Елбасы • 06 Шілде, 2020

Өнер сүйген басшы – халық байлығы

847 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әр халық өзінің дара перзенттерімен асқақ, солармен биік. Кемел келешекке ке­руен тартқан тәуелсіз мемлекетіміздің ай­бынын асырған Нұрсұлтан Әбішұлы қа­зақ деген ұлы халықтың тарихымен бір­ге мәңгі жасайтын жасампаз тұлға. Бұл еш­қандай боямасыз айтылған жүрек сөзі.

Өнер сүйген басшы – халық байлығы

Тағдырдың талай-талай теперішін көріп, сан тарау жолдан өткен еліміздің өмірі азаттық дейтін аяулы ұғыммен қайта түледі. Сол тұста ел тізгінін қолына алған Елбасымыз сындарлы шешімдер жасап, тәуекелді қадамдарға бара білді. Шекарамыз шегенделіп, іргеміз беки түсті. Жұмыр жердің бетіндегі қазақ дейтін қасиетті халықты тұтас әлем таныды. Мәде­ниет, білім, экономика, спорт сынды ұлт айбарының темірқазығына баланатын сан са­лада толайым табыстарға қол жеткіздік. Өш­кеніміз жағылып, жоғалғанымыз табылды. Мұның бәрі жайдан-жай келе қалған жоқ. Қажырлы еңбек, берік ұстаным, көреген ше­шімдер асқақ арманға қанат байлады. Бұл же­­тістіктер тікелей Елбасының айшықты ең­­бе­гімен астасып, сабақтасып жатыр. Ниеті дұ­­рыс, көңілі ояу жұрт мұны көрмеуі мүмкін емес.

 Нұрсұлтан Назарбаев елдің мәдени өмірін өркендетуге ерен еңбек сіңірді. Тұңғыш Пре­зидент тұсында «Халық – тарих тол­қы­нында», «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды ұлтымыздың тарихы мен өнерін, мә­дениеті мен салт-дәстүрін жаңғыртуға ар­налған мемлекеттік бағдарламалар қолға алынды. Олардың іске асуы кино мен теат­р, дәстүрлі музыка мен сәулет, бейнелеу өнер­лерінде тың серпіліс жасады.

Ол кісі өнер мен білімге бай адам. Бұл өз кезегінде өнер адамдарына үлкен қол­дау болды. Уақыттың ағысын, заманның жылдам­дығын сезіп отыратын зерделі жан қаншама талантты азаматтың өнері мен өмірінің өріс­теуіне жағдай жасады. «Өнер сүйген патша – халық байлығы» деген сөз бар. Бір жолы қасиетті қарашаңырағымыз «әкем-театрға» арнайы келіп, жиырма жас әртісімізге пәтер кілтін үлестіріп еді. Бұл тарихта болмаған нәрсе. Ұлт­тың мәдениетін қолдау – халықтың бола­ша­ғын ойлау. Сондықтан мен жүрген жерімде Елба­сының осы бір көрегенді ісін үнемі айтып жүремін.

Қазақтың болмысында араздасқанды татуластыру дейтін жақсы қасиет бар. Мен осынау құндылықтың өрелі өрнегін, салтанатты үлгісін Елбасымыздың іс-әрекетінен бағамдап, нағыз қазақтың қасиет-қалыбын бойына дарытқан жан деп пайымдаймын. Бір ғана мысал айтайын. Бауырлас түрік ағайындар мен Ресей арасында тұтанған алауыздықты ауыздықтауға ол кісі қомақты үлес қосты. Қос елдің президенттерін бітімгерлікке шақырып, әлемге озық үлгі көрсетті. Осы жағдайдан кейін Түркия мен Ресейдің мемлекет басшыларының бір-біріне деген реніш тоңы жібіп, үлкен қауіп дер кезінде сейілді. Күні бүгін екі мемлекеттің халқы осы бір салиқалы ісі үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа дән риза. Себебі арадағы бұл шиеленіс ушығып кетер болса, екі мемлекеттің де экономикасына салқынын тигізер еді. Тіпті соғыс өрті тұтанып кетуі де ықтимал-тұғын.

Халықаралық дипломатия асқан жауап­кершілікті талап ететін тым нәзік сала. Сабағын үзіп алсаң, қайтып орнына келтіру мүмкін емес. Әлем күн сайын өзгеріске ұшырап отыр­ған алмағайып дәуірде мұның бәрін дәл таразылау парасаты мен пайымы, ақылы мен білімі кемел басшының ғана қолынан келетін шаруа. Жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт жә­не ядролық қарусыз саясатын паш етіп, бас­қаларды да осы жолды ұстануға шақыру арқылы кеңдік пен кемелдіктіктің көркем үлгісін көрсетті. Көпұлтты Қазақстанның ын­ты­мағы мен татулығын нығайтты. Мем­леке­тіміз бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын ұясына айналды. Бұл тұрғыдан алғанда да Тұңғыш Президентіміздің қайраткерлік жолы талайларға жақсы үлгі. Халқымызды таным мен тағылымға шақырған тың бастамалар әлі де жалғаса бергей.

Асқан асу, аттаған белес тарих дейтін ұлы кітапқа өшпестей болып қашалды. Қоғам болғаннан кейін, адамдар жүрген ортада қисынды-қисынсыз түрлі пікірлер айтыла береді. Тәй-тәй басқан жас мемлекетіміздің өткені мен бүгінін әділ таразылайтын халқымыз жарқыраған жақсылықты, осынау жылдардың бедеріндегі шуақты шақтарды көре білсе игі.

Мерейлі сексен жасқа толып отырған толағай тұлғаға темірдей берік денсаулық тілей­мін. Сырқаттанып қалды дегенді естіп: «Жанып тұрған оттың ішінен шыққан азамат қой, бұл сынақтан сүрінбей өтер» деп едім. Көптің тілеуімен денені дендеген кеселден құлан таза айықты дегенде шын қуандық. Қазақ дейтін қараорман халықтың арманымен астасқан, жыртығына жамау болған жігерлі жан әлі де ел үшін елеулі қадамдарға барып, мемлекетіміздің өркендеуі жолында еңбек ете береді деп сенеміз. Асылымызды ардақтайық, жақсымызды құрметтейік. Қа­занат­тарымыз тұғырлы, азаматтарымыз ғұмыр­лы, тәуелсіздігіміз баянды болғай!

 

Сәбит ОРАЗБАЕВ,

Қазақстанның халық әртісі