Аймақтар • 30 Маусым, 2020

Түркістан облысында 1200 шақырым жол жөнделеді

445 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Биыл Түркістан облысында құрылыс-монтаждау жұмыстарымен автомобиль жолдарының 1287 шақырымы қамтылатын болады. Жалпылай алғанда, автомобиль жолдары саласында өңірде 533 жоба іске асырылмақ. Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады, - деп жазады Egemen.kz

Түркістан облысында 1200 шақырым жол жөнделеді

Аймақта "Ақсу-Қабылсай-Қайтпас-Қалалық қоқыс орны" жолының 10-18 шақырымы, "Дербісек-Сарыағаш" автомобиль жолының 18,5-20 шақырымы қайта жаңарту жұмыстарынан өтіп, Түркістан қаласының халықаралық әуежайына апаратын жолда инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілетін болады.

Сонымен қатар, жергілікті бюджет есебінен Келес өзені арқылы өтетін көпірдің құрылысы және Түркістан қаласындағы Ж. Майкөтов көшесі мен "Батыс Еуропа – Батыс Қазақстан" дәлізі арасындағы автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, облыстың Ордабасы, Түлкібас, Қазығұрт және Шардара аудандарындағы жолдар күрделі және орташа жөндеуден өтеді деп күтілуде. 

Айта кету керек, өңірде "Ауыл-ел бесігі" мемлекеттік бағдарламасы белсенді түрде жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында жолдардың 304 учаскесі жөнделіп жатыр. Ал "Бизнестің жол картасы 2020" аясында автомобиль жолдары саласында 84 жоба жүзеге асырылуда.

Еске салайық, Түркістан облысындағы жолдар мен көшелердің жалпы ұзындығы 16,5 мың шақырымды құрайды. Жақсы және қанағаттандырарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі – 74,1%. 2020 жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 6,5% арттырылатын болады.