Бұлар – кәдімгі атам заманнан қиыр қонып, шет жайлап жүретін Шыңжан-Алтайдың қазақтары. Алғаш 1930-жылдары Өр Алтайдан үркіп, қазіргі Шыңжан өлкесінің оңтүстік-шығысына ауып барады. Онда да байыз таппай ақыры 1940 жылы Үндістан асып кеткендер. Марқұм Халифа Алтай осы көштің бел ортасында жүрген. Осы атамыз өзінің естелігінде: «Алғаш Алтайдан көшкенде 36 мың адам едік, 1941 жылы Үндістанға осыдан 3039 тірі жеттік. Арада бір жыл өткенде жерсінбей 2000-ға тарта адам өліп кетті. 1942 жылы 1150 адам тірі қалдық. Содан 1946 жылға дейін бірде-бір әйел баласы құрсақ көтермеді. Тура жетінші жылы дегенде алғашқы бала туды» деп қиын жылдардың зарын жазыпты.
Сринагар қаласы – Кашмир өлкесінің орталығы. Ол тұста Кашмир өлкесі Үндістан мен Пәкістан арасындағы даулы өңір болатын. Халқының көбі мұсылман дінін ұстанатын болғандықтан алғаш Үндістанға өткен қазақтар осы өңірге ойысып келген. Оның бер жағында Кашмирдің билеушісі Шейх Мұхамед Абдулла қазақтарды жерінен ауған «мұхажир» санап көп көмек көрсеткен.
Осы қазақтарға 1951 жылы жоғарыдағы америкалық журналшы келіп, бір жыл бірге тұрады. Қазақтың тілін үйренеді. Кино түсіреді. Марқұм Халифа атамыз: «Е, ол біздің Кларк емес пе!» деп сүйсініп айтып отырғанын талай естіген едік.
Суретке қарап отырып, бұл қазақтарды дүниенің жартысын айналып, соның ішінде даланың қоңыр аңы да өте алмайтын атақты Такламақан шөлін басып өтіп, Гималайдан асып түскен. Жан баласы баспайтын Тибеттің Дуньхуан өлкесіндегі Цзяньфодун жартасын көктей өтіп, ұзындығы 1 миль үңгірдегі будданың мүсіндері мен фрескалық өрнектерін көрген. Артынан өкшелеп қуған жаудың әскерлерімен аянбай соғысып, 90 пайызы жолда қырылған бейбақтар деп айта аламыз ба? Шындығында солай. Бірақ суретте көшпенді өмірдің салтанаты байқалып тұрған жоқ па? Көп жылғы өмір мен өлім арпалысы қазақтардың сағын сындыра алмапты.
Америкалық журналшының мақаласын тарихшы Сәбетқазы Ақатай марқұм өткен ғасырдың 90-жылдары қазақ тіліне аударып, жарияламаққа ниет еткен көрінеді. Содан шағын үзінді ұсынғанды жөн көрдік: «...Мен Кашмир жазығындағы Сринагарда ата-бабалары 2 мың жыл Орталық Азияда көшіп жүрген ерекше халықтың өкілі – қазақтардың арасында бір жыл болдым. Қасіретті жорықтың қатал сынын артқа тастаған қазақтар енді ес жия бастаған секілді. Олардың дәулескер ауыз әдебиетін тыңдаған алғашқы америкалық мен болармын. Бұл көшпенділер жаз шыға шаңы мен қапырығы ығыр қылған жерді тастап жайлауға шықты. Кашмирлік арғымақтарын ерттеп мінген олар (мені де ертіп алды) тауға шығып кетті. Бие байлап рахат өмірді бастады...».
Милтон Дж.Кларк қазақтардың өмір тарихын зерттеумен ғана айналыспаған көрінеді. 1954 жылы бұлардың Түркияға көшуіне мұрындық болған. Тіпті 1953 жылы АҚШ-тың президенттігіне үміткер Адлай Е.Стевенсонды Сринагарға ертіп келіп, қазақтардың өмірімен таныстырған. Хасен Өралтай ағамыздың айтуынша, Милтон Дж.Кларк АҚШ-тағы ЦРУ-дің қызметкері. Ол қазақтарды шынында коммунистік режімнің тепкісінен қашты ма, жоқ па дегенді анықтау үшін жіберілген адам дейді.
Қалай десек те бұл суреттер бүгінгі қазақ диаспорасының тарихи құжаты ретінде қымбат. Діттеген жеріне жете алмай қаза тапқан немесе қаңғырып басқаларға қолды болып кеткен бейбақтардың сарқытындай тарихтан бізге жеткен тәбәрік.
Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бұл қазақтардың аласапыран өмірі жайлы: «Туған жерінен тыс бүкіл Жер шарына шашырап өмір сүріп жатқан бес миллионға жуық қандастарымыздың қандай қайғылы да, қорлықты жолдан өткенін бүгінгі көзі тірілердің ешқайсысы да өз деңгейінде барша қасірет қайғысымен бейнелеп бере алмайды. Өйткені кейде құжат жетіспейді, кейде босқындардың тұтас көш керуенінің іздері белгі-бедерсіз тау шатқалдарына сіңіп, жоқ боп кетеді немесе мүрделері қазақ даласынан шалғайда атаусыз қалған», деп атап өтіпті. («Тарих толқынында» Алматы, «Атамұра» 1999 жыл, 140-бет)
Шындығында қазақ тарихындағы аса бір елеулі оқиға түйелі көшпен «Гималай асқан» көшпенділер туралы соңғы жылдары бірнеше шығарма жарық көрді. Х.Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Д.Жаналтайдың «Қилы заман – қиын күндер», Хасан Өралтайдың «Елім-айлап өткен өмір» кітаптарында егжей-тегжейлі баяндалған.