Әрине сыбызғы бізге жат аспап емес. Оның философиясына бойлауда қазақ дүниетанымы қадым замандардан бері қадау-қадау еңбектер қалдырып, қара қамыстан шыққан қазыналы сазды қадірлеп келеді. Десек те, біздің болмысымызды бүтіндей ашып беретін бірден-бір аспап домбыра дер едік. Түбі бір түркі жұртының тарихы түгел тәпсірленген қолымыздағы қу тақтайда қазақтың тұтас тағдыры жатыр. Ұлы даланың төсінде азаттығы үшін арпалысқан алашқа қатысты ірі оқиғалардың барлығы сол қызыл арша домбыраның шанағында қатталды. Бабалар қалдырған бай мұраның көбі жас ұрпаққа осы тоғыз перненің тылсым тілімен жетті!
Домбыра – ел шежіресін екі шегіне сыйғызған шешен, тоғыз пернесіне тоқайластырған ділмар!
Осыдан бірер жыл бұрын Ұлттық домбыра күніне арналған алғашқы шараның шымылдығын ашып тұрып Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы деп айтуға болады. Ол Ұлы Даланың төсінде ерте заманнан бері халқымызбен бірге жасап келе жатыр. Бір кездері Майтөбенің тұсынан домбыраның суреті бар Таңбалы тас табылғанын бәріміз білеміз. Ғалымдар ол сурет берісі 4 мың, арысы 6 мың жыл бұрын бедерленгенін дәлелдеп отыр.
Арал маңында домбыра ұстаған адамның мүсіні біздің дәуірімізден IV ғасырдың мұрасы болыпты. Ал Алтайдан табылған ата домбыра біздің дәуірімізден V ғасырға тиесілі. Алтайдан Атырауға дейін бүкіл Қазақстанның даласы 4-5 мың жылдан бері осы домбыраның үнін естіп келе жатыр. Ол бар қазақтың бір екенін, қанымыздың да, жанымыздың да бір екенін дәлелдейтін өте нақты нәрсе. Мойнына көне түркі таңбасымен «жұпар күй әуені бізді сүйсіндіреді» деп жазылған аспап сонау Күлтегін заманынан бері келе жатыр. Одан бергі қилы замандардың бәрі домбыраның көмейінен күй болып төгіліп, тарихтан сыр шертеді» деуі тегін емес.
Біз домбыра қасиетін толық сезіне білгеніміз дұрыс. Домбыра арналы аспап қана емес, байлығына баға жетпес биік құндылығымыз, заманалар мен ұлы әдебиеттерді, қуатты империялар мен жасампаз қолбасшыларды, небір классикалық музыкалар мен таңғажайып тарихи тұлғаларды тудырған киелі құбылыс!
Домбыра дәуірі қайта жаңғырып келеді. Тарлан тарихтың, жасампаз бүгін мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы осы төл аспабымызды төрге шығарумен тікелей байланысты болып отыр.
Біз домбырамызға дербес күн сыйлау арқылы даңқты бабаларымыздың жолын жалғастырған ұлағаты кемел, мұрағаты мол ұрпақ екенімізді дәлелдеп отырмыз!
Киелі аспабымыздың кемел келешекке керуен тартып бара жатқан бай көші бізді барымызды бағалауға, жоғымызды түгендеуге біріктіретіндей. Сол жолда ұлттық бет-бейнемізге кір шалдырмай, қасиетті қара домбырамызды ешкімнің аяғына таптатпай, мыңдаған ән-күйіміздің құндағына құрметпен қарай бергеніміз жөн!
Кешегіміз бен келешегімізді жалғаған, діліміз бен тілімізге пана болған, салт-дәстүріміз бен тарихи санамызды шендестірген домбырамыз дәуірлей бергей!
Алты мың жылдық тарихы бар алаш аспабының ұлықтау арқылы біз мыңжылдықтардың мұрасын зерделеуге, қазақ тарихына қатысты құндылықтарды қайта екшеуге ерекше бетбұрыс алдық!
Қадағаң, Қадыр Мырза Әлінің домбыра туралы айтқан ақыл сөздері көп. Оның ішінде қанатты мәтелге айналып, қалың қазақ жатқа айтатын екі өлеңінің орны біз үшін әрқашан ерекше.
Оның бірі — «Екі шектің бірін қатты, бірін сәл-сәл кем бұра,
Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп келетін керемет өлеңі де, екіншісі:
«Ақын қазақ азаптың,
Бәрін тастап көшіпті.
Іздеймін деп азаттық,
Тауын тастап көшіпті.
Бәрін тастап осы күн,
Жеткен ұлы мұратқа.
Домбыра мен бесігін,
Тастамаған бірақ та!» деген «Домбыра мен бесік» өлеңі.
Домбыра – дала заңын жазған ағаш қалам!
Күй – көшпелі түркі жұртының Конституциясы! Қазақтың күйі арқылы елге ел қосылды, айырылған жұрт зарлы әуен арқылы бір-бірін жоқтап аңырады! Қазақ даласы бірін бірі күй арқылы ұғынды, өткенге домбырадан төгілген кесек-кесек күрделі музыкалар ақылы үңілді.
Домбыра – дала дастанын жазған дара данышпан!
Сөзіміздің басында сыбызғы сырын бекер айтпадық. Біз керісінше, қазақ басынан кешкен қызық-қуаныш та, қайғы-қасірет те домбыра пернесінде деп түсінеміз! Сол жердегі сыбызғы қайғысы қазақтың қайғысы дер едік. Біз де сыбызғы сияқты сол домбырамыздан, түп-тамырымыздан небір кесапат кесірлі қоғамның үздіксіз соққыларынан ажырап қала жаздап әзер әлімізді жиған ұлтпыз!..
Домбыраның мұңы қазақтың қайғысынан алшақ деуге келмейді!
Біз жүріп өткен жолдардың бәрінде домбыраның асқақ дауысы, арғымақ тұлпарларымыздың тұяқ дүбірі, жаужүрек батырларымыз бен даңқты хандарымыздың ерлік істері сайрап жатыр.
Домбыраны түртіп қалсаңыз түркі рухы атойлап атқа қонатындығы сондықтан!