Қоғам • 01 Шілде, 2020

Аулалардағы ахуал

166 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ауа жайылып, үдеп бара жатқан індет қарқыны кісі шошырлықтай. Қай жағынан да оңай соқпай, құрбаны да аз болмай тұр. Күнделікті ақпаратты майдан даласынан келген мәлімет дерсің, - деп жазады Egemen.kz.

Аулалардағы ахуал

Расымен вирус билік құрып, індет өршіп тұрғанда жаймашуақ хабар қайдан болсын. Нағыз бір ес жиып, өзіңнің де, маңайыңның да, туған-туыс, ауыл-аймақ, көрші-көлеміңнің де қауіпсіздігін ойлар шақ туды. Өйткені ауру жас таңдап, әлі балғын балауса екенсің, сені айналып өтейін деп немесе сен байсың, сен кедейсің деп  ажыратпайды, жынысына да қарап жатқан жоқ.

Ал осындай ел үшін, ұлт үшін алмағайып кезең туғанда әркім ақ ойлануы тиіс қой. Бірақ терезеден аулаға көз тіксең олай деп айта алмайсың. Өріп жүрген адам, у-шу болып ойнаған бала. Ана бір темір әткеншекке күніне қанша бала  отырып, қанша ересек ұстап тербетті. Ал темір, пластик бетінде вирус сақталу қауіпі бірнеше тәулікке барады емес пе?

Өзге қалаларды қайдам, ал елордада әрбір төрт-бес үйлік орамада дене жаттығуларына арналған  қаншама құрылғылар бар. Бұрын вирус жоқта соның барлығы үлкен қуаныш еді. Күніне бір мезгіл шығып, бойдағы құрыс-тырысты жазып, қимылдап, үйге бір қыруар шаруа тындырғандай кіретін едік. Қазір жақындауға қорқасың. Ол жер кәдімгі құмырсқаның илеуіндей, адам құжынап жүр.

Кеше нан алуға ауладағы дүкенге шықтым. Әлгі жерде ойнап жүрген бір баланың қолында не қолғабы, не аузы-мұрнын жапқан тұмшасы жоқ. Аналары аузын жауып, мұрнын ашып қойып жайбарақат отыр. Көз алдымда талай адам ұстап кеткен темірден қолын жаңа ғана босатқан бала көзін уқалады. Жаным шығып кете жаздады. Балам, сен қазір ауру бар екенін білесің бе? Мына темірді ұстаған қолыңмен ешқандай залалсызданбастан көзіңді уқалап жатсың, тез үйіңе барып беті қолыңды дұрыстап сабындап жу дедім. Бұл бір сәтте шыққанда куә болғаным ғана. Ал күніне сондайдың қаншамасы өтіп, қанша бала вирус жұқтыру қауіпіне ұшырап жатыр. Сонда ата-ана үшін бала өмірінің маңызды болмағаны ма? Сірә бұл үлкеннің жауапсыздығы. Бауыр етіне қолына қолғап кигізіп, бетін тұмшалап, антисептигін беріп шығарудың өзінің қауіпі бар, ал ал жалаңаш, ештеңемен қаруландырмай, балаға көзіңе қолыңды тигізбе, ауызыңа сақ бол, аулада ештеңені аузыңа салма демей тәуекел етіп қоя беру еш ақылға сыймайды –ау, сыймайды. Көзсіз ерлік пе, әлде мүлдем еш нәрсенің парқына бойлап ойлай алмайтын ессіздік пе?

Балалар бір-бірімен асыр салып ойнап жатқанда ең болмағанда көз салып қойсайшы. Үш келіншектің әңгімелері қызған, балаға қарар шама жоқ. Күніне қанша адам ауырып жатқанын, вирустың ауадан жіберіліп жатқанын әңгіме етуде. Дүкенге жүгіріп кіріп шыққан бала тәттілер алып, ойын алаңында тұрып өзі жеп, жанындағы достарына беріп жатыр. Ешқайсы қолын спиртпен сүртпеді, өйткені қамсыз ата-ана ойынға шыққанда қалтасына салуды қадағаламаса қайдан болсын. Қолдарына тәтті түскендеріне мәз. Ауасы желдетілмейтін ол дүкенге күніне қанша адам кіріп шықты, қайсы сау, қайсы өзі білмей ауру жұқтырып оны таратып жүр? Кім біледі? Қазақтың "Құдай да сақтансаң, сақтармын" деген данышпандығын басшылыққа алатыны қайда қалғаны белгісіз. Әйтеуір аула біткенде қамсыз жүрген халық. Тіпті көп қабатты үйлердің жеделсатысының ішіне кіру де қауіпсіз емес. Балалар болса сонымен тұмшасыз неше рет көтеріліп, неше рет төмен түсіп жүр. Ойлаудың өзі қорқынышты.

Терезеден қарап тұрмын. Әне, аулаға "Жедел жәрдем" келіп тоқтады. Ішінен аппақ киімді бас-аяғы тегіс тұмшаланған медицина қызметкерлері түсті. Жылдам басып ішке еніп барады. Үлкендерсіз өздері ғана ойнап жүрген балалар аңтарылып шамалы тұрды да ойындарын әрі қарай жалғастыра берді. Ал сол маңайда отырғышта отырғандар жедел орындарынан тұрып, баласын қолдарынан жетектеп үйлеріне кіріп барады. Қалған балалар қала берді. «Жедел жәрдем» келгенін көздерімен көргендер балаларын аулаға қайтып шығара ма білмеймін, ал ана ойнап жүргендер қаперлеріне де қыстырған жоқ. Бәлкім Тұрғын үй басқармаларына қай үйде ауру барлығы жайында мәлімет түсіп, оны олар әр үйдің ауласына хабарландыру тәрізді күнделікті жаңалап, іліп қоюлары керек шығар. Әйтеуір елді құлақтандырып, аяқтарын тартатындай еткізетін амал керек!

Не болса да аулалардағы ахуал қатты алаңдатады.