Қоғам • Бүгін, 11:24

Түркияны тәнті еткен Ақбақай

2 мин
оқу үшін

Ыстанбұл қаласында өткен VIII халықаралық этноспорт мәдени фестивалінде (Ethnosport Culture Festival) ел намысын қорғаған Балқаш пен Баянауылдың қос тазысы әлем назарын аудартты. Сөйтіп, балқаштық тазы Ақбақай халықаралық медальға ие болды.

Түркияны тәнті  еткен Ақбақай

Төрт күнге созылған дүбірлі этнофестиваль әлемнің жиырмадан астам елінен келген спортшылар мен мәдениет жанашырларының басын қосты. Бәсі биік бұл дода ұлттардың салт-дәстүрі мен төл мәдениетін тоғыстыратын ауқымды іс-шара ретінде салмағы бар. Фестиваль барысында жүйрік тазы жүгірткен итбегілермен қоса, бүркітшілер құс салып, көшпелілер мәдениетінің қыр-сырын әйгіледі.

Мәдени көште көпшіліктің көзайымына бөленіп, баспасөз беттерінің басты тақырыбына айналған Балқаш қаласының тұрғыны Ағыбай Жасанбековтің Ақбақай атты тазысы еді. Екі қар басқан (2 жасар) Ақбақай жүйріктігімен, тұрпатымен, сымбатымен шетелдік қонақтарды сүйсіндірді. Нәтижесінде, қазақ тазысы фестивальдың арнайы медалімен марапатталды. Бүкіләлемдік этноспорт федерациясының өкілдері де құмай тазыға ерекше қызығушылық танытқан. Ақбақайдың иесі Ағыбай Түркияға өзі бара алмай, баптаған жүйрігін досы Айбат Тілеуовке аманаттап, аттандырған еді.

– Біздің қазақ тазылары алыс-жақын шетелдерде мойындалып жүр. Досымның айтуынша, Ақбақайдың тектілігіне тәнті болған шетелдіктер оны қомақты қаржыға сатып алуға да ұсыныс жасаған. Соған қарағанда тазым фестивальдың жаңалығы болған секілді, – дейді мақтанышпен Ағыбай Жасанбеков.

Ақбақайдың иесі Ағыбайдың тазы мен төбет өсіріп келе жатқанына 20 жылға жуықтаған. Ол Ақбақайды сонау Маңғыстау облысынан, бір айлық күшік кезінде алдыртыпты. Тазы қоян мен түлкі қуып, аңшылықтың қыр-сырын меңгерген. Сонымен қоса аудандық деңгейдегі «шырға тарту» ­жарыстарына қатысып, шыңдалған. Жылдамдығы, төзімділігі мен ақылдылығы таңғалдырып отыр.

«Жүйрік тазымның тұқымын көбейтуді жоспарлап отырмын. Алдағы уақытта түрлі халықаралық көрмелер мен байқауларға қатысып, тазымызды әлемге танытқымыз келеді. Сол арқылы өскелең ұрпақтың бойында ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілікті оятсақ дейміз», дейді иесі.

Бүгінде кейіпкеріміз тазыларын Балқаш әуежайының маңындағы шағын аумақта жаттықтырып жүр. Тұлпарларымен ұлттық спорт түрлеріне дайындықты осы маңда өткізетін көрінеді. Алайда уақыт өткен сайын бұл жер тарлық етіп келеді. Саятшының алдағы арманы – Балқаш қаласында қазақы ит тұқымдарын сақтап, дамытатын жеке питомник ашу.

Қарағанды облысы

Соңғы жаңалықтар

Берлинде бас қосқандар

Таным • Бүгін, 11:18

Ұшақ қонатын күн алыс емес

Аймақтар • Бүгін, 11:17

Жалғыздықты жеңген мейірім

Аймақтар • Бүгін, 11:14

Елдос татамиге оралады

Спорт • Бүгін, 11:08

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 11:05