Руханият • 30 Маусым, 2020

Мейірімді болсаңыз, мейірімге бөленесіз

406 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Көршім Ақық мұғалім айтқан мына бір жайт жиі есіме түседі.

– Адамның аты-жөнінде мән бар деген осы екен. Адамбек деген оқушым көп балалы үйден, аз қамтамасыз етілген отбасынан болған соң мектеп оған көмектесіп тұратын. Менің сыныбымда сондай 3-4 оқушы бар еді. Бір күні Адамбектің анасы келіп тұр, – деді Ақық. – Үкімет беріп жатқан 42 500 теңгені күтіп жүріп, мен де алдым. Сөмкемде тұр, ала ғой өзің. Сіздің сыныптағы балаларға да бұйырды, игілікті болсын! Мен артық сөйлеп қойыппын, кешіріңіз.

Мейірімді болсаңыз, мейірімге бөленесіз

 

– Қалайша, түсінбедім, балаларға бұйырғаны қалай? – деп сұрайды мұғалім.

Сөйтсе, аяқкиім алуға ақша сұра­ған Адамбек 42 500 теңгенің 20 мың теңгесіне өзіне және сыныптас достары Аужар мен Әнесбекке де аяқкиім мен балмұздақ алып беріпті.

– Біздің үйде 4 бала, ал олардың үй­лерінде 6-7 баладан бар, ақшалары жетпей тұр кроссовка алуға. Жалғыз өзім киіп, дос­тарым­ды қызықтырып, жүректерін ауырт­қым келген жоқ. Мама, неге маған рен­жисіз? Осы 42 500 теңгені үнемі алып жүр­ген жоқпыз ғой. Бір рет қана берілді. Олар­­ға да көмек болсын. Мама, мен сон­да жамандық жасадым ба? – депті ал­ға­­шында қатты ренжіп қалған анасына.

Осындайда дүкен сатушысының айтқаны да есіме түсті. Кешкілік уа­қыт­та азық-түлік, көкөніс сататын дүк­енімізге бір жас жігіт жүгіріп кірді.

– Апайлар, 800 теңге тауып бері­ңіздерші! Бар ақшамды тартып алып, өзім­ді соққыға жыққандары біреу­лер­дің. Ауылға қайта алмай тұрмын, көмек­тесіңіздерші, – деді ентігіп. Екі сату­шы бір-бірімізге қарадық. Жігіттің түсі шынымен де адам аярлықтай. Бұл бір емес, дәл осы жігіт сияқты 20, 50, 100 теңге сұрап келетіндер де жетеді. Арақ іше­тіндерін білесің де, ештеңе жоқ деп қуып жіберетінбіз. Бәріміз де бала өсіріп отыр­мыз ғой, жанымыз ашып, жігіт­тің сұраған ақшасын беріп, шығарып сал­дық. Содан, арада жарты жылдай уақыт өткенде, бір күні әлгі жігіт келіп тұр. Ескі таныстай жөн сұрасып жатырмыз:

– Апайлар, рахмет сіздерге! Сол түні Семей арқылы жүретін автобус­пен ауылға жеттім. Шешем уайымдап, далада күтіп жүр екен, – деп 800 теңгені әкеп тұр. Қолында анасының бізге беріп жіберген құрт-ірімшігі мен майы тағы бар.

Иә, мейірімнің, жан жылуының, жана­шырлықтың айналамызда жүр­геніне қуанасың. Мейірімді болсаңыз, мейірімге бөленесіз деп тұрғандай.

 

Павлодар облысы