Пікір • 03 Шілде, 2020

«Жатты ел еткен, елді жақын еткен»

338 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Жалпыға мәлім, Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 80 жасқа толып отыр. «Жақсының жақ­сылығын айт, нұры тасысын» дейді дана халқымыз. Ізгілікті мерейтой қарсаңында ұстаздық қызметімде еліміздің барлық мұғалімдері сияқты шәкірттерге, ата-аналар қауымына, әріптес­теріме үлгі етіп айтып отыратын бүгінгі игілікті өмірге жеткізген Елбасының жанқиярлық еңбегі туралы ойларыммен бөліскім келеді.

«Жатты ел еткен, елді жақын еткен»

Әлі есімде, 2005 жылы Алматы қаласы мұғалімдерінің ел Президенті Н.Ә.Назарбаевпен кездесуі болды. Сонда Елбасы толқып тұрып: «Халық тағдыры шешілетін үлкен белестерде, қиын-қыстау шақтарда, сындарлы да қиын сәттерде бірінші көмекшім Сіздер болдыңыздар, қымбатты ұстаздар!» дегені естен кетпейді. Бұл еліміздің бүгінгі даму биігіндегі Елбасының ерек­ше қызметінің тұғырын қа­лаудағы мұғалімдердің үлесіне деген ри­залық пен зор құрмет еді. Оны «Ерім деген ел болмаса, елім деген ер қайдан болсын» дегендей, ел мен ер мұраттарының бірлігінің бір ғана жарқын мысалы деп ойлаймын.

Осы орайда Ресей Федера­циясының Президенті Влади­мир Путиннің дәйекті де не­гізгі сөздері ойға оралады: «Н.Ә.Назарбаев осы сөздің то­лық мәнінде – қазақ халқының тари­­хындағы тұңғыш тәуелсіз мем­лекеттің тұңғыш Пре­зиденті. Ол мемлекет құруды әу бас­тан жүргізді және де мұндай мін­детті ілеуде бір адам ғана ат­қара алады. Бәрі дайын тұрған кезде ол оңай көрінеді. Ал бәрін жаңадан бастап, Қазақстанды бүгін ие болып отырған даму әлеуетіне жеткізу оңай емес. Іс жүзінде бұл орасан зор міндет, әркімнің қолынан келе бермейді. Алайда Н.Ә.Назарбаев бұл міндетті тамаша атқарып шықты».

Нұрсұлтан Әбішұлының елі­мізді ешқандай қауіп-қатерсіз, мейлінше жақсы жағдайда өмір сүретін, дүниежүзілік қа­уым­дастыққа лайық, ХХІ ғасырдың өркен жайған өркениетті біре­гей тәуелсіз мемлекеті етіп, бар­­лық қолайлы жағдай жасап қалыптастыруға арнаған ең­бе­гінің рахаттарын барған сайын айқын сезінудеміз. Тіпті дүние-жүзі тап болған пандемия індеті жағдайында күтпеген тө­тенше қиындықта да мемлекет пен халық біртұтастық танытып отыр. Мұның өзі – Елбасы негіздеген сарабдал саясаттың тарихи негізі, келешегі айқын бірден-бір дұрыс жол екенінің айғағы.

Ал тұңғыш Президенттің еліміз үшін тажал түнегі болған Се­мей полигонын жапқан ер­лігі – Қазақстанның жарқын келешегінен бөлек бүкіл планета бүтіндігін көздегені. Еліміздің тыныштығы мен келер ұрпақтың қауіпсіздігі үшін көршілермен шекараны халықаралық мәнде айқындап, заңдастырып бергені де өлшеусіз көсем іс емес пе?! Аздаған жыл ішінде ғасырлық уақытта атқарылатын елорда тұр­ғызу Елбасының ғана емес, барша халқымыздың жасам­паздығының символы болып әлемге танылып отырғанын қа­лайша мақтан тұтпаймыз. Елор­дамыз Нұр-Сұлтан жаңа сәу­летімен ғана емес, отандық және әлемдік мәндегі идеялар көрігі, жаңаша қарқынды дамудың да үлгісі.

2014 жылдың өзінде-ақ Қазақ­станды дамыған 50 елдің қатарына межелі мерзімінен бұрын жеткізіп, Орталық Азияда қуатты мемлекет құрылғаны әлемге паш етілді. Ендігі жерде ең озық отыз елдің бірі болу жолдарын белгілеп берген стратегиялық бағдарламалар жүзеге асуда.

Әйгілі жырау Майлықо­жа­ның: «Жатты ел еткен, елді жа­қын еткен» деген ер сипаты Ел­басымызға да тән дегім ке­леді. Осы орайда «Біздің ең бас­ты құндылығымыз – берекелі бірлігіміз. Мен ауызбір­шілігі айнымайтын ақжүрек жұр­тымның қуатты ұлтқа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін. Халқымызда: Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұ­рыс болады» деген даналық сөз бар... мерекелі күндерге жет­кізген берекелі бірлігіміз баянды болсын, ағайын» деп айтқандай, өзі салып берген сара жолмен еліміз басына ырыс қонған дамуын жалғастырып келеді.

Мемлекетіміздің экономика­лық-әлеуметтік қуат-күшін арт­тыруымен бірқатар руха­ни-идео­логиялық дамуын да қам­та­масыз ететін жолдар белгіленді. Елба­сының тікелей бастамасымен «Мәдени мұра», «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры», т.б. бағ­дар­­ламалық құжаттар өтке­німіз­­дің, бүгініміздің және келе­шегіміздің руханиятының тарихи сабақтастығын жүйелеп берді. Ғылым, білім, мәдениет және ден­саулық сақтау, т.б. салалар жоға­ры сатыға, жаңа сапаға көтерілді.

Білім саласының қызметкері болғандықтан, Елбасы білім бе­руді жетілдіруді үнемі назар­да ұстағанын айтқым келеді. Жал­пыға белгілі, ХХІ ғасыр әлемдік білім кеңістігінің бірыңғай да­муға көшуімен ерекшеленді. Осы орайда елімізде білім беруде оның дәстүрлі негіздері мен ұлттық сипаты сақтала отырып, мазмұны мен құрылымы әлемдік білім кеңістігіне сай орайластырылды. Білім мазмұны функционалдық сауаттылық бағдарында жаңадан қайта құрылды. Оның саналы оқытылып меңгерілуі үшін Кем­бридж бағдарламасының жаңа технологиясы енгізілді. Мазмұн мен технологияның түбірімен және түбегейлі жаңаруы бойынша жаңа оқулықтар дүниеге келді, электронды оқу құралдарымен жабдықталды. Мұндай өзгерістер мен қайта құруларға лайықты 12 жылдық оқуға арнап жаңа мек­тептер салынды, респуб­ли­ка бойынша барлық оқу орын­­дары компьютерленіп, ин­тер­нет желісіне қосылды. Жал­­пы білім беретін мектеп­тер Назарбаев зияткерлік мек­тебіне, жоғары оқу орындары Назар­баев университетіне бағ­дарлан­ды­рылды. Кәсіптік орта білім бе­ру дуалдық сипат алды. Барлық білім ошағындағы мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін арт­тыру жаңа жүйеге көшірілді, олардың еңбек­ақы­ла­рын біртіндеп жаңа сапаға лайық арттыру қолға алынды.

Бұл жаңарулар мен өзге­ріс­тердің негізі тұңғыш Прези­дент­тің тікелей бастамасымен және басшылығымен қаланды. Олар педагог кадрларға деген қоғам құрметін көтеруді қамтамасыз ету мақсатындағы педагог қыз­мет­керлерінің мәртебесі туралы заңмен бекітілді.

Бүгінде Елбасының көреген­дігімен негізі қалыптасқан білім берудің жаңа жүйесіне көшу одан әрі қарқынды атқарылуда. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев мұғалімдер жалақысының 2022 жылға дейін 2 есе көбейтілетінін педагог кадрлардың біліктілік сапасы жаңаша аттестацияланып, жаңаша арттырылатынын, білім мазмұнының, яғни оқулықтардың жаңа буыны жаңа талаптармен дайындалатынын, т.б. инновациялық білім саясатын жариялап, оны табанды түрде іске асыруда. Білім берудің заман дамуының алдында болуын қамтамасыз етіп отырған жағдайда әлемдік пандемия ұшыратқан ыңғайсыздықтарға да төтеп беру мүмкін болды. Білім ордалары онлайн режімінде өз жұмыстарын үзбей атқаруға қабілетті екенін көрсетті.

«Бүгінгі күн – талантты, жі­герлі, өзіне сенетін, арманға бай және оны жүзеге асыра алатын жастардың күні» дейтін Елбасы өз халқының бойынан іскерліктің де, жанқиярлық еңбек етуге деген белсенділіктің де, табысқа, байлыққа қол жеткізерлік ын­та­лылықтың да табылатынын білді. Соған ынталандырды, әр адамның ерекше еңбек бел­сенділігін көрсетуі тұрмыс сапасын көтерудің шарты екенін айтты. Кезінде Маргарет Тэтчер: «Мен ел басқаруға мынадай нақты бағыт ұстанып кірістім, ағылшын қоғамындағы әрбір адам басқа біреуге қарап алақан жайып отырмайтын, өзінің ертеңгі күніне деген сенімі зор кәсіпкер болуы тиіс, қалғып-мүл­гіп отыратын әдетін тастап, өзіне өзі «тұр да ілгері жүр» дейтін деңгейге жетуі тиіс» деп жазған еді. Біздің Елбасы да өз халқын осындай деңгейге көтеруге бар күшін салды, елімізде оның көптеген үлгісі пайда болып, өрістеуіне жол ашты, жағдай жасады, жалпыға міндетті Еңбек қоғамы тұжырымдамасын да ұсынды. Мен ұстаз ретінде осы­ның өзі жастар тәрбиесінде ай­рықша құнды өнеге көзі деп түсінемін. Елбасының өмір жолы да, еңбек жолы да, азаматтық қай­раткерлігі де ғибраттық үлгі деймін.

Кезінде Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды арыстардың алаштың басы қо­сылған жерде төр мұғалім­дердікі болуы керек деген ізгі тілектерінің әрқашан орын­да­луға тиіс екенінің үлгісін де Елбасы көрсеткенін айту әділ болмақ. 2008 жылы өмірге «Қазақстанның Еңбек Ері» марапаты дүниеге келгені белгілі. Осы марапаттың ең біріншісін Нұрсұлтан Әбішұлы мұғалімдер қауымының өкіліне тапсырғаны да аян. «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы мен «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордендерін Елбасының өз қолынан алып тұрғанымда маған осы ой келді. Нұрсұлтан Әбішұлына ризалық сөзімде осыны айттым, қазір де осылай деймін.

Елбасының әлемді таңдан­дырып, қызықтыра таң­дай қақ­тырған тағы бір кемең­гер­лігіне ризалығымды жасыра алмаймын. Ол – мемлекет басшысының алмасуының асқан тапқырлықпен шебер әрі үлкен-кіші демей, дос-дұшпан демей баршаға ұнасымды атқарылуы. Мемлекетіміздің басына Қ.К.Тоқаевтың ке­луімен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың кемел де сарабдал сая­саты одан әрі ұстамды да табанды, сауатты да нақты сипатты сабақ­тастықпен жалғасын тап­ты. Мі­неки, дау-дамайсыз, ай­қай-шусыз мемлекет тағдыры ше­шілер істі халық ойындағыдай дәл тауы­п жүзеге асып отыр. Бұл үшін ха­лық Елбасының отыз жылдық басшылығына қан­дай құрметпен қараса, сондай ризалықпен қолдау танытты. Осыдан кейін Елбасына, Тұңғыш Президентке қалайша алғыс айтпаймыз.

«Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп төбе­сіне көтерген халыққа, ...толық­қанды тәуелсіз мемлекет құру­дың басында болу бақытын бұйырт­қан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ!» дегеніндей, Нұрсұл­тан Әбішұлы­ның мерейтойымен құт­­тықтай отырып, қуат-күшін әлі де халық игілігіне жұм­сай бе­руіне, денсаулығының мық­ты бо­луына, жасына жас қосы­лып, еңбегінің жеңістері мен же­містерін халқымен бір көруіне Алла ұзағынан сүйіндірсін деген ұстаздық тілектестігімді біл­діремін.

 

 Аягүл МИРАЗОВА,

«Қазақстанның Еңбек Ері»,«Алтын жұлдыз», «Отан» орденінің иегері