Аймақтар • 02 Шілде, 2020

Оралда Бобров тыныс алу аппараты құрастырылады

902 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында коронавирус індетімен күресті күшейту мақсатында арнайы жиын өтті. Өңір басшысы Ғали Есқалиев медицина ардагерлерімен, денсаулық сақтау және емдеу мекемелері басшыларымен осы мәселені талқылады, - деп хабарлайды Egemen.kz. 

Оралда Бобров тыныс алу аппараты құрастырылады

Өңірде дәрі-дәрмек тапшылығын азайту үшін «Талап» АҚ дәріханаларына 300 мың парацетамол, 45 мың пакет ацетилсалицил қышқылы, "Стофарм" ЖШС дәріханаларына 2 мың цефтриаксон, 1 мың дана ЦЕФ3, 150 дана №50 гроприносин алынды. 4 шілде күні "Медсервис Плюс" ЖШС-не 75 300 дана антибиотик жеткізіледі.

2020 жылдың 10 шілдесіне дейін облысқа парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, анальгин, антибиотиктердің қосымша партиясы жеткізілетін болады.

Сондай-ақ, Қазақстанның Ресейдегі елшілігі арқылы ресейлік өндірушілермен антипиретикалық, қабынуға қарсы препараттар мен антибиотиктерді жеткізу бойынша келіссөз жүргізілуде. Беларусь Республикасының Борисов зауытымен келісім жасалған.

Халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін негізгі дәріханалардың иелерімен дәрі-дәрмекті белгіленген бағамен және бір адамға 5 данадан артық сатпау туралы келісім жасалды. Дәріханаларда бактерияға және вирусқа қарсы препараттар дәрігердің келісімі бойынша сатылады.

Сонымен қатар, қалалық дәріхана желілерінде дәрі-дәрмек бағасын негізсіз өсірушілерді анықтау мақсатында арнайы жұмыс тобы рейд ұйымдастырып жүр. Осының нәтижесінде "Маутова А.Ж." және "И.П.Султанбекова" дәріханаларында шекті бағаны көтеру фактісі анықталған. Ал өңір дәріханаларындағы дәрі-дәрмек бойынша ақпарат www.stopcovid.kz сайтына жарияланады.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірдегі медициналық ұйымдар дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етілген. Коронавирус инфекциясы бар науқастарды емдеу үшін аймақтағы барлық медициналық мекемелер антипиретикалық, вирусқа қарсы препараттар мен антибиотиктермен қамтылған.

Бүгінгі таңда жедел жәрдем станциясында 63 техника қызмет етуде. Алдағы қыркүйек айында жаңадан 35 реанимобиль мен 2 жедел жәрдем көлігі алынбақ.

Жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен көпбейінді қалалық ауруханада қосымша 140 орындық инфекциялық аурухана ашылатын болды. Бұған дейін карантиндік аурухана ретінде пайдалануға жоспарланған облыстық аурухананың ІІ корпусында 130 орындық провизорлық аурухана ашылады. Сондай-ақ, бұрынғы №2 перзентхана базасында қосымша аурухана және ҚПО қаражаты есебінен жұқпалы аурулар ауруханасын ашу мәселесі қарастырылуда. Бұған қоса, аудандардағы жұқпалы аурулар ауруханаларында кереует санын көбейту жұмысы басталған. Тәжірибелі медицина қызметкерлерін онлайн кеңес өткізу шараларына тарту келісілді. Науқастарды үйіне барып жоспарлы емдеу үшін емханаларға 12 автомобиль бөлінетін болды.

Өңірдегі қазіргі ең үлкен мәселе – кадр тапшылығы және оттегі концентраторының жетіспеушілігі болып отыр.

Дәрігерлерге жүктемені азайту үшін Орал қаласындағы Жоғарғы медициналық колледждегі фельдшерлер мен медбикелерді жеделдетіп оқыту қолға алынды. Сондай-ақ, еліміздің басқа қалаларынан университет түлектері келеді деп күтілуде.

Осы кеңесте айтылған жаңалық – алдағы 10 күн ішінде Оралдағы кәсіпорындардың бірінде Бобровтың модификацияланған тыныс алу аппараттарын құрастыру жолға қойылатыны белгілі болды.

Өңір басшысы Ғали Есқалиев медицина ардагерлері мен жекеменшік медициналық мекеме басшыларын ортақ қауіп-қатерге бірлесе қарсы тұруға шақырды.

"Қазір біз үшін кез-келген көмек маңызды. Бізге мамандар, ғимараттар, демеушілік қажет. Мәселе ортақ және оны бірге шешу керек", - деді Ғали Есқалиев.

Соңғы мәлімет бойынша Батыс Қазақстан облысында коронавирустың симптомды түріне 1547 адам, симптомсыз түріне 1338 адам шалдыққан. 66 науқастың жағдайы ауыр. Ауруға шалдыққан 21 сәбидің жағдайы орташа деңгейде. Жасанды өкпе желдеткішіне 13 адам қосылған. Бүгінге дейін коронавирустан облыста 10 науқас қайтыс болды.

 

Батыс Қазақстан