Сурет "Егемен Қазақстанның" архивінен алынды
– Төлеутай Ысқақұлы, әңгімемізді тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында еліміздің сыртқы саяси бағытын айқындау, дипломатиялық қызметті құру және оның жұмысын жүргізу мәселелеріне қатысты Елбасының ерен еңбегі жөнінен бастасақ.
– Ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған басты құндылық – тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы кездерде еліміздің алдында қасиетті де қиын, асу берместей көрінген міндеттер тұрды. Дана халқымыз ел тізгінін сеніп тапсырған Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осы міндеттердің барлығын көрегенділікпен айқындап, қай бағытпен жүретінімізді, қандай ұстанымдарды негізге алатынымызды нақты көрсетіп берді. Соның нәтижесінде барлық алға қойылған міндеттер сәтімен еңсеріліп, жаңа белестерді бағындыра білдік. Осынау ауқымды міндеттердің ішінде еліміздің сыртқы саясатын жүргізу, оны уақыт талабына сай ілгерілету, әлем елдерімен үзеңгі қағыстыра тең дәрежеде қатынас орнату, Отанымызды халықаралық қоғамдастыққа мойындату, таныту мақсаттары да өте маңызды болды. Бұларды тез әрі сапалы атқару қажет еді. Өйткені ол кезде Қазақстанды көптеген мемлекет келешек бағыт-бағдары белгісіз, болашағы күмәнді, жаппай қырып-жоятын қуатты ядролық қаруы бар ел деп білді. Мұндай қасаң көзқарастарды шұғыл түрде жою керек болды. Осыны терең түсінген Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бар мүмкіндігін салып, сауатты түрде аса қажетті жұмыстарды жеделдете қолға алды.
– Сонымен Елбасының нақты нұсқауымен жұмыс басталып кетті...
– Иә. Осы арада сәл кейінге шегіне сөйлесем, кеңестік кезеңде бізде Сыртқы істер министрлігі болғанымен оның қызметкерлері аз, өкілеттігі мен міндеттері шектеулі болатын, сондай-ақ белгіленген тұжырымдамасы да, сырт елдерде дипломатиялық мекемелері де болған жоқ. Бұл сол кездегі республикамыздың сыртқы саяси қызметінің, дәлірегі заманауи дәстүрінің тым қарабайыр болғанын көрсетеді.
Алғашқы кезде дипломатиялық байланыстарға қатысты шетелдік құжаттар, озық тәжірибелер зерделеніп, аз уақыттың көлемінде салаға қатысты заңнамалық құжаттар дайындалды. Солардың ең негізгілеріне тоқталайын. Елбасының Жарлығымен 1992 жылы 2 шілдеде «Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасы елшілігі туралы», «Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті өкілінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелер бекітілді. 1993 жылға дейін бұрынғы Қазақ КСР-інің заңдарына қосымша толықтырулар мен өзгерістер енгізіп отырдық.
Осы қарсаңда сыртқы саясатымыздың Тұжырымдамасы жасалды. Мамандардың жетіспеушілігін шешуге, мемлекетіміздің кәсіби дипломатиясын құруға Елбасы баса назар аударғандықтан, түйінді мәселелер шешімін таба бастады. Ол кезде елімізде дипломаттар даярлайтын бірде-бір оқу орны жоқ еді. Тұңғыш Президентіміз КСРО Сыртқы істер министрлігінде, оның шетелдердегі өкілдіктерінде қызмет еткен өз азаматтарымызды, сондай-ақ бұрынғы Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігі қызметкерлерін ортақ іске жұмылдыру жөнінде ұйғарымға келді арнайы шешім қабылдады. Тіпті партия-кеңес қызметінде болған тәжірибелі отандастарымызды да осы салаға тарту қажеттігі айтылды. Мемлекет басшысының осы шешімдері нәтижесінде тәжірибелі дипломаттар өз еліне қызмет етуге мүмкіндік алды. Министрлікке мамандар қабылдау үшін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Сәлім Құрманғожин жетекшілік еткен қабылдау комиссиясы жасақталды. Осы комиссияның мамандарды іріктеуі нәтижесінде жүздеген адам жұмысқа алынды. Оларды Пәкістан, Үндістан, Қытай, Иран және Еуропа елдерінің Сыртқы істер министрлерімен келіссөз жүргізіп, сол елдерге үш айға оқуға жібердік. Олар оқып келгеннен кейін сыртқы саясаттың қызметі өрістей түсті. Министрліктің департаменттері құрылып, негізгі құрылым жасақталды. Айта кетейін, тәуелсіздіктің алғашқы екі жылында сырт елдерде 17 елшілік ашылды. Оларға мамандардың аздығынан тәжірибелі тұлғалар, мемлекет, қоғам қайраткерлері, ғалымдар жіберілді. Осылайша сірескен сең – алғашқы міндеттер еңсеріліп, сыртқы саясаттағы жолымыз ашылды, отандық дипломатиялық қызмет өз арнасын тапты. Міне, осының барлығы тұңғыш Президенттің тікелей бақылауымен, қолдауымен, араласуымен жүзеге асырылды. Сондықтан мен Елбасын Қазақстанның Бас дипломаты деп санаймын.
– Еліміздің БҰҰ сынды беделді халықаралық ұйымдарға мүшелікке өтуі тарихымызға алтын әріппен жазылған ірі оқиғалар екені сөзсіз. Қазақстанның аталған ұйымға қабылданар алдында дайындық қалай жүрді?
– Ең алдымен БҰҰ мен Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) кіру қажет болды. Содан 1991 жылдың желтоқсан айының екінші жартысында Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ-ның Бас хатшысына хат жазды. Желтоқсанның аяғында Қазақстанның БҰҰ-ға мүше болып қабылдануы туралы Елбасымыз қол қойған өтініш Бас хатшыға табысталды. Ал 1992 жылдың 23 қаңтарында БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі өз отырысында Бас Ассамблеяға Қазақстанды БҰҰ-ның мүшелігіне қабылдауды ұсынып, нәтижесінде, 1992 жылдың 2 наурызында БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясы Қазақстанды Ұйымға мүшелікке қабылдады. Сөйтіп ұйымға мүше мемлекеттердің тулары тігілген алаңда Байрағымыз желбіреді.
Еліміздің халықаралық ауқымдағы бастамалары мен аймақтық және жаһандық қауіпсіздікке қатер төндірген түрлі кикілжіңдерді реттеудегі қызметі адамзаттың көз алдында. Олардың барлығы Қазақстанның сыртқы саясаттағы жемісті қадамдарын айқын сипаттайды. Сондай-ақ бұл бағыттағы табыстарымыз еліміздің өркениет төріндегі орнын белгілеп, аса беделді халықаралық ұйымдардың жұмысына белсене қатысуға жол ашты.
Кейін Қазақстанның халықаралық жасампаз бастамалары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болуына жол ашты. Елбасы Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған саяси Үндеуі жарияланып, онда әлемдік қауіпсіздікке қатысты еліміздің жеті басымдығы атап көрсетілді. Бұл арада біздің еліміздің Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелігіне Орталық Азия елдерінің ішінде бірінші болып сайланғанын, Кеңеске 2018 жылғы қаңтар айында төрағалық еткенін ерекше атап өтуіміз керек. Мұның барлығы Елбасының қажырлы еңбегінің, жоғары беделінің, қазақ диломатиясының жүйелі, сауатты іс-қимылының арқасында мүмкін болғанын ұмытпауымыз керек.
Еліміздің тұрақтылығы мен орнықты дамуы да халықаралық қоғамдастықтағы беделіміздің шарықтап өсуіне көп әсерін тигізгенін атап өткен жөн. Өйткені елдегі тұрақтылық, сауатты жүргізілген сыртқы саясат еліміздің экономикалық дамуына, сырт елдерден компаниялардың, қаржысы мол инвесторлардың көптеп келуіне кеңінен жол ашты.
Елбасының елі үшін халықаралық ауқымда асқан жауапкершілікпен жүзеге асырған маңызды ісі – барлық көршілес мемлекеттермен шекараны нақтылап, заңдастыруы. Кезінде әлем бойынша аумағы жөнінен тоғызыншы орын алатын еліміздің көрші елдермен шекараларының нақтыланбаған тұстары халықаралық қоғамдастықты біршама алаңдатқан-ды. Бұл заңды түрде белгіленбеген шекараларды алдағы уақытта бітіспес жанжалдың көзі болады деп сәуегейлік жасағандар да кездескен. Қуанышымызға қарай барлық көршілерімізбен шекарамызды реттеп алдық. Бұл да Елбасының ерен еңбегінің жемісі.
– Шетелдік әріптестерімен кездесулерінде, халықаралық беделді жиындарға қатысу барысында Елбасының қандай қасиеттерін байқадыңыз?
– Елбасы тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел мүддесін арқалап, халқының жағдайын көтеру мақсатында шетелдерге сапарлай бастады. Ұмытпасам, тәуелсіздіктің алғашқы екі жылында тұңғыш Президентіміз 19 елге ресми сапармен барса, 11 халықаралық басқосуға қатысты. Осындай жоғары деңгейлі кездесулерде Елбасы өзін байсалды ұстауымен, шешендігімен, қаралып жатқан кез келген мәселені терең білетінімен, жан-жақтылығымен ерекшеленетін. Әр сөзінен халқын шын сүйетіні, ел үшін неге болса да баратыны айқын сезіліп тұратын. Нұрсұлтан Әбішұлы қандай шешім қабылдаса да, қандай саяси қадам жасаса да бірінші кезекте халқының пікірімен, тілегімен санаспай әрекет еткен емес. Кездесулер өтетін аудиторияларға өз үйіне енгендей кіріп, сұхбаттасушыларын баурап алатын. Талайларды мысы басып кететін. Кіммен сөйлессе де бұрыннан таныс адамымен әңгімелесіп отырғандай әсерде қалдыратын. Талай президент Елбасының жеке адами қасиетін жоғары бағалады. Көптеген мемлекет басшылары Нұрсұлтан Әбішұлымен бір сөйлескеннен-ақ оны дос санап, сыйлап, барынша құрметін көрсетіп қалуға тырысып жататын. Арадағы аз-кем әңгіме жолдастыққа жалғасып жүре беретін. Қазақстанның тұңғыш Президентінің барлық шетелдік әріптесімен жеке достық қарым-қатынасы еліміздің дамуына, әлемдік аренадағы беделінің өсуіне аз ықпалын тигізген жоқ.
Реті келгенде айта кетейін, Елбасы туралы жүрек жарды лебіздерін білдірген ірі тұлғалар, мемлекеттер басшылары өте көп. Олардың осылайша өз ықыластарын білдіруі – Елбасының адами жеке қасиеттері мен көшбасшылық қарымын әділ бағалауы әрі арадағы достық қатынастарының белгісі деп түсінемін. Мәселен, Ұлыбританияның 71-ші премьер-министрі, заманының ірі тұлғасы болған Маргарет Тэтчер кезінде: «Қазір жаһандық саясатта 5-6 ірі және ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Назарбаев. Мен оған сенемін және оның барлық бастамаларын қолдаймын», деген сөзін әлем біледі. БҰҰ-ның 1997-2006 жылдар аралығында Бас хатшысы болған Кофи Аннанның: «Қазақстан – өзге де ТМД елдерімен салыстырғанда ерекше мемлекет. Онда тұрақтылық, бейбітшілік және экономикалық өсім бар. 1991 жылы Президент Назарбаевтың бастамасымен, Қазақстан өз еркімен ядролық қарудан бас тартқанда, біз Назарбаевтың осы бір бастамасына қайран қалған болатынбыз. Өйткені БҰҰ әлем елдерін ядролық қарудан бас тартуға үндеп келе жатқанына 60 жылдан асты. Бірақ нәтиже жоқ еді. Мұның бәрі Президент Назарбаевтың еңбегі», деген болатын. Ал Сингапурдың бірінші премьер-министрі Ли Куан Ю біздің Елбасымызға арнап айтқан: «Президент Назарбаев — кеңестік саясаттағы жарық жұлдыз, түрлі республикалар арасындағы ірі тұлға. Қазақстан лидері – белгілі деңгейде қатал, тәжірибелі, жедел шешім қабылдай алатын адам. Одақтың басқа республикаларының өзі мойындаған жылы шырайлы, талантты және табанды басшы. Назарбаев республиканы басқарып тұрғанда, Қазақстанның табыстарға жету мүмкіндігі анағұрлым мол болады», деген сөзін қалай осы жерде келтірмейін. Мұндай мысалдар өте көп.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Нұрсұлтан Әбішұлының жанында жүріп талай жиынға қатыстым. Сол кездерде Елбасымен кездескен, келіссөздер жүргізген немесе биік мінбелерден сөйлеген сөзін тыңдаған үкіметтер басшыларынан, дипломаттардан, халықаралық ұйымдар жетекшілерінен, басқа да ірі тұлғалардан: «Президент Назарбаев алысқа баратын тұлға екен, елін өрге бастайтын азамат екен. Назарбаевтай басшысы бар Қазақстан неткен бақытты!» деген мазмұндағы жылы сөздерді талай естідім. Еліңнің басшысы туралы адалдықпен, шын пейілмен айтылған осындай сөздерді естігенде ерекше күйге бөленіп, айналаға мақтаныш сезіммен қараған сәттерім бүгінгі күндей есімде. Иә, олар қателескен жоқ. Шын мәнінде Нұрсұлтан Назарбаев елін өрге сүйреді, өзін де, Отанын да әлемге танытты, халқының бағы болды.
– Елбасының жаһандық бастамалары, бірнеше халықаралық және аймақтық ұйымдарды құруға ұйытқы болуы, әлемдік деңгейдегі саммиттерді ұйымдастыруы, жанжалдасқан тараптарды бітімге шақырып, татуластырғаны жөнінде де айтпай кетуге болмас...
– Елбасының әлемдік бастамалары өте көп. Оның барлығын бір сұхбаттың шеңберінде айтып тауысу қиын. Десек те олардың бірқатарын сөз етейін. Бұл тақырыпта сөз қозғалғанда бірінші кезекте Елбасының өз Жарлығымен Семей полигонын жапқанын айтар едім. Бұл батыл қадам әлем алдында Қазақстанның биік амбициясын және Назарбаевтың алысты көре білетін ерекше қабілетін көрсетті. Содан кейін оның жігерлі саясатының арқасында 1991 жылы әлеуеті бойынша жаһанда төртінші орында тұрған ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартуымыз бұрын тарихта болмаған батыл қадам болды. Нұрсұлтан Әбішұлы мұның барлығын ақылмен шешті. Ядролық клубқа мүше алпауыттардың елімізге ешқандай қауіп төндірмейтіні жөніндегі уәдесін алып, оны халықаралық құжатпен бекіттіріп алды. Қазақстанның бұл қадамы АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания және Франция сынды елдердің ядролық сынақтарға мораторий жариялауына түрткі болды.
29 тамыз БҰҰ тарапынан Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялануы Қазақстанның ядролық қарусыздану және ядролық қаруды таратпау мәселесіндегі рөлінің мойындалуы деп білеміз. Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесінде ядролық қарумен қатар қырып-жоятын қарудың басқа да түрлеріне, оның ішінде БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қаруды жасау және оны жетілдіруге арналған ғылыми жаңалықтарды есепке алу реестрі арқылы тыйым салуды ұсынғаны да әлем назарын аударды. Қазіргі таңда халықаралық қоғамдастық Қазақстанды ядролық қаруды таратпау ісінің жаһандық көшбасшысы деп мойындайды. АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обаманың кезінде: «Назарбаев ядролық қаруларды таратпау мәселелерінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі болып табылады. Қазақстан ядролық қарудан бас тартып, қауіпсіздік пен экономикалық өркендеуге қол жеткізуде үлгі бола алады. Бұл қадам Қазақстанды өңірдегі тұрақты елдердің біріне айналдыруға мүмкіндік берді» деген сөзі тегіннен-тегін айтылмаса керек. Сондай-ақ Елбасының әлемді 2045 жылға қарай, яғни БҰҰ-ның 100-жылдық мерейтойына орай ядролық қарусыз әлем құруға шақыруы, «бір+бір» формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды ұсынды. Мұнда әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруы көзделеді.
Елбасының бастамасымен бірқатар халықаралық және аймақтық ұйымдар құрылды. Мәселен, 1992 жылы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-ші сессиясында Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңес шақыру бастамасын ұсынды. Ол БҰҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер тарапынан қолдау тапты. Осылайша біздің еліміз Орталық Азия аймағындағы қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосты. Бұл Кеңес қазір ЕҚЫҰ-ның азиялық үлгісіне айналып келеді.
Сондай-ақ Елбасы бастамасымен ШЫҰ, Түркі Кеңесі, ЕАЭО сынды бүгінде үлкен беделге ие ұйымдар құрылды. Мәселен, ШЫҰ-ның өрісі кеңейіп, кейінгі жылдары мүшелікке Үндістан мен Пәкістанның енуі аталған бастаманың өміршеңдігін анық аңғартты. Сол сияқты, Қазақстанның ЕҚЫҰ, ИЫҰ секілді әлемдік ықпалды ұйымдарға төрағалық етуі, олардың саммиттерінің елордада өтуі дүйім дүниенің Қазақстанға деген сенімін көрсетті әрі еліміздің келісім алаңына айналғанын айқындады.
Тағы бір ерекше атап өтер жайт, елордамызда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ұйымдастырылуы. Әлем назарын бір жылға жуық өзіне аударған бұл айтулы жиын ел мәртебесін көтеріп, Қазақстанымызды күллі әлемге жаңа қырынан таныта түсті.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап Қазақстан жаһандық қауіпсіздікке қатер төндіретін кикілжіңдерді реттеуге күш салып келеді. Мәселен, АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обаманың 2014 жылы Қазақстан басшысына бірнеше рет телефон соғып, АҚШ-Ресей қарым-қатынасының реттелуіне ықпал етуін өтінгенін, Украинаның оңтүстік-шығысындағы жағдайға байланысты сан мәрте хабарласып, Нұрсұлтан Әбішұлына ондағы түйткілдерді реттеуге үлес қосуын сұрағанын білеміз. Елбасының ресейлік бомбалаушы ұшақтың атып түсірілуіне қатысты орын алған Түркия-Ресей жанжалының ушықпай басылуына сіңірген еңбегі де талайдың есінде болар. Сирия дағдарысына қатысты келіссөздерді жүргізуге елордамыздың таңдалуын да қатысушы тараптардың Қазақстан Президентінің бітімгерлік қызметіне арқа сүйегені деп ұғуға болады. Бейтарап қазақ жерінде өткен «Астана процесі» Сирия дағдарысын жеңілдетуге аз септігін тигізген жоқ.
– Елордамыздың елдігімізді еңселендірудегі рөлі жөнінде не айтасыз?
– Елбасымыздың астананы Арқа төсіне көшіру жөніндегі идеясын алғаш естігендердің әрі оны қолдағандардың бірі болғанымды мақтан етемін. Қандай істі болсын ізгі ниетпен бастасаң оның соңы жақсылыққа ұласады. Десек те, істі ыстық ықыласпен бастау бар да, оны әрі қарай баянды етіп жүргізу бар. Нұрсұлтан Әбішұлы астананы Арқаға орнықтыруда барлығын есеппен жүргізді. Ақырында барлық қиындықты жеңіп шықты. Бұл жеңісті – қазақ халқының жеңісі деп білемін. Астананы ауыстырудағы мүдде ұлттық мүддемен, ел қауіпсіздігімен, ел болашағымен сәтті үйлесіп жатқанын кезінде қарсы болғандар енді-енді түсініп жатыр деп ойлаймын.
Бүгінде елордамыз Нұр-Сұлтан деп аталады. Жаңа астанамыздың авторы, негізін қалаушы – Нұрсұлтан Назарбаев. Олай болса, бас қаламыздың Нұр-Сұлтан аталуы әбден орынды. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан әлемдік деңгейдегі саяси-экономикалық, мәдени-рухани орталыққа айналды. Әсем қаламыз өркениеттердің үнқатысу алаңы, келісім мен татулықтың ұйытқысы болып отыр. Қазақ баласына керегі де осы емес пе!
Әңгімелескен
Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»