Абай • 03 Шілде, 2020

Абай ілімі: Оны рухани монолитті қазаққа айналудың жолына қызмет еттіру – басты міндет

64 рет көрсетілді

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Түркі әлемі: Абай Құнанбайұлының көзқарастары және ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамының жаңғыруы» атты онлайн жүйеде халықаралық мәдени-ағарту форумы өтті.

Форумды ашқан университет ректоры, тарих ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Дария Қожамжарова іс-шара Елбасы Н.Назарбаевтың  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың  «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақалаларында көтерілген мәселелер аясында өтіп отырғанын, Абай мұрасының қазіргі қоғамдағы рухани ізденістердегі алар орны ерекше екенін, әсіресе Абайдың «толық адам» ілімі осы тұста өте өзекті болып отырғанын айтып өтті. Форумда Мәдениет және спорт министрлігінің Алматы қаласындағы ЮНЕСКО қамқор­лығындағы Мәдениеттерді жақын­дастыру орталығының бас ғылыми қыз­мет­кері, жазушы Н.Қапалбекұлы, ака­демик Х.Әбжанов, Ресей Бас консул­ды­ғының консулы И.Переверзева, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу Мем­лекеттік университетінің профес­соры Ж.Сыздықова, Түркияның Сель­чук университетінің профессоры Х.А.Шим­шек, Қырғызстандағы Талас мемле­кеттік университетінің доценті М.Жу­супова, алаштанушы ғалым, профессор Т.Жұртбай, Қ.А.Ясауи атындағы халық­аралық Қазақ-түрік университетінің профессоры Д.Кенжетай, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің философия докторы А.Қанапияқызы, мәдениеттанушы С.Ходжикова жаңашыл құнды баяндамалар жасады. Сондай-ақ ғұлама ақынның шығысқа қатысын жүйелі түрде саралаған М.Мырзахметұлының зерттеу жұмыстарының қорытындысы ретінде осы форум алдында ғана жарық көрген «Абайдың толық адам ілімі» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Президент Қ.Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында Абайдың «толық адам» ілі­міне  арнайы тоқталып  өткен болатын. «Біз Абайдың «толық адам» тұжы­рымын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерт­теулерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келгенде, өмі­ріміздің кез келген саласының, мемлекетті басқару мен білім жүйесінің, бизнес пен отбасы институттарының негізгі тұғырына айналуы керек деп есептеймін», деді Президент. Бұл орайда профессор М.Мырзахметұлы өзінің «Абайдың толық адам ілімі» атты кіта­бында бұл ойларды жан-жақты саралайды. «Қытай жерінде б.з.д. алғашқы бес жүз жылдықта қалыптасып үлгерген «жэнь» сөзінің мағынасы адам сүю деген ұғымды береді. Конфуций б.з.д  551-449 жылдары «цзюнь-цзы» яғни же­тілген адам ұғымын ендірді. Бірақ бір жүйеге түсірілмеді әрі дәстүрлі жал­ғастық тауып ғылыми даму жолына түс­педі. Тұран мен Иран жерінде пайда болған, кейінірек Үнді жеріне таралған Заростризм дінінің кітабы «Авестада» қайырымдылық, ізгілік дінінің Құдайы – Тара туралы ой-пікірлер желісі ізгілік қайырымдылық ілімінің алғашқы ой-танымдары желі тартқаны, өзіндік дүниетаным тұрғысынан айтылған пікірлер желісі аңғарылады. Тұран жеріндегі б.з.д. жетінші ғасыр басында Алып Ер Тона (Афрасиаб) туралы халық аузында жырланған дастанның үзіктері (600 өлең жолы, яғни 150 шумақ өлең) М.Қашқаридің он бірінші ғасырда күллі әлемге танымал «Түрік сөздігі» арқылы бізге жетіп, шындықтың ой тамыздығына айналуда. Түрік халықтары Алып Ер Тоңа десе, парсылар Афрасиаб дейді. Бұл атаулар мағынасын алғаш рет саралап, ашып берген Жүсіп Хасқаджип Баласағүни болатын. Афрасиабты бас кейіпкер ретінде дүниеге танытқан заростризм дінінің кітабы «Авеста» мен Фирдаусидің «Шахнама» дастаны шұқшия отырып зерделесең ізгілік, жана­шырлық жайлы ой-пікірлер желісінен көптеген тума ойлар белгісі ұшырасады», делінген ғалым еңбегінде. Сондай-ақ ғалым түркі ха­лықтарының, оның ішінде қазақ хал­қының жерінде ізгілік пен қайырым­ды­лықтың бастау көзінде жасалған ақи ілімінің күретамыры бізде, яғни қазақ жерінде жатуы себепті, әрі ол ілім әл-Фара­биде парасаттылық ілі­міне, ХІ ғасырда жәуан­мәртілік іліміне одан әрі Ясауидің хәл іліміне (ХІІ-ХІІІ) айналғанын айтады. Осы дәстүр ХІХ ғасырдың соңында Абай­­дың толық адам ілімі ретінде көрі­ніс беріп, табиғи жал­ғастық табуы – айтар­лық­тай зор рухани құбылысқа айналу­да. Отаршылдық қысымнан мінез-құл­қы бұзылған, бүгінде тәуелсіз ұлттық рес­пуб­ликаға айналған халқымыздың жаңа тол­қын, жас буын ұрпағын, толық, адам ілімі негізінде тәрбиелеп, рухани жағы­нан жаңарту міндеті алдымызға қойылуда.

Толық адам (толық инсаният) де­геніміз: Абайдың танытуында –  әр­бір адам ақылымен, білімімен, мал-дәулетімен біреулерге әділет, шафа­ға­тымен жақсылық жасау немесе ақыл, қайратты жүректің қалауымен жүргізіп, оларды тек ізгілікті істерге қызмет еттіру жолы болып шығады. Профессордың түйінді ойы мынадай: «Ендігі мақсат – Абайдың толық адам ілімін енді қайтадан рухани монолитті қазаққа айналудың жолына қызмет еттіру – басты рухани міндетімізге айна­луда, бұдан өзге идеологиялық таным­ды көріп тұрған жоқпын». Филоло­гия ғылымдарының кандидаты, доцент, абайтанушы Ақжол Қалша­бек алқалы жиынның университет қабыр­ғасындағы «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығында өтуі де кездейсоқ емес деп есептейді. Осыдан бір жарым жыл бұрын ашылған «Мұхтартану» ғылы­ми-зерттеу орталығы профессор Ме­кемтас Мырзахметұлының жетекші­лігімен ойдағыдай еңбек етіп келеді.  «Орталықтың негізгі бағыты М.Әуезов­тің ғылыми-шығармашылық өмірі  болса да Абайға қатысты да тың жаңалығы бар. Мысалы, орталықта тұңғыш рет Абай­дың «Китаб тасдиқ» туындысы көлемді зерттеу еңбек нысанына айналды. Абай­тану ғылымы уақытпен үндесіп, жаңа­р­ып, жасарып келеді. Оның әлі де қоғамға берері көп. Президент Қ.Тоқаев Абайға қатысты тың зерттеулер керек­тігін айтып өтті. Осы орайда профес­сор М.Мырзахметұлының көптен бері көтеріп келе жатқан бір ойын жеткізе кет­сек дейміз. Яғни, Қытай елі Конфу­цийді, неміс халқы Гетені тануда қандай қадамдарға барып жатса, Абайға қатыс­ты біз де сондай игі шараларды атқаруы­мыз ләзім. Ол үшін Қазақстанда Абайтану мәселелерімен іргелі түрде, бір орталықта айналысу үшін астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында Абай инс­титутын ашу керек. Тағы бір келелі мәселе жоғары және арнаулы орта оқу орындары мен мектептерде «Абайтану» пәнін оқытудың түйткіл мәселелерін толыққанды шешу керек. Ол үшін оқулықты ғылыми, әдістемелік тұрғыдан саралап, бірізділікке түсіріп, қайта жазу керек», дейді Ақжол Қалшабек.

Осы сынды келелі мәселелер қозғалған форумға қатысушылар ғылыми іс-шара көздеген мақсатына жетіп, табысты аяқталғанына және жас ұрпаққа берері мол екеніне сенімді.

 

Түркістан облысы

Соңғы жаңалықтар

«Қатарыңның алды бол!»

Сұхбат • Бүгін, 08:11

Аналарды ардақтаған аудан

Оқиға • Бүгін, 08:05

Жол бойын жайлаған жайсыздық

Аймақтар • Бүгін, 08:01

Көмек көптік етпейді

Аймақтар • Бүгін, 07:51

Өткеннен – өнеге

Таным • Бүгін, 07:46

Жауынгер тағдыры

Тарих • Бүгін, 07:40

Айтылған ескертуді елер емес

Аймақтар • Бүгін, 07:18

Бар ойы еліне еңбегін сіңіру

Руханият • Бүгін, 07:15

Көктегі өзен

Руханият • Бүгін, 07:10

Бисеновтер тағдыры

Руханият • Бүгін, 06:57

Бес баланы құтқарды

Оқиға • Бүгін, 06:54

Мақсаты биік Мақсат

Аймақтар • Бүгін, 06:53

Сұңғыла сыры (Эссе)

Руханият • Бүгін, 06:50

Аты аңызға айналған адам

Таным • Бүгін, 06:48

Ұқсас жаңалықтар