Қоғам • 01 Шілде, 2020

Шаруашылықтар маманға мұқтаж

378 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қостанай облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, аймақтағы ауылшаруашылық құрылымдарына 366 механизатор, 10 зоотехник, 20 малшы, 52 комбайншы, 40 мал дәрігері, 62 агроном, 50 дәнекерлеуші қажет екен.

Шаруашылықтар маманға мұқтаж

 

Диқанның мұңы

Арнайы біліктілігі бар жұмыс­шы мамандар тапшылығын, әсіресе, егін шаруашылығымен айналыса­тын серіктестіктер қатты сезініп отыр. Биыл көктемгі егіс басталғанда сайт пен жергілікті телеарналардың жүгіртпе жарнамаларында «Комбайншы, механизатор, дәнекерлеуші, аспаз керек. Жалақысы – жоғары» деген хабарландыру толып кетті. Мұндай хабарландырулар жаз маусымында сәл саябырсығанымен, күзгі орақ басталар тұста қайта өршиді.

Диқандар мұны бүгінде алпыстың ар жақ-бер жағына келіп қалған бұрын­ғы аға буын механизатор, ком­байн­шылардың көбі зейнеткерлікке шығып, аттан түсе бастаған соң туын­дап отырған жағдай деп түсіндіреді. Ал кеше ғана колледж бітірген жас маман ауылдың ыстығына күйіп, суығы­на тоңғысы келмейді. Облыста ауыл шаруа­шылығына тракторшы, комбайн­шы, токарь, дәнекерлеуші маман даярлайтын 16 лицей, 20 шақ­ты колледж жұмыс істейді. Бірақ бұл білім ошақтарының шәкірт­тері оқуын тәмамдаған соң, ауыл шаруа­шылығымен айналысатын серік­тес­тіктен гөрі қалалық кәсіпорындарға жұмысқа тұруды қалап тұрады. Яғни қазіргі жастар ауыл шаруашылығына қажет жұмысшы мамандықтарға, мүмкіндігінше, бармауға тырысады. Жұмыс беруші мен жұмыс күшінің мұрат-мүддесі бір арнада тоғыспаған соң, серік­тестіктердің көбі негізгі жұ­мыс­шы маман күшін тек науқан кезінде ғана жалдауға мәжбүр.

– Механизаторларымның дені қар­тайды. Олар әрі кеткенде 4-5 жыл жұмыс істейді. Одан кейін не болатынын болжау қиын. Қазір көп серік­тестіктерде жақсы техника бар, бірақ оны күтіп, баптап жүргізетін механизатор жоқ. Ауылға жастар келмей жатыр. Қазіргі механизатор еңбек нарығында өзіне сұраныс жоғары екенін жақсы білетіндіктен, кез келген уақытта жұмысын тастап кетуден тайын­байды. Көктемгі егін, күзгі дән орағы болсын, оған бәрібір.

Егін өзінікі болмаған соң, ол алқапқа шыққан трактор сәл тоқтап қалса, шаруашылыққа қыруар шығын келетінін ойламайды да. Жұмыс берушімен арада сәл кикілжің туса, қолын бір сілтейді де, кетіп қалады. Мұның кесірі бүкіл шаруашылыққа тиеді. Өйткені науқан қайнап тұрған шақта әр минут алтыннан қымбат. Мәселен, механизатор кетіп қалып, жүріп тұрған екі К-700 тоқтап қалды делік. Жер иесі басқа механизатор іздеп тапқанша кем дегенде бір апта уақыт кетеді. Науқан бір апта кешікті дегенше, миллиондаған қаржы желге ұшты дей беріңіз: егін шығымы екі-үш есе төмендейді. Жаңа механизатор жеткенше, топырақ ылғалынан айырылып, мерзім өтіп кетеді де, еккен дән де, еткен еңбек те зая кетеді.

– Қазіргі жұмысшылардың моральдық деңгейі мен өз ісі­не деген жауапкершілігі өте тө­мен дәрежеде. Біз дәл қазір­гі жағдайда жұмыс сапасына ешқан­дай талап қоя алмай отыр­мыз. Техниканы күтіп жүр­гізуді, оның сыр беріп тұрған тұ­сын алдын ала аңғарып, дер кезінде қажет бөлшегін ауыс­тыруды талап етпек түгілі, бұл туралы сөз қозғау мүмкін емес. Осы көктемгі науқанда бір механизатордың кемшілігін көрсетіп, қатаң талап қойдым. Жеке басын қор­лайтындай ештеңе айтқан жоқ­пын. Әлгі кісі бірден жұмыс іс­темеймін деді де,  қолын жуып, сөзге құлақ аспастан тартып отыр­ды, – деді аты-жөнін атамау­ды сұраған орта шаруа.

– Көп шаруашылықтарда механизатор әрі кеткенде төрт-ақ ай жұмыс істейді. Қалған сегіз ай жұмыссыз, жалақысыз үйінде отырып қалады. Амалы қалмаған соң, қалаға кетпей қайтеді. Сондықтан егіншілік пен мал шаруашылығын қатар дамыту керек. Сонда жұмыс та, жұмысшы да болады. Мысалы, біздің агрофирмада маман тапшылығы жоқ.  Жұмысшылар 10 ай бойы жұмыс істейді. Көктемде егін басталады, егіннен соң шөпке шығып, мал азығын дайындайды. Одан соң орақ, ол біткен соң жер жыртып, тұқым тазартады. Қыста біразы малға шығады, жол тазартады, қалғаны жылы жерде техника жөндеуге көшеді. Тұрақты алып тұратын жақсы жалақысы, тоқсан сайын берілетін сыйақысы бар. Сондықтан шаруашылықта механизатор да, комбайншы да жеткілікті, – дейді атақты диқан Сайран Бұқанов.

 

Сарапшы пікірі

Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, ғы­лым кандидаты Елубай Аман­жоловтың айтуынша, ең бастысы, ауыл халқы жұмысқа үйренбей, сол маңайдағы егін­шілік алға баспайды.

– Біздегі егінін орып алып шетелге демалуға кететіндер жергілікті жерден жұмыс күші табылмаса, басқа облыстардан 40-50 адамды жалдап алып келеді. Мұнымен мәселе шешілмейді. Жақсы механизаторды ауылда ұстау үшін оған қыстыгүні де жұмыс тауып беріп, жағдайын жасап отыру қажет. Өйткені нау­қан аяқталған соң, олар ал­ты ай қыс жұмыссыз қалады. Осы­лайша, жазда 200-300 мың тең­ге тапқан механизатор қыста айлықсыз қалып, қалаға кетуге мәжбүр болады. Қазір іргелі ша­руашылығы бар азаматтар осын­дай жұмысшылар кетіп қа­лмауы үшін ақша төлеп отыр. Бұл өте дұрыс. Өйткені адам бір жерден екінші жерге жүре бермеуі керек. Бір ауылға бауыр басып, сол жердің қамын ойлап, сол жерді гүлдендіруге ұмтылуы керек. Жері, қаржысы барлар жері жоқтарға қамқорлық жасап, соларға жұмыс тауып беруді ойлауы керек. Қазір ауыл халқына мал ұстау қиын болып отыр. Кезінде жер саудаға түскенде, жайылымның бәрі кетті. Жайылым дауының артында бүтін ауылдың тағдыры тұр. Ол үшін соттасып жатқандар көп. Ауылдан шалғай жердегі көл жағасында, егін шықпайтын жерлерде жайылым бар. Бірақ оған малын айдап өтейін десе, жолдың ені 3-ақ метр, екі жағы егін. Соның бәрін жан-жақты қайта қарау керек. Бұрынғы жа­йы­лымдар қайтарылып, ауыл әкі­міне берілгені жөн. Ауыл әкімі реттейтін жұмыс бұл, – дейді еңбек ардагері.          

 

Механизатор не дейді?

Берік Абдуллин облыс орта­лығындағы ірі сауда орталы­ғында автокармен тауар түсіріп, жүк тасиды. Осыдан біраз жыл бұрын Жітіқара ауданында бір­неше шаруашылықта механи­затор болып жұмыс істеп кө­ріпті. Трактор тізгіндеп, комбайн да жүргізген. Өз айтуынша, алдыңғы қатарлы меха­низаторлардың бірі болыпты.  Бірақ ауылда дұрыс жағдай болмаған соң, қалаға қоныс аударуды жөн санапты.

– Шаруашылық басшылары науқан кезінде ғана дұрыс айлық төлейді. Қалған уақытта азын-аулақ ақшаны қанағат ету­­­ге тура келеді.  Жалақы тұ­рақ­­­ты болмаған соң, ауылда өмір сүру қиын. Алты ай қыс отын жағу керек. Ағаш, көмір қым­­бат. Оның үстінде, ауыл мек­­те­­бінде тұңғышым оқитын жо­ғары сынып болмай қалды. Осылайша, бала-шағаның бо­лашағы үшін 2014 жылы қалаға көшіп келдім. Мұндағы айлық тұрақты. Балаларым да жақсы мектепте білім алып жатыр. Был­­тыр Тұрғын үй құрылыс жи­­нақ банкі арқылы баспаналы болдық. Ауылда тұрғанға не жетсін. Бірақ азын-аулақ жерің, техникаң болмаса қиын ғой, – деді Б.Абдуллин.      

 

Қостанай облысы