Өнер • 03 Шілде, 2020

Домбыра – дастан

783 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Үн төгілді түрленіп – көк гауһардан кетті аумай,
Жарқындығы – күлкідей, мұңдылығы – жоқтаудай.
Ащылығы – шындықтай, тәттілігі – шабыттай,
Жеңілдігі – көбіктей, ауырлығы – табыттай.

Жұмекен Нәжімеденов

Домбыра – дастан

Күй – Қорқыт,
Күй – Бабамыз,
Күй – Анамыз,
Бағзыдан,
Фарабиден сый аламыз.
Шалқимыз, шарықтаймыз, шаттанамыз,
Ой кешіп, мұңаямыз, қуанамыз.

Күй – сұрақ,
Күй – жауабы,
Сұрағанбыз,
Жол беріп, жоба көріп, құлағанбыз.
Басынан Қаратаудың көш келгенде,
Бас ұрып «Елім-айлап» жылағанбыз.

Күй – ұран,
Күй – рухымыз,
Намысымыз,
Атымыз, атағымыз, арысымыз.
Даңқымыз, дәргейіміз, дабысымыз,
Арғымақ – абыройлы шабысымыз.

Күй – мұра,
Күй – қазына,
Дастанымыз,
Жарық ай, жарқын жұлдыз, аспанымыз.
Күніміз жүректегі жарқыраған,
Алатау, Алтай, Атырау – асқарымыз.
Күй – қобыз.
Қобыз – сарын,
«Қоңыр» еді,
Қорқыттан жеткен саз боп төгіледі.
Ықыластың «Кертолғау» мұңы жеткен,
Екеуі телағыс боп көрінеді.

Күй – Алаш,
Күй – шежіре,
Халық үні,
Жұртымның жүрек қозғар жаны, мұңы.
«Жетім қыз», «Қыздың мұңы»,
«Аңшы зары» –
Зұлматта нәубет көріп зарығуы.

Күй – қазақ.
Күйдің басы – «Ақсақ киік»,
Ар – асқар,
Ұждан – ұран,
Мақсат – биік.
Оркестр –
Дала, орман, тау мен теңіз,
Келеміз құрметтеп, асқақ сүйіп.

Даланың күйлер жаздық бетіне біз,
Соны оқып жаңғырамыз, жетілеміз.
Күй шалқып тұрған кезде көңілденіп,
Күй жылап тұрған кезде өкінеміз.

Күй – аңыз,
Күй – шежіре,
Күй – сырымыз,
Сезім мен сенім сөйлер түйсігіміз.
Ақарыс, Бекарыс пен Жанарыс – ол,
Немесе Алшын, Арғын, Үйсініміз.

Күй – теңіз,
Күй – тауымыз,
Аспанымыз,
Қарт жүрек, қария сөз,
Жас жанымыз.
Күй деген күмбірлеген ғасырлар мен,
Дәуірлердің куәсі – дастанымыз.

Күй – қазақ,
Күй – өзіміз,
Қазақстан,
Біз үшін жер жұмағы – ғажапстан.
Елдіктің белгісіндей – Елтаңбамыз,
Әнұран – жететұғын сазы алыстан.

Күй болса дала ғажап,
Қала ғажап,
Өмірін күймен айтқан дана қазақ.
Бас иіп аруағына абыздардың,
Көрейін күй-керуенін санамалап.

«Сарыарқа», «Серпер», «Адай»,
«Баламайсан»,
«Байжұма», «Ақбай», «Жігер» – жаға
жайсаң.
Көңіліңді «Көңілашар» көтергенде,
Жүрегің дауыл соққан алағай шаң.

Боғданың «Жемнің суы тасығанда»,
Баубектің «Сарыны» да осы маңда.
«Жез киік» желеді екен шалғын кешіп,
Самал жел «Саржайлауда» жосығанда.

Әшімтайдың қонғанда «Қоңыр қазы»,
Жаныңа жамал жазар өмір назы.
Дүние дүрлігеді, сүрлігеді,
«Нарату» нақышында көңіл назы.

Сәні бар «Әсемқоңыр» арулардың,
Мәні бар «Жеңгем сүйген» дарулардың.
Жаны бар «Ақжелеңнің» аңқылдаған,
Ары бар «Келіншектей» лағылдардың.
Сотталған сүргін көріп «Қарабас» бар,
«Кішкентай» үлкен жолды дара бастар.
Десте бар: «Көбік шашқан», «Кісен
ашқан»,
«Түрмеден қашқан» кезде ала қашқан.

Теңіздің бұрқан-тарқан дауылы бар,
«Ақжарма», «Айрауық» пен «Абылы»
бар.
«Алатау» алдан шығар бұлтын алып,
«Жігердің» аспан кешкен сағымы бар.

Тепсініп «Терісқақпай» тебінгенде,
«Бұлбұлың құрғыр» болып төгілгенде.
Төтелеп «Төремұрат» келер жетіп,
«Жұмыр, Қылыш» жарқырап көрінгенде.

«Балқаймақ» қызыл шайға үйлеседі,
«Айжан қыз» құйған кезде сүй кесені.
Сая боп «Қызыл қайың» тербелгенде,
Па, шіркін, осы болар күй деседі.

«Қапы» боп сонда көңіл алаңдайды,
«Бозқаңғыр» бозаңытып шабандайды.
«Өттің, өмір» денеңді дел-сал етіп,
«Қос алқа» қосық айтар заман жайлы.

«Маната» манаурайды ең биікте,
«Назым қыз» ұқсағандай жез киікке.
«Бұлбұлдың құрғырында» көңіл сөйлер,
«Жеңгем сүйер» керілген кермиық де.

«Бұлбұл» да ән салады таңды жырлап,
Бойыңа кірер сонда балғын ырғақ.
«Бозторғай» көк аспанда шырлағанда,
Дауысын өлеңіме алдым ұрлап.

«Машина» гүрлегенде дала көшіп,
«Арба соққан» ойыңнан қалар өшіп.
«Бозшолақ» боз ой жақтан кісінейді,
«Демалыс» төгілгенде самал есіп.

Намыстың нығметі – «Амандасар»,
Тыныштық сүттей ұйып, самалдасар.
«Саранжап» – сенген достың куәгері,
«Көркем ханым» көңілге қадам басар.

Домбыра сыр айтқанда «Айжан-айға»,
«Дәуренің» бұлбұл болып сайрамай ма?
Көрінен «Көр ұғылы» тұрып кетер,
Домбыра үн қосқанда «Дайрабайға».

Тербеліп теңіз бойлап «Тоғыз қайық»,
«Ақжарма» айдын бойлап болды ғайып.
«Жеңістің» жігерінен самал сөйлеп,
«Салтанат» осы кезге болды лайық.

Сүгірдің төгілгенде «Қосбасары»,
Жүрегің сағынышпен достасады.
Қайғырып «Ана» тұрар көз ұшында,
Күй болып көңілің де қоштасады.

Керіліп таңын созар «Кербез киік».
Жанарын құралайдың самал сүйіп.
Маңғыстау таулары да мұнартады,
Аласа болғанменен маған биік.

Көңілді «Көкіл» келіп тербегенде,
Ойнайды алып қашып жел денемде.
«Балқаймақ» балдай сіңер қыз құйғанда,
Қанбастай іше берем шөлдегенде.

«Қаратас» жерден ауыр, бұлттан жеңіл,
«Сылқылдақ» сыңсығанда сенде көңіл.
«Көңілдің толқынында» жүзіп кетер,
Кеудесі күмбірлеген мендегі өмір.

«Торы аттың бөгелегі» – жаздың жыры,
«Ерке сылқым» – көңілде саздың нұры.
Халық күйі «Қарасай» тартылғанда,
Көп болып көрінеді аздың бірі.

Дауысы «Сәнау» қыздың қырдан асар,
«Айжан қыз» сағыныштан сырға жасар.
«Құдаша» қырқа жақтан көрінгенде,
«Топаны» жігіттіктің жырға басар.

Балбырап «Балбырауын» билегесін,
Биіне «Би күйінің» үйренесің.
Еркелеп «Жеңгем сүйер» келген кезде,
Еріксіз елтіген бір күйге енесің.

Еріксіз елтіген бір күйге енесің,
Кеудеңнің сол жақ жаны түйрегесін.
«Көкейкесті» көңілді алаңдатар,
Не қызық, құмар қанып сүймегесін.

Сол кезде күңіренеді «Салық өлген»,
Сағымы «Сайға бұққан» кәрі жерден.
Боз далада боздайды» «Нар идірген»,
«Он алтыншы жыл» қайда бәрін көрген.

«Қайран шешем» жылайды, қамығады,
«Аман бол, шешемізден» зар ұғады.
Ауылы «Қыз қамаған» алыс тартып,
«Қыз Данайдың» қырғыны танылады.

Атырау Маңғыстаумен араласып,
Барады «Тоғыз түйе» қырдан асып.
«Не кричи, не шуми» деп айтады,
Жайықтың жас орманы жағаласып.
Жайықтың жазығында саз қонақтар,
Жүректің жазуында жаз қонақтар.
Нарында нар маялар боздағанда,
Дауысын жеткізеді озған аттар.

Тербетіп көңілдердің гәккуларын,
Жел сүйер желден озған аттың жалын.
«Бозінген» бозаң сайда желген кезде,
Ұшады аспанымда «Аққуларым».

Көңілді «Әлқиссамен» ағартамын,
Жанымның жапырағын жаңартамын.
Бекболат «Күреңіне» мінген кезде,
Күйлері күмбірлейді Жаңаарқаның.

Сал күрең қос еріні салақтаған,
«Көкжендет» жер танабын адақтаған.
Арқаның сырлы сазы, ойға терең,
Ақселеу көкірегіне қонақтаған.
Күй – тұлпар шашасынан шаң бораған,
Күй сұңқар – уысынан қан бораған.
Күй – жаңбыр жан-жайлауға себелеген,
Күй – тағдыр шанағынан ән бораған.

«Құс қайтару» ұшатын тізбектеліп,
Басынан жазды өткеріп, күзді өткеріп.
Күйшілердің көшіне көз жіберсем,
Күй-керуен көз алдымда тізбектеліп.

Көшеді ғасырлардан ғасырларға,
Айналып саф алтындай асылдарға.
Есіне ел-жұртымның салайын бір,
Дұғам да осы болсын жасындарға.

Дәулеткерей, Сейтек пен Мұхит, Абыл,
Түркеш бабам күйінің бәрі дабыл.
Лұқпан, Жантөре мен Байжұма, Ещан,
Баламайсан, Боғдамен – дүниеғапыл.

Ұзақ, Қауен, Мәмен мен Сармалай бар,
Күй тартқанда жарқырап толған айлар.
Өскенбай, Құлшар, Ерғали, Есбай, Есір,
Мұрат, Арал, Қазанғап – арман-айлар.

Малқара қыз, Тәттімбет, Тоқаларым,
Күй төккен екпіндері топан-арын.
Қожыке, Раздық, Оқап, Жолды, Қартбай,
Саусағы сиқыр болған аталарым.

Байжігіт күймен тербеп Абылайды,
Көрсеткен күн шуағын, жарық айды.
Қызыл мойын Қуандық өткен екен,
Қалайша ұрпақ оны танымайды?

Әрі би, әрі күйші Бейсенбіні,
Бабадан жеткен ұлы күй сендірді.
Жылқыны жылататын Сүгір күйші,
Қалың ел қамағанда теңселдірді.

Әбікен, Мұқаш, Досжан, Әлшекейлер,
Саздары Сыбанқұлдың бал-шекерлер.
Жалдыбай «Қара жорға» жорғалатқан,
Шал Мырза жұрт білетін аңшы екен дер.

Ар жақта отыратын Арынғазы,
Елемес елге біткен күйдің сазы.
Үсен төре шанақты шерткен кезде,
Үркердей болады екен өмір назы.

Алтайдан, Жетісудан, Сыр елінен,
Атырау – асқақ өнер күй елінен.
Маңғыстау маржандарын тыңдағанда,
Саз шығар замананың жүрегінен.

Күй сөйлер, көңіл өрлеп, жаныңды ашар,
Сергітер, серпілдірер, бағыңды ашар.
Сезімді суық шалған терең бойлап,
Жігерді желпіндіріп жалындасар.

Дүние дөңгеленер дидары ашық,
Сезімің жырға ғашық, сырға ғашық.
Болады жаның сонда жайлауында,
Жүректі арбағанда бір қарашық.

Құлпырып кемел дүние қызыл-жасыл,
Жүректен жүректерге сырын тасыр.
Күй сөйлеп кеткен кезде сөзіңді тый,
Әр сазы, әр сағасы болар асыл.
Тербетсе алтыбақан қыз-жігітті,
Ай күліп, жұлдыз біткен үздігіпті.
Ақсүйек ай астында жарқыраса,
Арыс мәз, алау жүзді қыз қылықты.

Жем қайда, Қайнар қайда, Сағыз қайда,
Тұлпар-күй жабырқаған жанға пайда.
Ойылым ойымдағы қымбат еді,
Оғланын есіне алып, сағынбай ма?

Үстірттен үркіп қашты киік-өмір,
Үмітке үркіт болған күйіне біл.
Үзеңгі жылдар келсе сүйіне біл,
Үкілі ақбоз үйге иіле біл.

Үзігін туырлықтың үйіре біл,
Үздігіп құлақ түріп күйіне бір.
Үріккен ойларыңды жинап-теріп,
Үйіне қалқатайдың үйіре біл.

– Дейтұғын қайда қазір кәрі құлақ,
Жақсының жарқылдаған бәрі жырақ.
Даламның дауысына күдік кірді,
Ашайық сол дауысты анығырақ.

Өткенге өре тастап, мың қараймын,
Сәулесін сіміремін тұнған айдың.
Шабысын шалқұйрықтың көргендеймін,
Қағысын еске алғанда Құрманайдың.

Құрманғазы ізінде – Дина дарын,
Айжан қыз, Аққыз ана – құймаларым.
Талай қыздың тарихы тасқа түспей,
Аттарын атай алмай қиналамын.

Дина әжем – дария ғой толқыны жал,
Наушаның шалқуы бар, толқуы бар.
Бақыт апам бар еді, ол да ғайып,
Роза, Айгүл жалынның жалқыны бар.

Өнердің өгей түрі, бөтені бар,
Жақсыны жатқа шашпай көтеріп ал.
Ғайып боп бара жатыр қоңыр үнім,
Көңілдің осы жайға секемі бар.

Көңілдің осы жайға секемі бар,
Жат үннің жанға суық бөтені бар.
Күй деген Тәңірінің тартуы ғой,
Тәңірдің тапжылтпайтын бекемі бар.

Тәңірдің тапжылтпайтын бекемі бар,
Тағдырдың өкіндірмес өтемі бар.
Таланттың тасқа шыққан шетені бар,
Таңдайға еріп түсер шекері бар.

Тағдырға өкіндірмес өтемім бар,
Тар жол, тайғақ кешкенде төтенім бар,
Сержандай сертке ұстаған жекенім бар,
Жанғалидай шертпе күй бекемім бар,
Шәмілдей шыға шапқан бөкенім бар,
Тәубе деп айтар едім: Тұрарым бар,
«Көңілдің толқынында» Секенім бар.

Нұрғиса әкем бар еді, ол да ғайып,
Қали әкем бар еді, ол да ғайып,
Рүстембек ағам бар-ды, ол да ғайып,
Мағауия әкем ед, ол да ғайып,
Төлеген көкем бар ед, ол да ғайып,
Мұрат көкем бар еді, ол да ғайып,
Қаршыға көкем бар-ды, ол да ғайып,
Алым ағам бар еді, ол да ғайып,
Уәли көкем бар еді, ол да ғайып,
Рысбай – күй-қағаны ол да ғайып,
Тоқсанбай толқын еді, ол да ғайып,
Әзидолла көкем еді, ол да ғайып,
Тұяқ құрдас бар еді, ол да ғайып,
Таласбек тарлан еді, ол да ғайып,
Талайлар тарихқа кетті сіңіп,
Аттарын атамасам мендегі айып,
Солардың еңбектерін қолға алайық,
Өнердің ең төресі – күй өнері,
Ойлайық, үйренейік, толғанайық,
Тартайық, таратайық, танытайық,
Таниық, табынайық, тәу етейік,
Болмай тұрған кезінде бұл да ғайып.
Намысын бір көтерсін момын маусым,
Далаға күй даусымен жауын жаусын.
Оркестр,
Отанымда шалқыт күйді,
Күмбірлет домбыраның қоңыр даусын.

Ел тыңдап ен қайратын жігерлесін,
Жанының жанартауын жүгендесін.
Тауып ап тылсым үнді табысым деп,
Мұрасын қадірлеп бір түгендесін.

Дирижер – заман мынау дүрілдеген,
Дидары кейде күндей күлімдеген.
Дидары кейде түндей тұнжыраған,
Дидары бір ашылсын білінбеген.

Дала – дүр,
Дала – сардар,
Дала – батыр,
Дидары күйге бөккен санада тұр.
Мәңгілік еліміздің манифесі,
Дәуірден дәуірге озып бара жатыр.

Тарт, қазақ,
Домбыраңды дауылдатып,
Дулатып,
Дүрліктіріп,
Сауылдатып.
Сілкінтіп,
Еліктіріп,
Желіктіріп,
Шалқытып,
Шырқ үйіріп,
Бауырлатып.

Тарт, қазақ,
Домбыраңды төгілдіріп,
Елітіп,
Екпіндетіп,
Еміндіріп.
Күңірентіп,
Күмбірлетіп,
Кемелдетіп,
Дүние дөңгелесін жанарыңда,
Дүрлігіп
Кіріп келсін өмір күліп.

Тарт, қазақ,
Домбыраңды серпілдіріп,
Ерендеп,
Ерекшелеп,
Еркін қылып.
Аспанда аққу-қаздар алты айналсын,
Дауысын домбыраңның төркін біліп.

Тарт, қазақ,
Домбыраңды дүркін-дүркін,
Күй деген – қымбат мұраң,
Асыл мүлкің.
Бабаңның сәлемі бар онда саған,
Басынан көшкен кезде дүние, шіркін.

Мәз болмай арзан өнер атағына,
Шалынбай шалдуардың шатағына.
Тарт, қазақ,
Домбыраңды
Жаңылмастан,
Домбыра – Аманатың – Ата мұра.

Жеткізер елдің атын,
Есіміңді,
Шындықпен шегендейтін шешіміңді.
Тарт, қазақ,
Домбыраңды – заман күйін,
Тербетіп ұрпақ жатқан бесігіңді.

Тарт, қазақ,
Тарт дегенде тарта аласың,
Асқақтап тұла бойың,
Арқа-басың.
Аламан абыройыңды алқаласын,
Тыңдасын байтақ дала,
Алты Алашың,
Тыңдасын алты құрлық,
Төрт мұхитың,
Мәңгілік күйің сенің тарқамасын!

 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты