Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

Маңғыстау медицинасы неге малтығып тұр?

937 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Маңғыстауда өңір мен са­ла басшылығы қанша ауысса да, денсаулық сақтау жү­йе­сі еңсе тіктей алмай тұр. 

Маңғыстау медицинасы неге малтығып тұр?

«Баяғы жар­тас – бір жартас»  талап қой­ған тұрғындардың тауы талай шағылды. Себебі құзыр­лы ор­ган қызметкерлері мен жауапты тұлғалардың жай­бара­қаттылығы саланы жан­ашырлықпен жаңғыртудан гөрі жылы орнын суытқанға дейінгі «жабулы қазанның жабулы күйінде» қалуын немесе «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» деп уақыт өткізуін тиімді санай ма деген ойға жетелейді. 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы бойынша биылғы алғашқы жартыжылдық қорытындысына назар аударсақ, өңірде тубер­кулез көрсеткішінің төмен­дегені, керісінше бала өлімі­нің былтырғы кезеңмен салыс­тырғанда өскендігін аңғаруға болады. Әрине медицина ме­кемелерінің материалдық-тех­­никалық базасын нығайту мақсатында аудандық, қалалық мекемелерге жаңа құрылғылар алу, ғимараттар құрылысын жаң­­ғырту, Ана мен бала орта­лығын салу іспетті оң істер де бар. Де­генмен  бұл жолы тастай есеп­тің тасасында қа­лып келе жатқан мәселелерді қозғамақ­пыз.

Таяуда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Т.Бапиев бір сөзінде «Өл­гің келсе, Бейнеу ауруханасына бар» деді. Қордаланып қал­ған келеңсіздіктерді қалай ауыздықтап, қалай жолға қою керек­тігі ойландырды ма, әл­де күрделі жағдай еңсеруге мүм­кіндік бермей жатыр ма, бас­қарма басшысы өңірдің, әсі­ресе Бейнеу ауданының дәрігер­леріне ренішін жасырған жоқ. Облыс орталығынан шалғай орналасқан Бейнеу ауданының тұрғындары іргелес шет мемлекеттерден көшіп келушілер есебінен күрт өсіп, аз жылда ір­гелі ауданға айналғаны бел­гілі. Бірақ ауданның тұр­ғын­дары көбейгенімен, ден­саулық сақтау саласында сер­піліс жоқ. Аудандық ауруха­надағы ахуал үздіксіз сынға ұшы­рап келеді. Тәртіп пен жа­уап­­кершіліктен жұрдай жү­йе­­сіз жұмыс, сырқаттың дер­тінен гөрі қалтасына үңілген аш­көздік науқастардың ем тап­пай сандалуына себеп болуда. Айталық шұғыл шара қабылдау арқылы дер кезінде орталық ауруханаларға жеткізу мүмкіндігі бола тұра уақытқа ұтылған, әр дәрігерге бір жүгі­ріп, тұшымды кеңес ала алмаған науқастардың обалы кімге?! Ата Заңда «Әр адам – мемлекеттің байлығы» екені жазылғанымен, жергілікті дәрігерлерде мемле­кет­тік мүдде тұрғысынан қарау мүлде жетіспейді. Ел ішінде «та­мыр-таныс болса ғана ем­де­лесің» деген жазылмаған «заң­дылықтың» орнауы, ем алу мен емдеудегі азаматтардың консти­туциялық құқы мен міндеті іс жүзінде орындала бермейтінін көрсетеді.

Жуырда аттан жығылған жі­гіт кешкісін Бейнеу аудандық ауруханасына жеткізілді. Қан алып, рентгенге түсіріп «бас сүйегі сау» деген қорытындыға келген дәрігерлер жанын қоярға жер таппай, «басымның оң жа­ғының іші ауырып бара жатыр» деп қолымен көрсете ма­за­сызданған жігітті ты­ныш­­­тан­дыратын уколмен ұйық­татуға асыққан. Дәрігерлер үшін ең бастысы, науқастың тынышталуы секілді. Кезекші дәрігер аб­дыраған ата-ана, туған-туысқа «хирург үйінен балаға ота жасатса келетіндігін, әйтпесе жұ­мыста таңғы сағат 8.00-де бо­латындығын айтты» деген хабарды жеткізеді. Ата-ана отаға келіспейді. Өйткені біріншіден баланың қиын жағдайынан, ота жасатпаса кеш қалуы мүм­кін екендігінен, уақыттың тығыз­дығынан хабарсыз, екін­ші­ден ахуалды түсіндіріп, жағ­дайды медициналық тұрғыда сараптаған ешкім жоқ, ота жа­сауға сенімді дәрігер та­ғы жоқ. Мұндай жағдайда аурухананың бас дәрігері, хирургі, өзге де ма­мандар шұғыл жиылып, туыстарға жағдайды егжей-тег­жейлі түсіндіріп, ота жасау мүмкіндіктері мен оның қа­жет­тілігін, әйтпесе облыс ор­­талығына дереу жеткізудің қа­мын күйттеуі, науқасты аман алып қалудың жолдарын ұйым­дас­тыруы керек емес пе?!

Осылайша соққы алған жі­гіт облыстық Денсаулық сақ­­тау бас­қармасы мен жер­гі­лік­ті билік өкілдерінің араласуы­мен бір тәулік дегенде облыс орта­лығына санитарлық авиа­ция­мен аса ауыр жағдайда жет­кізілді. Ақтаулық дәрігерлер жанталасқанымен, аман алып қалу мүмкін болмады. Себебі аудандық ауруханадағы жай­басарлық, жауапкершілік пен тәртіптің жоқтығы, шұғыл кө­мектің ұйымдастырылмауы, дәрігерлердің сырқатқа немқұ­райлы қарауы салдарынан 1 сағатта, әрі кеткенде 5-6 сағатта облыс орталығына жеткізілуі тиіс науқас бір тәулік дегенде әзер жеткізілді. Санавиация дәрі­гері ата-анасына баланың жағ­дайы ауыр екендігін, басы­ның қай бөлігі қандай соққы алып, қалай ауырып жатқаны анықталмағанын, сондықтан тасы­малдаудың да қиындық туғызып тұрғандығын, жол­ға жарау-жарамауының белгісіз­дігін жүрегі жылап тұрып жет­кіз­ген. Дәрігерлердің барлы­ғы­на бірдей өкпе арта алмаймыз, алайда иманы үстем, қыз­мет­тегі нәсібін адалдан тауып, бала-шағасын ақ-адал нә­­пақамен асырау жолында жүрген әріптестің еңбегін лайлап жүргендер де бар.

Маңғыстау облыстық денсау­лық сақтау басқармасының басшысы Т.Бапиев ауруханасында болып жатқан жағдайды ертеңінде өзінен естіген Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері З.Байтүгеловаға, ота жасатса ғана барамын деп ауру­ханаға келмей қойған хирург Ә.Қанаевқа ренішін жасыр­май жеткізіп, нейрохирург сын­ды мамандар нақты кеңес беріп тұрмағандықтан, ата-ана­ның ота жасатуға келісім бере алмауының да дұрыс екендігін атап көрсетті. Орын алған ауыр жағдайдан Бейнеу аудандық ауруханасының бас дәрігері неге хабарсыз, кезекші дәрігердің басшыны жұмыс уақытынан тыс мезгілде мазалауға құқы жоқ па, әлде жанашырларының жан­ұшы­руымен шақыртылған сана­виациямен науқасты облыс орталығына асырып жібе­ріп, жауапкершілікті аудара салуға үйренген бе? Бейнеулік дәрігерлер рентгенге түсірген «сау» бас сүйектің сынғандығы Ақтауға келгенде анықталды. Сонда қолда бар рентгенге дұрыс түсіре алмай, қорытындыны оқи алмай тұрған дәрігерлердің бас сүйекке ота жасауына қалай сенуге болады?.. Аудандық ауру­­хананың байырғы аппараты – рентгенді меңгере алмаған дәрігерлер жүйесі басқа, тілі бөлек, жетілдірілген шетелдік құ­рал-жабдықпен қалай жұмыс іс­тейді? Жанды жүдететін жайт­тар көп.

Бұл Бейнеу ауданының дә­рігер­лік қызмет көрсету сала­сына түбегейлі өзгеріс қажет­тігін аңғартады. Осы оқиғадан соң көп ұзамай Бейнеу аудандық ауру­ханасының жансақтау бөлі­міне жоғарыда айтылған жігіт­тің диагнозымен, яғни бас сүйегінің сынуы және ми жарақатымен тағы бір науқас түседі. Бұрынғы қателіктерін ұғынған бейнеулік дәрігерлер шұғыл жиылып, ортақ ақыл-кеңестің нәтижесімен дереу іске кіріседі. Жігіттің басына ота жасап, аман алып қалады. Ал алдыңғы науқастың жазығы не, дәрігерлер неге оған да жұ­дырықтай жұмылмаған, неге қолда бар мүмкіндікті пайда­ланбаған деген ащы да тұманды сауал туады.

Жағдайдың ушығуы дәрігер­лердің білім-білігінде ғана емес, адами қасиетінің төмендеуінде және жемқорлықтың, тамыр-таныс­тықтың тамыр жаюын­да екені анық. Бүгінде дәрігер­лердің көпшілігі мейірім тап­шылығы, жауапкершіліктің төмендеуі және параға қызы­ғушылықтың шектен тыс артуы дертімен ауырады деуге болады. Әлеуметтік желілердегі дәрігерлерге қатысты жантүр­шігерлік жазбалар мен ақ­параттар соның дәлелі. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Кей дәрі­гер­лердің жанын шүберекке түйіп келген науқасқа қол ұшын созудың орнына жүре сөйлесуі, дөрекі тіл қатуы жылдар бойы қалыптасқан жағдай десек те, науқасты алдымен қарап, қан талдамаларын жасамай тұрып құлаш-құлаш дәрі-дәрмек тізімін жазып беруі, тамыр-танысының дәріханасына жіберуі, сондай-ақ тартпасынан желілік маркетинг бойынша сатылатын дәрілерді шығарып жарнамалай жөнелетінін қалай түсінуге болады?.. Және бұл санаттағылар қызметіне көңілі толмаған науқасқа «өз еркіммен бас тарттым, дәрігерге қояр кінәм жоқ» деген қолхатты жаздырып алуды да ұмытпайды.

Өмір мен өлім арасынан пай­да көксеу жиіркенішті қы­лық, кері тартатын әрекет. Қы­зы медициналық жоғары оқу ор­ны­ның ақылы бөлімінде оқып жүрген танысымның «оқуға жұмсаған ақшаны қызметке тұрған соң қайтарып алады ғой»­ дегені есімде. Бұл не деген­ құ­ныққан құлқын, тоймайтын­ көмей, толмайтын аран, бітпей­тін жанталас?!. Алда-жалда дәрі­гердің үстінен арызданып, өлім-жітімнің соңынан қуда­лай қалса, қылмысы бола тұра қызметкерін көпе-көрінеу жасырып, түрлі құжаттарды, анық­­тамаларды, науқасқа қа­тыс­­­ты түсірілім-жазбаларды жойып,­ қайта жазып, қылмысты бүр­кемелеумен айналысатын бас­шылықты да кінәсіз дей ал­маймыз. Әрине дәрігерлік қыз­меттің жалақысы аз. Алайда есе­­бін науқастан айыруға тырысу, сырқатпен саудаласу аурухананы базарға айналдырғандай. Ажал аузында аласұрған пен­денің қасіреті мен бейнеті­нен, қай­ғы­лы жанның көз жасы­­нан пай­­да тауып ешкім көк­темес, сірә...

Кеңестік кезеңде кеңшардың алыс жайлауларға бытырай ор­наласқан малды ауылдарын айына бір аралайтын фельд­шерлер тұтас елдің арқа сүйе­рі еді. Айдалада ажалдан­ ап­парат­сыз арашалап, ақы дә­мет­­пей арқа-жарқа аттанатын. Адамның амандығына, қыз­метінің адалдығына, сырқат жанға жасаған жақсылығына риза көңілмен сауап деп өзі қуа­натын. Сондықтан Гип­пократ анты әсерсіз болса,­ дәрі­герлердің алдымен Жарату­шыны еске алып, иман мен сауап­­қа көбірек ұйығаны дұ­рыс болар еді. Өйткені ар алдын­дағы адалдық көп дүниеге кө­мек­теседі. Яғни дәрігерлердің білімін жетілдірумен бірге жа­уап­кершілік мәселесін ны­ғайтуды заңмен және иманмен орнықтыру қажет. Ақ же­леңді абзал жан дәрігерлік мамандықты айлық алу үшін емес, ел, қоғам, ұлт болашағы ал­дындағы зор жауапкершілік деп ұғынғаны абзал.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»