Аймақтар • 06 Шілде, 2020

Қарағандыда Елорда күнінің құрметіне Солтүстік-Шығыс айналма жолы ашылды

213 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының орталығында Солтүстік-Шығыс айналма жолы ресми түрде ашылды, – деп хабарлайды Egemen.kz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қарағандыда Елорда күнінің құрметіне Солтүстік-Шығыс айналма жолы ашылды

Бұдан былай транзиттік автокөліктер кеншілер астанасының жолдарын талқандап, ауасын ластап, көшелерін қақ жарып өтпейтін болды. Олар енді жаңа жолмен қаланы сыртынан айналып өтеді.

Айналма жолдың ашылуына арнайы келген Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев салтанатты сәттің Елорда күні мерекесімен тұспа-тұс келгенін ризашылықпен атап өтті.

"Солтүстік-Шығыс айналма жолы 2017 жылы Елбасының тапсырмасы бойынша салына бастаған еді. Жол халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және Екатеринбург-Алматы дәлізіне енеді. Мұнда жеті көлік айрығы бар. Бұл – бірінші санаттағы жол", – деп біткен іске жоғары баға берді ол.

Мамандардың есебіне сүйенсек, облыс орталығымен күніне 22 мыңнан астам автокөлік өтеді екен. Ал жаңадан салынған бұл жол болса, Қарағандыны айналып өтіп, қаланы транзиттік автомобильдер мен ауыр жүк көліктерінен босатуға мүмкіндік береді.

ж-02

Солтүстік-Шығыс айналма жолы төрт жолақты етіп салынған, асфальтбетонды жабыны бар. Жол жабынының бірінші жөндеуге дейінгі қызмет мерзімі 15 жылға тең. Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жолақтар арасында ирек білеу орнатылған. Жолдың есептік жылдамдығы сағатына 120 шақырым болады.

Айналма жолдарды қайта құру аясында жеті жол айрығы, тоғыз жол өтпесі, Соқыр өзені арқылы өтетін көпір және демалыс үшін екі алаң салынған. Жоба Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары бағыттары бойынша көлік айрықтарын қарастырады.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысына үш мыңнан астам жол жұмысшылары мен 500 бірлік техника жұмылдырылғанын мәлім етті.

"Құрылысшылардың 80 пайызы облыс тұрғындары болды. Солтүстік және Шығыс айналма жолдардың өңір үшін стратегиялық маңызы зор, себебі жобаларды іске асыру қала көшелеріне түсетін жүктемені айтарлықтай төмендетеді, жолдардың тозуын азайтуға, апаттылықтың төмендеуіне және экологиялық жағдайдың жақсаруына алып келеді. Сондай-ақ, облыс орталығы мен Қазақстанның оңтүстік өңірлерін көлік байланысымен қамтамасыз етеді", – деп атап өтті ол.

ж-03

Жалпы, Қарағанды облысында жол құрылысы жобалары бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мысалы, өңірде Жамбыл мен Алматы жаққа қарай бағыт алған Балқаш, Бурылбайтал жолдарының құрылысы іске асырылып жатыр, сондай-ақ, Жезқазған - Қызылорда жолын жобалауды аяқтау жоспарда бар. Бұдан бөлек, биыл Қызылорда - Жезқазған және Жезқазған - Қарағанды жолдарын жобалау басталады. Қарағандыдан Павлодар бағытындағы жол мен Қарқаралы бағытындағы жолды қайта жаңарту жоспарда бар.

Жалпы ұзындығы 48,4 шақырым болатын Солтүстік-Шығыс айналма жолының құрылысы «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымдық даму бағдарламасы бойынша «Орталық-Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту жоспарына енгенін айта кеткен ләзім.

Қарағанды облысы