Биыл электр энергиясын өндіру секторына 80 млрд теңге инвестиция тартылуға тиіс. Алайда бұл қаражат станса жабдықтарын жаңғыртуға жетпейді. Ал стансалардың тозу деңгейі жылдан-жылға артып барады. Қазір шамамен 60% ескірген. Яғни электрмен жабдықтау сапасына қауіп төніп тұр деуге болады.
– Бұл факт электр қуаттарының апаттық істен шығуы, тұтынушыларды электрмен жабдықтау сапасының төмендеуі сияқты оқиғалардың жиілеуіне, сондай-ақ көрші елдерге тәуелділіктің ұлғаюына себеп болып отыр. Мысалы, былтыр 3 996 технологиялық бұзушылықтарға жол берілген. Биыл технологиялық бұзушылықтар саны 1,3%-ға азайды. Бірақ жылу беру кезеңінде ең көп жабдық іске қосылғанда 135-ке немесе 6%-ға артып отыр, – дейді Айдос Дәрібаев.
Оның айтуынша, бұл жағдай Қазақстандық тұтынушыларды көрші елдерден электр қуатын реттеу жөніндегі қызметтерді жылына 8 млрд теңгеден астам сомаға сатып алуға мәжбүрлейді. Бұл да электр энергиясының түпкілікті бағасына әсер етеді.
Биыл энергия өндіруші ұйымдардың шекті тарифтерінің орташа ұлғаюы 16% деңгейінде болжануда. Бұл ретте Қазақстанның барлық аймағында электр энергиясын таратуды іске асыратын Екібастұз ГРЭС-1 шекті тарифі 0,7%-ға өседі. Электр стансаларының шекті тарифтерін уақтылы түзету алдағы күзгі-қысқы кезеңдерден табысты өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ 27 мың жұмыс орнын сақтауға жәрдемдеспек.