Форумды ашқан университет ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Дария Қожамжарова іс-шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақалаларында көтерілген мәселелер аясында өтіп отырғанын, Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы рухани ізденістердегі алар орны ерекше екенін, әсіресе Абайдың «толық адам» ілімі осы тұста өте өзекті болып отырғанын айтып өтті. Форумда Мәдениет және спорт министрлігінің Алматы қаласындағы ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы Н.Қапалбекұлы, академик Х.Әбжанов, Ресей Бас консулдығының консулы И.Переверзева, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің профессоры Ж.Сыздықова, Түркияның Сельчук университетінің профессоры Х.А.Шимшек, Қырғызстандағы Талас мемлекеттік университетінің доценті М.Жусупова, алаштанушы ғалым, профессор Т.Жұртбай, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық Қазақ-түрік университетінің профессоры Д.Кенжетай, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің философия докторы А.Қанапияқызы, мәдениеттанушы С.Ходжикова жаңашыл құнды баяндамалар жасады. Сондай-ақ ғұлама ақынның шығысқа қатысын жүйелі түрде саралаған М.Мырзахметұлының зерттеу жұмыстарының қорытындысы ретінде осы форум алдында ғана жарық көрген «Абайдың толық адам ілімі» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Президент Қ.Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың «толық адам» іліміне арнайы тоқталып өткен болатын. «Біз Абайдың «толық адам» тұжырымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өміріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деді Президент. Бұл орайда профессор М.Мырзахметұлы өзінің «Абайдың толық адам ілімі» атты кітабында бұл ойларды жан-жақты саралайды. «Қытай жерінде б.з.д. алғашқы бес жүз жылдықта қалыптасып үлгерген «жэнь» сөзінің мағынасы адам сүю деген ұғымды береді. Конфуций б.з.д 551-449 жылдары «цзюнь-цзы» яғни жетілген адам ұғымын ендірді. Бірақ бір жүйеге түсірілмеді әрі дәстүрлі жалғастық тауып ғылыми даму жолына түспеді. Тұран мен Иран жерінде пайда болған, кейінірек Үнді жеріне таралған Заростризм дінінің кітабы «Авестада» қайырымдылық, ізгілік дінінің Құдайы – Тара туралы ой-пікірлер желісі ізгілік қайырымдылық ілімінің алғашқы ой-танымдары желі тартқаны, өзіндік дүниетаным тұрғысынан айтылған пікірлер желісі аңғарылады. Тұран жеріндегі б.з.д. жетінші ғасыр басында Алып Ер Тона (Афрасиаб) туралы халық аузында жырланған дастанның үзіктері (600 өлең жолы, яғни 150 шумақ өлең) М.Қашқаридің он бірінші ғасырда күллі әлемге танымал «Түрік сөздігі» арқылы бізге жетіп, шындықтың ой тамыздығына айналуда. Түрік халықтары Алып Ер Тоңа десе, парсылар Афрасиаб дейді. Бұл атаулар мағынасын алғаш рет саралап, ашып берген Жүсіп Хасқаджип Баласағүни болатын. Афрасиабты бас кейіпкер ретінде дүниеге танытқан заростризм дінінің кітабы «Авеста» мен Фирдаусидің «Шахнама» дастаны шұқшия отырып зерделесең ізгілік, жанашырлық жайлы ой-пікірлер желісінен көптеген тума ойлар белгісі ұшырасады», делінген ғалым еңбегінде. Сондай-ақ ғалым түркі халықтарының, оның ішінде қазақ халқының жерінде ізгілік пен қайырымдылықтың бастау көзінде жасалған ақи ілімінің күретамыры бізде, яғни қазақ жерінде жатуы себепті, әрі ол ілім әл-Фарабиде парасаттылық іліміне, ХІ ғасырда жәуанмәртілік іліміне одан әрі Ясауидің хәл іліміне (ХІІ-ХІІІ) айналғанын айтады. Осы дәстүр ХІХ ғасырдың соңында Абайдың толық адам ілімі ретінде көрініс беріп, табиғи жалғастық табуы – айтарлықтай зор рухани құбылысқа айналуда. Отаршылдық қысымнан мінез-құлқы бұзылған, бүгінде тәуелсіз ұлттық республикаға айналған халқымыздың жаңа толқын, жас буын ұрпағын, толық, адам ілімі негізінде тәрбиелеп, рухани жағынан жаңарту міндеті алдымызға қойылуда.
Толық адам (толық инсаният) дегеніміз: Абайдың танытуында – әрбір адам ақылымен, білімімен, мал-дәулетімен біреулерге әділет, шафағатымен жақсылық жасау немесе ақыл, қайратты жүректің қалауымен жүргізіп, оларды тек ізгілікті істерге қызмет еттіру жолы болып шығады. Профессордың түйінді ойы мынадай: «Ендігі мақсат – Абайдың толық адам ілімін енді қайтадан рухани монолитті қазаққа айналудың жолына қызмет еттіру – басты рухани міндетімізге айналуда, бұдан өзге идеологиялық танымды көріп тұрған жоқпын». Филология ғылымдарының кандидаты, доцент, абайтанушы Ақжол Қалшабек алқалы жиынның университет қабырғасындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында өтуі де кездейсоқ емес деп есептейді. Осыдан бір жарым жыл бұрын ашылған «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы профессор Мекемтас Мырзахметұлының жетекшілігімен ойдағыдай еңбек етіп келеді. «Орталықтың негізгі бағыты М.Әуезовтің ғылыми-шығармашылық өмірі болса да Абайға қатысты да тың жаңалығы бар. Мысалы, орталықта тұңғыш рет Абайдың «Китаб тасдиқ» туындысы көлемді зерттеу еңбек нысанына айналды. Абайтану ғылымы уақытпен үндесіп, жаңарып, жасарып келеді. Оның әлі де қоғамға берері көп. Президент Қ.Тоқаев Абайға қатысты тың зерттеулер керектігін айтып өтті. Осы орайда профессор М.Мырзахметұлының көптен бері көтеріп келе жатқан бір ойын жеткізе кетсек дейміз. Яғни, Қытай елі Конфуцийді, неміс халқы Гетені тануда қандай қадамдарға барып жатса, Абайға қатысты біз де сондай игі шараларды атқаруымыз ләзім. Ол үшін Қазақстанда Абайтану мәселелерімен іргелі түрде, бір орталықта айналысу үшін астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында Абай институтын ашу керек. Тағы бір келелі мәселе жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен мектептерде «Абайтану» пәнін оқытудың түйткіл мәселелерін толыққанды шешу керек. Ол үшін оқулықты ғылыми, әдістемелік тұрғыдан саралап, бірізділікке түсіріп, қайта жазу керек», дейді Ақжол Қалшабек.
Осы сынды келелі мәселелер қозғалған форумға қатысушылар ғылыми іс-шара көздеген мақсатына жетіп, табысты аяқталғанына және жас ұрпаққа берері мол екеніне сенімді.
Түркістан облысы