Үкімет • 30 Маусым, 2020

1,2 млн-нан астам адам цифрлық сауаттылыққа оқытылды

38 рет көрсетілді

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында адами капиталды дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Бұл туралы primeminister.kz хабарлады, - деп жазады Egemen.kz

"Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасында адами капиталды дамыту бес маңызды бағыттың бірі саналады. Жалпы, адами капитал ел экономикасының дамуына үлкен әсер етеді.

Бүгінгі күні ел халқының цифрлық сауаттылық деңгейі 82,1%-ды құрайды. Жоғары көрсеткіштің арқасында Қазақстан цифрландыру бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізуде.

"Жалпы, АТ саласында адами капиталды дамытудың нәтижесінде бүгінгі таңда цифрландырудың жалпы экономикалық тиімділігі 802,5 млрд теңгені құрады. Әртүрлі салада 120 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Отандық стартаптарға 38 млрд жуық инвестиция тартылды. Халықаралық рейтингтерде жақсы жетістіктер көрсеттік. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасатын болады",  деді министр.

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында мемлекеттік бағдарламаға өзгерістер енгізілуде. Атап айтқанда, бизнес пен экономика салаларын цифрландыруға ерекше назар аударылады.

Оның ішінде экономиканы цифрландырудың басты драйвері ретінде 10 технологиялық платформа іріктелді. Нәтижесінде жаңа жоғары технологиялық компаниялар пайда болуда. Бұл үшін бірінші кезекте жоғары білікті АТ-мамандар қажет. Бүгінде АТ-мамандарға жыл сайынғы қажеттілік 30 мыңнан астам адамды құрайды.

"Бүгінде балалар 1 сыныптан бастап информатика пәнін оқиды. Ал 3-4 сыныптан бастап бағдарламалау негіздерін үйренеді. Ел бойынша АТ-зертханалары мен робот техникасы кластарының саны артып келеді. Басқаша айтқанда, заманауи талаптарға жауап беретін цифрлық мандарды даярлау мектеп партасынан басталады. Бұл өте қуантады",  деді А.Жұмағалиев.

Бүгінгі таңда елімізде АТ-мамандарын дайындайтын екі мамандандырылған ЖОО бар. Олар жетекші халықаралық серіктестермен бірлесіп оқу бағдарламаларын әзірлейді.

Сонымен қатар үздік 10 ЖОО пулы құрылды. Олар сондай-ақ халықаралық университеттермен бірге өздерінің оқу бағдарламаларын дайындады. Аталған ЖОО-лар АТ-мамандарды оқыту жүйесінің өзегі болып табылады.

Бүгінгі таңда елімізде болашақ мамандарды даярлаудың тиімді тәсілдері енгізілуде. Цифрлық дағдыларды меңгерген аудиторияны қамту үшін барлық өңірде бағдарламалау мектептері сияқты түрлі бастамалар енгізілген. Оның ішінде цифрлық дағдылары қалыптаспаған адамдарға арналған бағдарламалар енгізілді.

Сондай-ақ АТ-нарығында жеке бағдарламалар әзірленуде. Мысалы, Beeline, Kaspi Bank, Chocofamily сияқты компаниялар өз бастамаларын енгізді.

Сонымен қатар келешекте индустриядағы middle және senior кадрлардың тапшылығын жабатын жоғары білікті АКТ-мамандар даярлау жүріп жатыр. Бүгінде оларды Alem және QWANT бағдарламалау инновациялық мектептері дайындайды. Мұндай мектептердің тиімділігі халықаралық практикада дәлелденген, сондықтан ЦДИАӨМ Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында осындай АТ-мектептерді ұлғайтуды ұсынады.

Білім берудегі заманауи тәсілдердің бірі — өнімдік-бағдарланған білім беру. Белгілі n'Factorial мектебі осы әдіс бойынша өз бағдарламасын жаңартты.

Жақында Қазақстанның ашық университеті іске қосылды. Бұл — Couгѕега-ның отандық аналогы, елдегі онлайн-білімнің бірінші бағыты.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Astana Hub инновациялық компанияларды тарту орталығы ғана емес, АТ-мамандар үшін білім беру алаңы болып табылады.

Хаб базасында қазіргі заманғы жабдықтармен жабдықталған отандық және шетелдік АТ-компаниялардың прототиптеу зертханалары мен R&D орталықтары жұмыс істейді.

25 зертханада оқыту Smart City, жасанды интеллект, 5G, Blockchain және Big Data сияқты перспективалы бағыттар бойынша өтеді.

2019 жылдан бастап технопарктер желісі арқылы өңірлерде құзыреттілікті арттыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілді.

Цифрлық сауаттылықты арттыру шеңберінде Министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп цифрлық сауаттылық, электрондық үкіметті пайдалану, электрондық коммерция және ақпараттық қауіпсіздік курстарын өткізді.

Соның нәтижесінде 2 жыл ішінде цифрлық сауаттылық курстарында 1,2 млн-нан астам адам оқытылды. Биыл 400 мыңнан астам азаматты оқыту жоспарлануда. Бүгінде пандемияға байланысты цифрлық сауаттылық курстары онлайн өткізіледі.

Сонымен қатар кәсіби кадрлар арасында цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым министрліктерінде кәсіби кадрлардың дағдыларын дамыту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Екі жылда 1,2 млн-ға жуық маман оқытылды. Жұмыстың негізгі мақсаты еңбек өнімділігін 50%-ға дейін арттыру және жұмыс сапасын жақсарту болып табылады.

Бүгінде дамыған инфрақұрылым цифрлық сауаттылықты арттыруға әсер етеді. Әсіресе ауылдық елді мекендерде.

Айта кету керек, қазіргі таңда еліміз әлемдегі Интернет қолжетімділігі бойынша көшбасшылардың бірі саналады. Елдегі интернетпен қамту деңгейі 86,8% құрайды.

Қазіргі таңда елімізде ауылдық елді мекендерге кең жолақты интернет жүргізу бойынша ірі жоба жүзеге асырылуда. Нәтижесінде интернетке қолжетімділік деңгейі 99,3%-ға жетеді.

"Интернетке қолжетімділік біздің азаматтарымызға, соның ішінде ауыл тұрғындарына цифрлық экономиканы, онлайн-білім беруді дамытуға және қашықтан жұмысқа белсенді қатысуға мүмкіндік береді", деді А. Жұмағалиев.

Сөз соңында министр жоғарыда аталған технологиялық платформалар ел экономикасы салаларын дамытуға бағытталғанын атап өтті.

Тиісті нәтижелерге қол жеткізу үшін цифрлық дағдылары бар кәсіби кадрларды даярлау және халық арасында цифрлық сауаттылықты арттыру жөніндегі жұмыс жалғасады.

Осы бағытта 2025 жылға дейін АТ-дағдылары бар 1,8 млн қызметкер және 370 мың жоғары білікті маман даярланады. Жалпы, жүргізіліп жатқан жұмыс нәтижесінде 2025 жылға қарай цифрлық сауаттылық деңгейі 87%-ға жетеді.

 
Соңғы жаңалықтар

Жамбыл жылы жырлайды

Руханият • Кеше

Қай салада жалақы өсті?

Экономика • 27 Ақпан, 2021

Ресей азаматтары алғыс айтты

Аймақтар • 26 Ақпан, 2021

Ұқсас жаңалықтар