Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Маңғыстау медицинасы: «мұрагерлік» қашан бітеді?

1615 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Маңғыстау медицинасы сыннан көз ашпайды және оған негіз де бар – саладағы қызмет сапасы мен тәртіп мәселесі, материалдық-техникалық қамтылу, тіпті кейбір мамандардың жеке мәдениеті мен дәрігерлік қызметіне адалдығы да жұртшылықтың көңілінен шыға алмауда.

Маңғыстау медицинасы: «мұрагерлік» қашан бітеді?

Ғимарат, маман, аппарат – бәрі қат

Халық пен сала басшылығының арасына айтарлықтай сына қаққан, кейінгі кездері әлеуметтік желі белсенділері «оң жамбасына» алып оңды-солды, кейде орынды-орынсыз сілкілей сынап жүрген сала проблемалары «Еgemen Qazaqstan» газеті бетінде де бір­неше рет көтеріліп, 2018 жылы 8 тамызда «Маңғыстау медицинасы неге малтығып тұр?» деген көлем­ді мақалаға өзек болған еді. Ма­қа­лада айтылғандай, басшы­лық ауысады, проблемалар қала береді, яғни Маңғыстау медици­на­сында жылдар бойы қордалан­ған мәселелерге орын ауыс­тыр­­ған басшылар «мұрагерлік» ету­мен уақыт өтіп жатыр, бір қы­зығы бірде бір басшының ең бол­­ма­ғанда бір мәселені шешу­ге ұмтылмауы таңғалар­лық, бұл – ха­лық жағдайына жаны ашы­мас­тық па, әлде қаражат же­тіс­пеушілігі ме немесе «дәрігерлік құпия» деп айтылмайтын өзге себебі бар ма – түсініксіз.

Маңғыстауда саланың мате­риалдық-техникалық жағдайы­ның күрделенуіне кім кінәлі? Мысалы, Ақтау қаласында облыстық пе­ри­наталдық орталықтан басқа жаңа дәрігерлік ғимарат жоқ – кілең Кеңес одағы кезінен қалған сыртқы көрінісі сұп-сұр аңқалары арса-арса болған ғимараттардың ішкі көріністері де мәз емес – көңіл құлазытып жіберетін ескі-құсқы, оған дәрігерлік қызметтің сапасы қосылғанда тұрғындарға ренжуден басқа амал да қалмайды. Әбден ескірген ғимараттардың дені қайта тұрғызуды немесе күр­делі жөндеуді талап ететіні көзге көрініп тұр.

Құрылысы бірнеше жылға со­зылған онкологиялық диспансер қолданысқа әне-міне беріледі деп әрбір есепте айтылумен ғана ке­леді. Ақтауда қалалық аурухана жоқ, бұл мәселенің көтерілгеніне 15 жыл болғанмен, биыл ғана ше­­шіледі деген жылымық хабар құлаққа жеткен. Бірақ қашан ше­шіліп, қолданысқа беріле­тінін, қан­ша жыл күтуге тура келе­ті­нін ешкім білмейді. Ал 120 мың тұр­ғынға лайықталған инфек­ция­лық аурухана мен туберкулез дис­пан­серінің ахуалы туралы айтудың өзі артық.

– 1978 жылы ашылып, казіргі таңда 205 кереуеттен құралған, оның ішінде жаңадан туған нәрес­телер патологиясы, жүйке жүйесі, педиатрия, хирургия, трав­ма­то­логия-ортопедия, отори­но­ларин­гология, жұқпалы аурулар және жан сақтау бөлімдері қыз­мет көр­сететін Маңғыстау облыс­тық көпбейінді балалар ауруха­насы­на республикалық бюд­жет­тен қазір жөндеу жұмыстары жүр­гізілуде. Соңғы үлгідегі заманауи қондырғылар сатып алу қажеттілігі бар, алайда көп қаражатты талап етеді. Оны шешу жолдары ин­вестиция тарту болып отыр. Әсі­ресе шетелдік компаниялардың демеушілік көмегіне жүгінуге тура келді. Биыл ақпан айында «Тотал Е энд П Дунга ГмбХ» ЖШС есебінен «Hamilton G5» өкпені жасанды желдету аппараты, рентгендік диагностикалық «С-дуга Ares MR» және «4К мен 3D» форматындағы лапароскопиялық хирургияға қажетті бейнекешені тарту етілген. 1 жасқа толмаған сәбиден бастап 18 жас аралығындағы жасөспірім балаларға әртүрлі деңгейде күрделі оталар жасалады. Жылына ауруханаға 10 мыңның үстінде балалар жатқызылып, түрлі ем-дом алады. Ақтау мен Жаңаөзен қалалары, сонымен қатар Бейнеу, Қарақия, Түпқараған, Маңғыстау және Мұнайлы аудандарының тұр­ғындарына консультативтік-диаг­ностикалық көмектер көрсетіледі, дейді Маңғыстау облыстық ден­саулық сақтау басқармасының бас­шысы Ж.Жаманбаева.

Талай шулы оқиғаларға арқау болған Маңғыстау облыстық балалар ауруханасы жанындағы инфек­циялық бөлімше де сын кө­тер­мейтін тұстар көп десек, со­ның бірі – жөндеудің жоқтығы. 1981 жылы тұрғызылған ғимарат күр­­делі жөн­деуді қажет етеді, бірақ мә­селе қаржыға келіп тіреледі.

Ақтау қаласындағы жағ­дай осындай болғанда, ауыл­дық жер­лердің ахуалының мақта­нар­лық емес екендігі айтпаса да бел­гілі. Мысалы, Қарақия ау­данын­дағы Сенек пен Бостан ауылдық округтеріндегі дәрігерлік амбула­ториясы күрделі жөндеуді қажет етсе, Аққұдық және Ералы стан­­са­сындағы медициналық пункт­­терге де жөндеу жұмыстары, сон­­­дай-ақ флюроаппарат, ком­пью­тер­­лік томография, клиникалық зерт­­ха­налық анализаторы, ота жасай­тын зал, тыныс алу аппараты қажет.

Мұнайлы ауданында көп жыл­­­­дар бойы шешімін таппаған аудандық орталық аурухана құры­лысының жобалық-смета­лық құжаттары мемлекеттік са­раптамадан өтуде. Халқының саны 12 мыңнан асып кеткен Батыр ауылында шұғыл түрде дә­рі­герлік амбулатория салу қажет­тілігі туындаса, дәл осындай мә­селе аталған аудандағы Дәулет, Баянды, Қызылтөбе, Қызылтөбе-2, Атамекен елді мекендеріне де тән.

Бейнеу аудандық орталық ауруханасына компьютерлік то­мография сатып алынады деп күтілуде. Сонда бұған дейін атал­ған ауданның науқастарына қатысты «Бейнеуден КТ жасалды деген» ақпараттың өтірік болғаны ма? Бейнеу ауданының шалғай ауылдарында дәрігерлік қызмет күрделі жағдайда. Фельдшері жоқ ауылда қан қысымы көтеріліп қатты ауырған жан үшін таң ала­геуімде көрші ауылдарға телефон со­ғып, біріне-бірі сілтеумен олар­дың бірі түс ауа бір-ақ келгені есте.

Сондай-ақ Ақтау қалалық пе­ри­наталдық орталығына флюро­графиялық аппарат қажет. Бұл қолға түскен мәліметтер ғана, әйт­­­песе айтылмаған, сыртқа шыға­рыл­майтын мәселелер қаншама?! Аппараттың жетіспеушілігі кез келген медициналық мекемедегі мәселе екендігіне еш күмән жоқ.

«Жедел жәрдем» қызметі туралы айтпай кетуге болмайды. Қызметі барынша маңызды, қауырт болса да осы уақытқа дейін жеке ғимараты болмаған іргелі ұжымда маман жетіспеуі, жыл бойы тәулік сайын тынбай зырғып жүретін көліктердің жиі істен шығуы да – мекеменің басты проблемаларының бірі. Ша­қыртуларға уақытында келмеді деп ренжитін тұрғындардың аталған қызметке өкпесі қара қа­зандай. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшылығының айтуынша, жергілікті бюджеттен және шетелдік кәсіпорындардың қар­жыландыруымен біраз мәселе шешімін тапқанмен, жергілікті кәсіпкерлердің көмегімен бірқатар темір тұлпарлары жөндеуден өткен­мен, бұл мәселенің уақытша ше­шімі ғана екен. Маңғыстауда «103» қызметінің ғимараты сани­тарлық талаптарға сай емес деген пікір қоғамда жиі қозғалып келеді.

Дәрігер мамандардың же­тіс­пеушілігі де барынша маңыз­ды. Бүгінде өңірде барлық маман­дықтағы 250 дәрігер тапшы. Ма­мандардың тұрақтамауына басты себептің бірі – баспана мәселесінің шешілмеуі екен, қазір әр мекеме өзіне қажетті дәрігерге үй жалдап беріп отыр.

Өңірдегі бірқатар медицина мекемелердің кредиторлық қа­рыздары бар. Мил­лион­даған бе­решегі бар мекемелердің ты­нысы тарылатыны белгілі нәрсе. Қарыз қашан, қалай жабылады?

Жаңа басшыға жұмыс көп

Облыстық денсаулық сақтау басқармасына жуырда жаңа басшы тағайындалды. Бұған дейін өзін білікті дәрігер-гинеколог және облыстық перинаталдық орта­лықты жемісті басқарған тәжі­рибелі басшы ретінде көрсете алған Жамал Жаманбаеваға енді бүкіл облыстың медицина сала­сындағы мәселелермен білек сыбана күресуге тура келіп тұр. Оның үстіне пандемияның ылаңына тұспа-тұс келген ол бұған дейін әб­ден тозығы жетіп, кетеуі кеткен са­ланың жыртығын жамап, жоғын түгендеуге міндетті, бірақ мүмкін­­дік қаншалықты? Әдетте жылт­ы­рақ ойын-сауықтарды өткізуден ақша аямайтын облыста халықтың денсаулығы үшін қажетті деңгейде қаржы бөліне ме? Осы орайда Маңғыстау медицинасындағы қат-қабат мәселелердің шешімі бола ма деген сауалмен басқарма басшысына сауал жолдаған едік.

Оның айтуынша, Ақтау қала­сында және Мұнайлы ауданында ауру­ханалар, Бейнеуде жедел жәрдем стансасы, аудандарда дәрі­герлік амбулаториялар салу жос­пар­ланған. Жаңаөзенде заманауи медициналық орталығының құры­лысы қарқынды жүруде. Биыл Ақтауда 300 төсектік көпбейінді қа­лалық аурухана, жаңа инфек­циялық аурухана ғимаратын салу мәселесі шешімін тапқан.

– Мұнайлы ауданында орталық аудандық аурухананың құрылысы басталады деп күтілуде. Салыстыру үшін: мұнда халық саны 170 мың адамды құрайды, бұл Жаңаөзен қаласы халқының санынан 20 мың адамға артық. Мұнайшылар қаласында 8 ірі медициналық ұйым жұмыс істейді, ал Мұнайлы ауданында 1 емхана мен бірнеше дәрігерлік амбулатория жұмыс істеп тұр. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қосымша орталықтарын ашу көзделіп отыр, оның ішінде тұрғындарға ме­ди­циналық көмекті барынша жа­қындатуға, жұмысқа орналас­ты­ру мәселесін шешіп, Мұнайлы ауда­нында медициналық қызмет көр­сету сапасын арттыруға мүм­кіндік береді, – дейді Жамал Жа­ман­баева.

Бұдан басқа, денсаулық сақтау басқармасының басшылығы Бей­неу ауданында өз алдына жедел жәрдем ғимаратын салу мәселесін пысықтауда. Жаңа­өзендегі ту­бер­кулез диспансерінің ғи­маратын инфекциялық стационарға беру мәселесі шешілген. Қарақия ауда­нының Қызылсай ауылында ме­дициналық пункттің құрылысы басталмақ. Түпқараған ауданы­ның дәрігерлік амбулаторияларын­да жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Медициналық пункттерді авто­кө­лікпен қамтамасыз ету, Сайын-Шапағатов ауылында мобиль­ді дәрігерлік амбулатория са­лу мә­се­лесі қарастырылуда. «Өзен­Мұ­найГаз» компаниясы Жаңаөзен қаласында заманауи медициналық орталық салуды өз мойнына алды және медициналық ұйым көп ұзамай пайдалануға беріледі.

– Онкологиялық орталықтың құ­рылысы аяқталуға жақын жә­не оның базасында онколог-дәрі­герлер үшін резидентура құру көзделіп отыр. Осылайша, облыста онколог-дәрігерлер тапшылығы мәселесі шешілмек. Мәселен, 2016 жылдан бастап еліміздің же­текші медициналық жоғары оқу орындарының резидентурасының базасы болып табылатын және акушер-гинеколог дәрігерлерін даярлайтын облыстық пери­на­талдық орталықта бұрын осын­дай проблема болатын, біз бұл мәсе­ленің шешу жолдарын осы­лайша тапқан болатынбыз, – деді басқарма басшысы.

Өңірде жас мамандар мен тәжі­рибелі дәрігерлерді тарту жұмыс­тары жүргізілуде, биыл медици­налық мекемелер 120 дәрігермен толығады деп күтілуде, сондай-ақ мемлекет-жеке меншік әріптестік бойынша және республикалық бюджет есебінен облыстың меди­циналық ұйымдарын құрсақта туа біткен даму ақауларын анықтау үшін ультрадыбыстық зерттеу аппараттарымен, стационарлық және жылжымалы рентген ап­параттарымен, мониторлармен қамтамасыз ету, медициналық қалдықтарды кәдеге жарату үшін жаңа технологияларды енгізу жос­парлануда. Ал жедел жәрдем қызметі бойынша «қазіргі таңда облыста жедел жәрдем қызметінің санитарлық машиналармен қам­та­масыз етілуі 67 пайызды құрайды. Олардың 60 пайызы тозған. Жедел жәрдем қызметі үшін лизингке 52 санитарлық машина алу жоспарда бар. Осылайша көлік қызметінің жабдықталуы 95 пайызға жетеді деп күтілуде» деген жауап берді.

Басқарманың жаңа бас­шы­сының жауабынан мәселелерді «жабулы қазан жабулы» күйін­де қалдырмай, шешуге деген тал­пыныс бар екенін аңғардық. Бірақ, бұған дейін «болашақта ше­ші­леді, күтіледі, жоспарланған, пысықталуда» дегендей жауап­тар­дан мезі болған халық нақты істің бітіп, мұнайлы өңірдің медицина саласында түбегейлі өзгерістердің болғанын қалайды. Әйтпесе, сөз бен уәде талай айтылып, талай ұмытылған. Демек, жаңа басшыға атқаратын жұмыс та, айтылатын сын да көп – жылдар бойы ше­шімін таппай қордаланған, проб­лемасы шаш етектен ден­саулық саласын қабылдап алған ол мәсе­леге «мұрагер» болып қалмай, бірқатарын шеше алса дейміз.

 

Маңғыстау облысы