты біраз мә­ліметке қанығады деп ойлаймын. Сұхба­тымыздың басында газет сайтындағы пікір, тілектердің біреуін келтіріп едім. Сонда тағы бір оқырман: “Жанар Айтжановадан жақсы министр шығатыны көрініп тұр!” деп разылығын жазып қойыпты. Айтқаны келсін. Жаңа жұмы­сыңызда табыс тілейміз. Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.