Спорт • Бүгін, 11:05

Жарыс күнделігі

3 мин
оқу үшін

«Найман» деген жанама есіммен танылған Қуат Хамитов 11 шілдеде Грузияның Батуми қаласында өтетін RAF (Real American Freestyle) турнирінде Арменияның атақты спортшысы Арман Царукямен күш сынасады. 29 жастағы Арман қазір UFC-дегі ең белді шеберлердің бірі. Орта салмақтылардың рейтингінде ол екінші орында нық тұр. Царукянның алдында тек америкалық Джастин Гэтжи. Бұл салмақтың чемпионы – грузиялық Илья Топурия. Қап тауының тумасы 26 рет октагонға шығып, 23 бәсекеде басымдық танытты. 15 айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Ал 38 жастағы Қуат 27 рет жеңіске жетіп, 8 кездесуде жеңіліс тапты.

Жарыс күнделігі

Жарыс жолында қалған жалғыз теннисшіміз Анна Данилина сербиялық Александра Круничпен бірге «Ролан Гарростың» жартылай финалына жолдама алды. Кеше олар аустралиялық Эллен Перес пен нидерландық Деми Схюрске 6:2, 7:6 есебімен сан соқтырды. Жастар сайысында Заңғар Нұрланұлының жолы болмады. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарын қапы қалдырған қандасымыз 1/8 финалда бразилиялық Леонардо Шторк Франктан ұтылды – 3:6, 7:6, 5:7.

World Boxing федерациясы әлемдік рейтингті жаңартты. Бүгінде еліміздің төрт боксшысы өз салмақ дәрежелерінде үздік деп танылып отыр. Олар – Санжар Тәшкенбай (50 кг), Махмұд Сабырхан (55 кг), Төрехан Сабырхан (70 кг), Айбек Оралбай (+90 кг). Өзге жуан жұдырықты жігіттеріміз мынадай сатыларға жайғасты: Айбек Оралбай (80 кг) – 2, Оразбек Асылқұлов (60 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг) – 3, Сағындық Тоғамбай (90 кг) – 6, Ертуған Зейнуллинов (55 кг) – 7-орын. Қалған алты салмақтың тізгіні Әбдумәлік Халоков (60 кг), Асадхужа Муйдинхужаев (65 кг), Фазлиддин Эркинбоев (75 кг), Жавохир Умматалиев (80 кг), Ақмалжон Исроилов (85 кг), Тұрабек Хабибуллаев (90 кг) сынды өзбек өрендерінің қолында.

16-22 маусым күндері Қытайда шахматтың рапид пен блиц түрлерінен өтетін командалық әлем чемпионатына еліміздің «KazChess» клубы қатысады. Команда сапында біздің Бибісара Асаубаева мен Қазыбек Нөгербектен бөлек, әзербайжандық Шахрияр Мамедьяров, ресейлік Александр Грищук, мажарстандық Рихард Раппорт, қытайлық Ван Хао сынды легионерлер де өнер көрсетеді. Жарыстың жүлде қоры – 500 000 еуро.

Еліміздің танымал аралас жекпе-жек шебер­ле­рі – Азат Мақсұм (15-3) мен Жасұлан Әкімжан (11-4) Шешенстанның АСА промоушенімен келісімшартқа отырды.

Әлемдегі ең әдемі теннисші қыздардың тізімі жарияланды. Сұлулар рейтингінде біздің Елена Рыбакина да бар. Еліміздің бірінші ракеткасына 11-орын бұйырыпты. Көріктілердің алғашқы ондығына мына ойыншылар енді: Анна Курникова мен Мария Шарапова (Ресей), Ана Иванович (Сербия), Анна Калинская (Ресей), Габриэла Сабатини (Аргентина), Крис Эверт (АҚШ), Эмма Радукану (Ұлыбритания), Эжени Бушар (Канада), Каролин Возняцки (Дания), Паула Бадоса (Испания).

Дайындаған –
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Egemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар

Берлинде бас қосқандар

Таным • Бүгін, 11:18

Ұшақ қонатын күн алыс емес

Аймақтар • Бүгін, 11:17

Жалғыздықты жеңген мейірім

Аймақтар • Бүгін, 11:14

Елдос татамиге оралады

Спорт • Бүгін, 11:08

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 11:05