Аймақтар • 03 Шілде, 2020

Өскемен мен Семей қалалары да карантинге жабылады

320 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов 5 шілдеден бастап облыстағы екі ірі қаланың карантинге жабылатынын мәлім етті, - деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің Instagram парақшасына сілтеме жасап.

Өскемен мен Семей қалалары да карантинге жабылады

Әкімнің мәліметінше, облыс кез келген жағдайға дайын. 1700 инфекциялық, 2500 провизорлық және карантиндік орын және қарқынды терапия палатасы дайындалды. Оған қоса аймақта адамдар жедел медициналық көмек ала алмайтын елдімекен жоқ. Медициналық мекемелер мен атқарушы биліктің өзара әрекет ету алгоритмдері жасалып, бекітілген.

"Жағымсыз жайт болмас үшін біз 5 шілдеден бастап Өскемен және Семей қалаларын жабамыз, адамдар мен көліктердің қала мен аудан арасында жүріп-тұруын шектейміз. Осының барлығы - коронавирус инфекциясы таралмас үшін жасалып отырған шаралар. СОVID-19-бен күресте өзін-өзі оқшаулау тәсілі тиімді екені дәлелденді. Карантин кезінде облыста жалпы вирус жұқтырғандар саны 135 болатын. Маусым ішінде бұл көрсеткіш 710-ға дейін артып, әлі де өсіп жатыр", - деп хабарлады Д.Ахметов.

"Сондықтан осы жексенбіден бастап қозғалысты шектеу маңызды. Біз байланысқан адамдар тізімін үзуіміз керек. Бұл өте қажет! Осы жағдайға неғұрлым жауапкершілікпен қарасақ, соғұрлым қалыпты өмірге тезірек ораламыз. Мекемелер, азық-түлік дүкендері, дәріханалар, банктер, ХҚО (қысқарған кестемен) жұмысын жалғастырады. Біз енгізілген карантин шаралары кәсіпкерлерге зиянын тигізбес үшін тырысып жатырмыз. Тағы да шектеулерге түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Еуропа елдерінде адамдар әуелде шектеу шараларына мойынсұнбағанда қандай жағдай болғаны бәріміздің есімізде", - деп атап өтті әкім. Оның айтуынша, а дамдар өз қауіпсіздігі үшін кем дегенде әлеуметтік қашықтықты сақтап, өзін-өзі оқшаулап, маска тағып жүруі керек.

"Біз де аймақтағы ауруханаларды қажетті техникамен және дәрі-дәрмекпен, ал дәрігерлерді қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету үшін барымызды салдық. Қазіргі біздің ортақ міндетіміз – шектеу шараларын сақтап, вирустың таралуына жол бермеу", - деп толықтырды Д.Ахметов. ⠀