Қоғам • Бүгін, 10:14

Жетісу төріндегі ерекше фестиваль

4 мин
оқу үшін

Жетісу төрінде өткен IV Халықаралық «Biken Fest» театр фестивалі қорытындыланды. Қазақ театр өнерінің жарық жұлдызы Бикен Римованың есімімен аталатын мәдени шара биыл да жоғары дәрежеде өтті. Әлемнің әр түкпірінен келген театр ұжымдарының басын қосып, өнер мен руханияттың үлкен мерекесіне айналды.

Жетісу төріндегі ерекше фестиваль

Суретті түсірген – Жұмабай Мұсабек

Бес күн бойы Талдықорған қаласы театр өнерінің халықаралық орталығына айналып, көрермендер отандық және шетелдік театрлардың үздік қойылымдарын тамашалау мүм­кін­дігіне ие болды. Фестиваль аясында еліміздің жетекші театр­ларымен қатар Грузия, Түркия және Өзбекстаннан келген шы­ғар­машылық ұжымдар өз өнер­лерін ортаға салып, көрер­мен­нің ыстық ықыласына бөленді. Түркияның тәуелсіз «Painted Bird» театрының жетекшісі Жале Карабекир қуаны­шын жасыра алмады.

«Biken Fest» фестиваліне қаты­су біз үшін үлкен мәртебе. Өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдырған Бикен Римова сынды тұлғаның құрметіне арналған фестивальден шақырту алу ерек­ше қуаныш сыйлады. Ұйымдас­тыру деңгейі өте жоғары. Әртүрлі бағыт­тағы қойылымдарды тамашалап, көптеген шығармашы­лық тәжіри­бе жинадық. Бізді шақырған ұйым­дастырушыларға шынайы алғы­сымызды білдіре­міз», деді ол.

Аталған фестиваль тек өнерді бәсекелестік алаңына емес, шығар­ма­шылық диалог пен мәде­ни байланысты нығайтудың құралына айналдырды. Сондықтан мұнда жеңімпаз бен жеңілген жоқ. Барлық қатысушы театр ұжым­дары жоғары кәсіби шебер­лігі мен сахналық ізденістері үшін арнайы дипломдармен марапатталды.

«Қазақ көрермені бізді ерекше жылы қарсы алды. Халықтың қонақжайлығы мен мәдениетке деген құрметін сезіндік. Бұл сапар ұмы­тылмас әсер қалдырды. Болашақта Қазақстанға тағы да келуді қалай­мыз», деді түркиялық театр әртісі Пелин Оруч.

Фестиваль барысында әр елдің театр мектептері мен сахналық дәстүрлері тоғысып, тәжірибе ал­масуға мүмкіндік туды. Бұл өз кезегінде театр өнерінің дамуына тың серпін беріп, шығармашылық ізденістердің көкжиегін кеңейтеді. Сонымен қатар қазақ театр өнерін халықаралық деңгейде танытуға және ұлттық мәдени құн­ды­лық­тарды дәріптеуге негіз болды. Бикен Римова сынды сахна саң­ла­ғы­ның есімін ұлықтау арқылы жас ұр­паққа өнердің қадір-қасиеті насихатталды.

Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, актер Кенде­бай Темірбайұлы мұндай жоба­лар­дың халықаралық мәдени байланыстарды дамытудағы рөлі ерекше екенін атап өтті.

«Бұл фестивальдің жыл сайын өткізілуі оның мазмұны қайта­ланады деген сөз емес. Әр жылы жаңа театрлар келіп, жаңа шы­ғар­ма­шылық ізденістер мен тың идеялар ұсынылады. Мұндай мәдени жобалар халықтарды жа­қын­дастырып, мемлекеттер ара­­сын­дағы достық пен мәдени байланысты нығайтады. Бұл – әлемнің әр қиырынан келген өнер майталмандарының басын қосатын үлкен рухани алаң. Әсіресе жастардың театр өнеріне қызы­ғушылығының артуына ықпал ететіні қуантады. Қазақстан театр өнерінің абызы Асанәлі Әшімов­тің бастамасымен дүниеге келген «Biken Fest» бүгінде халықаралық театр кеңістігінде өзіндік орны бар беделді фестивальге айналды», деді ол.

Фестивальдің жабылу рәсімі де ерекше әсерлі өтті. Кеш барысында «Ұлытау» этнорок тобы, әнші Мақсат Рахмет, «Қарақат» мектеп-студиясының «Жетіген­ші­лер» ансамблі мен Данеш Рақышев атындағы облыстық филар­мо­ния­ның «Жетісу» би ансамблі өнер көрсетіп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Осылайша, IV Халықаралық «Biken Fest» театр фестивалі қоры­тындыланды. Алайда оның сахна төрінде басталған шығар­ма­шы­лық байланыстары мен рухани әсері алдағы уақытта да жалғасын табары сөзсіз.

Жетісу облысы

Соңғы жаңалықтар

Берлинде бас қосқандар

Таным • Бүгін, 11:18

Ұшақ қонатын күн алыс емес

Аймақтар • Бүгін, 11:17

Жалғыздықты жеңген мейірім

Аймақтар • Бүгін, 11:14

Елдос татамиге оралады

Спорт • Бүгін, 11:08

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 11:05