Парламент • 30 Маусым, 2020

Парламент VI шақырылымның бесінші сессиясын аяқтады

251 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Парламентте бесінші парламенттік сессияны аяқтаған палаталардың бірлескен отырысы өтті.

Парламент VI шақырылымның бесінші сессиясын аяқтады

Парламент сессиясын жабу кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалды.

Алтыншы сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бесінші сессиясы заң шығару жұмысының көлемі бойынша да, қабылданған заңдар шешімін табуға ықпал ететін міндеттер бойынша да өте ауқымды болды.

Сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы өтті, Мәжілістің 41 жалпы отырысында 296 мәселе қаралса,  Сенаттың 25 жалпы отырысында 165 мәселе қаралды.

Бесінші сессия кезінде қос Палатаның қарауында 161 заң жобасы болды, оның 98-і қабылданды.

Бүгінгі күні Парламент қабылдаған заңдардың 86-не Мемлекет Басшысы қол қойып, олар заңды күшіне енді.

Депутаттық корпустың Үкіметпен, орталық және жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ азаматтық қоғаммен сындарлы
іс-қимылы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындаған стратегиялық басымдықтар және Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Парламент сессиясының ашылуы кезіндегі Қазақстан халқына Жолдауында алға қойған міндеттер бойынша тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік берді.

Парламент қабылдаған «2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң мемлекет саясатының әлеуметтік бағыттылығын толық көрсетеді. Әлеуметтік саланы дамытуға республикалық бюджеттің барлық шығысының жалпы көлемінің 46% бөлінді.

Үш жылдық бюджет шығыстарының басым баптары адами капиталды дамыту, сапалы денсаулық сақтауға қол жеткізуді қамтамасыз ету, халықты нәтижелі жұмыспен қамтуды ынталандыру. Сонымен қатар, бюджет басымдықтарында: экономиканың нақты секторын өсіру, экономика салаларын технологиялық жаңғырту және цифрландыру үшін жағдай жасау, тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру сияқты шығыс баптары бар.

Сонымен қатар, Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин жалпы отырыста талқылау барысында экономикалық өсудің басты факторы бөлінетін қаражат көлемі мен оларды игеру емес, тиімді жоспарлау мен нақты нәтижелерге қол жеткізу болып табылатынын атап өтті.

Бұл мәселені депутаттық корпус 2019-2021 жылдарға арналған бюджетке түзетулер енгізу кезінде, сондай-ақ Үкімет пен Есеп комитетінің өткен жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін қарау кезінде де көтерді.

Сонымен қатар, Парламент депутаттары қабылдаған заңнамалық түзетулер басшылардың бюджет қаражатын тиімсіз жоспарлау мен пайдаланғаны үшін жауапкершілікті белгілейді.