Экономика • 02 Шілде, 2020

Табыс өсіп, қарыз едәуір азайды

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Fitch Ratings агенттігі Самұрық-Энергоның шетелдік және отандық валютадағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингін "BB" деңгейінде растады, сондай-ақ Самұрық-Энергоның кредитті өз бетінше төлеу қабілетін "B"-ден "B+"-ке дейін және қамтамасыз етілмеген кредиттер бойынша рейтингін  "BB-"-тен "BB"-ге дейін жоғарылатты. Болжам "Тұрақты", деп хабарлайды Egemen.kz

Табыс өсіп, қарыз едәуір азайды

Қаржыны анағұрлым тиімді пайдалана отырып, кредиттік көрсеткіштерді жақсартудың және Компанияның валюталық тәуекелдерін азайтудың арқасында кредитті өз бетінше төлеу қабілеті артты.

Мойнақ СЭС-інің АҚШ долларындағы несиесін Компанияның холдинг деңгейінде жергілікті валютада қайта қаржыландырып, АҚШ долларындағы несиені жергілікті валютаға конвертациялағаннан кейін, валюта бағамының құбылмалылығына ұшырау анағұрлым қысқарды. Бұл рейтингтердің расталуына ықпал етті. 2016 жылғы 60%-бен салыстырғанда, 2019 жылдың соңына қарай шетел валютасындағы қарыз небәрі 2%-ды құрады. Сол арқылы, Агенттіктің атап өтуінше, Компаниялар тобы қаржылық икемділігін және валюталық қатерлерге төтеп беру қабілеттілігін арттырды.

Расталған рейтингке қоса, Шардара СЭС-інің, Мойнақ СЭС-інің және Алматы электр станциясының жаңа энергия блоктары үшін Компаниялар тобының 2024-2028 жылдарға қуатқа жекелеген тарифтер алуы туралы агенттіктің пікірі де берілген.

Агенттік, тұтас алғанда Компанияның табысы өсуімен қатар, қарызының едәуір азайғанын және соның арқасында қаржылық көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті. Одан тыс, Компанияның кредиттік портфелінің құрамында халықаралық қаржылық институттардың үлесі 30%-тен 42%-ке ұлғайғаны атап өтілді, бұл қарыздар портфелінің сапасы жоғары екенін білдіреді және Компаниялар тобының қаржылық көрсеткіштерін бағалауға айтарлықтай әсер етеді. Компания бұл орайда халықаралық кредиторлармен әрі қарай тығыз ынтымақтасуды жоспарлап отыр.

Компания 100 пайыз мемлекет меншігіне қарасты. Елімізде 2019 жылы генерацияланған электр энергиясының шамамен 30%-ы және жалпы өндірілген көмірдің шамамен 40%-ы Самұрық-Энергоның үлесінде. Самұрық-Энерго дефолтқа ұшырай қалса, оның әлеуметтік-экономикалық салдарын агенттік орташа деп бағалап, компания өз міндеттемелерін орындай алмаған жағдайда, еншілес құрылымдардың операциялық қызметінің басым бөлігі жалғаса береді деп пікір білдірді.