Қазақстан • 04 Шілде, 2020

Абайды танытқан абыз тұлға

495 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ тіл білімінің абызы – анасы атанған ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері Рәбиға Ғалиқызы (Сәтіғали) Сыздық 96 жасында дүниеден өтті.

Абайды танытқан абыз тұлға

Академик Рәбиға Сыздықтың бүкіл өмірінің мұрат-мүддесін белгілеген – халықтың санасындағы биік рух пен тілдік қазынасында айшықталып сақталған бай руханиятының терең өзегін құрайтын қазақ сөз құдіреті. Осы жолда ана тілінің асыл қасиеттерін ардақтап, оның заманға сай қоғамдық-әлеуметтік қызметінің жетіліп өркендеуіне ғалымдық ізденістерімен, ұстаздық, ағартушылық ұлағаты арқылы бір сәт те қайрат-жігерін аямағаны қазақтың зиялы қауымына жақсы таныс.

Тілдің төл болмысына сай қазақ тіл білімін қалыптастырудың негізін қалаған А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов және т.б. Алаш зиялыларының ісін жалғастырып, ХХ ғасырдың 40-50 жылдарынан қазірге дейінгі қазақ тіл білімінің тұтас бір дәуірін дамытуда академик Р.Ғ.Сыздықтың еңбегі ерекше.

Сыздықова (Құтқожина) Рәбиға Ғалиқызы (әкесінің толық аты – Сәтіғали) 1924 жылы тамыздың 17-сінде Ақтөбе облысының Ойыл қалашығында қызметкер отбасында дүниеге келген.

Әкесі "халық жауы" аталған науқандық зұлматтың құрбаны болып, екі ағасы соғысқа аттанған, намыс пен жігерін бойындағы күш-қайратына жаныған 16 жастағы қаршадай қыз еңбек жолын 1940 жылы Ақтөбе облысында бастауыш мектепте ұстаздық етуден бастайды.

1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтын бітіргеннен кейін Қазақ оқу-педагогика баспасында редактор, редакция меңгерушісі болып қызмет істеді.

1957 жылдан бастап ҚР ҰҒА Тіл білімі институтына жұмысқа орналасып, өмірінің соңына дейін түбегейлі ғылыми зерттеушілік жұмыспен айналысты.

Ғалымның ұзақ жылдар бойы үзбей қалам тартып, жете зерттеген саласы – қазақ әдеби тілі тарихының мәселелері. Академик Р.Сыздықтың Абай шығармаларының тілін тұтас жан-жақты зерттеген "Абай шығармаларының тілі" (1968), "Абай өлеңдерінің синтаксисі" (1970), "Абайдың сөз өрнегі" (1995) сияқты еңбектері ұлы ақынның жазба әдеби тілдің негізін салудағы орнын анықтап, Абайдың тіл әлемін тануда бүгін де, болашақта да қазақ руханияты үшін маңызы зор болып қала бермек. Сонымен бірге «Қазақ әдеби тілінің тарихы» (1984) монографиясында ғалым әдеби тіл халықтың поэтикалық сөз өнерінің мәдени-рухани дүниелер туындауына қоғамдық мәні бар іс-әрекеттерді ұйымдастырудың құралы болуына ықпал етуіне байланысты XV-XVIII ғғ. ақын жыраулардың тілін әдеби тілдің жазбаға дейінгі кезеңіне жататын үлгілер деп таниды. Бұл тұжырымның нақты дәйегі іспетті  ұзақ жылғы ізденістердің нәтижесі түрінде XV-XVI ғ. ақын-жыраулар тілі мен тарихи жырлардан жинақталған тілдік деректердің  сырын  ғалымның бірнеше рет басылым көрген «Сөздер сөйлейді» еңбегінің өзегін құрады. (1980, 1994, 2014). Қазақ әдеби тілі тарихына қатысты ғалымның бұл маңызды тұжырымы 2014 жылы жарық көрген "Ауызша дамыған қазақ әдеби тілі" монографиясында түпкілікті терминологиялық мазмұнға ие болды. 

Академик Р.Сыздықтың, бір жағынан, қазақ әдеби тіл тарихымен, екінші жағынан, түркітану саласымен ұштасып жатқан маңызды зерттеулерінің қатарына XVI  ғ. тілдік және тарихи-мәдени мұра ретінде қарастырылған  "Язык Жамиат – тауарих Жалаири" (1989) кітабы мен Қожа Ахмет Яссауи (XII ғ.) мұрасының "Самарханд немесе Залеман нұсқасының" қолжазбасын атауға болады.

Академик Р.Сыздықтың шығармашылық өзегі әдеби тілдің өткенімен шектелмей, қазақ тілінің бүгіні мен болашағын, дамуы мен қызметін жүзеге асыратын ішкі көркем әлеуетінің ғылыми түпқазығы ретінде қазақ тіл білімінде лингвостилистика, лингвопоэтика, сөз мәдениет салаларын қалыптастырудағы еңбегі зор.

Сонымен бірге тілдік норманы реттеп, тіл мәдениетін көтеретін, қоғамдық-мәдени өмірде орны ерекше саналатын ғылыми-әдіснамалық құралдары да осы жүйенің бастау көзі ретінде бағаланады. ("Қазақ орфографиясы мен пунктуациясы жөнінде анықтағыш", "Қазақ тілінің орфографиялық сөздігі", "Тілдік норма және оның қалыптануы" және т.б.).

Академик Р.Сыздықтың ағартушылық тұлғасындағы тектілігі мен өресі биік қайраткерлік қабілеті қоғамдағы қазақ руханиятының ақтаңдақтарын жаңғырту ісінде жарқырап көрінді.

Өзіндік мектеп қалыптастырған ғалым-ұстаз Р.Сыздықтың іргелі ғылыми-зерттеу еңбектері тек республика көлемінде ғана емес, түркітану орталықтары – Мәскеу, Баку, Түркия мен туыстас түркі елдеріндегі ғылыми жұршылыққа кеңінен мәлім.

Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі Р.Ғ.Сыздықтың ғылыми-педагогикалық қызметі мен қайраткерлік ерен еңбегі Үкімет тарапынан жоғары бағаланып, "Құрмет белгісі" (1971), "Парасат", ІІ дәрежелі "Барыс" ордендерімен марапатталды. "Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері" атағының (1995), "Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының" (1996) иегері атанды.

Қазақ сөзінің құжіретін танып, тарих тылсымынан "сөздерді сөйлеткен", қазақ көркем ойының рухын бүгінгі ұрпаққа ұлағат еткен ғұлама ғалым, абыз-ананың бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталады.

 

 

Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті

А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты