Аймақтар • 06 Шілде, 2020

Елорда – ел жүрегі!

123 рет көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде Сарыарқа төрінде тәуелсіз еліміздің тарихындағы жаңа, көрікті елордамыз бой көтергені бәрімізге мәлім. Елорда егемендікке қол жеткізген күллі қазақтың тілегі еді. Сол тілегіміз қабыл болып, бас қаламыз тірегімізге айналды.

Бүгінде талай тағдырлар тоғысқан Нұр-Сұлтан шаһары - әлемнің ең әдемі астаналарының бірі, оның көрікті келбетіне таңқалмайтын жан табылмас. Арайлы астана тақырыбында қаншама жүрекжарды өлеңдер, әуезді әуендер, әсем әндер жазылды.
Күннен күнге дамып келе жатқан Алаштың астанасы - елдігіміздің нышаны. Сан мыңдаған адам осы қаламен болашағын байланыстырғысы келетіні жасырын емес. Иә, астана армандардың қаласы. Еңселі елордамызда көптеген жастарымыз бағын тауып, бақытын еселеді. Бұл жастардың жұмақ мекені. Жанға сая саябақтар, гүлденген гүлзарлар, ғажайып субұрқақтар, аспанмен таласқан биік-биік ғимараттар - бәрі де бас шаһардың шырайын кіргізіп, жан біткенді болашаққа жетелейді.

Асқаралы Алатау бөктерінен астана арқа төсіне көшіріледі дегенде көбісі күмәнмен қарағаны тарихи шындық. Алайда, қазір арқа бойында теңдесі жоқ жаңа қала бой көтергеніне барлығымыз куә болып отырмыз.

"Жаңа Астана – ежелгі қазақ жерінің төрі. Астана келбеті – ұлт келбеті. Астана – Отанымыздың жүрегі, Тәуелсіздігіміздің тірегі. Жаңа Астана – тәуелсіз Қазақстан үшін жарқын келешектің нышаны" - деп, Елбасының елордаға баға беруі, көңілге қуаныш ұялатады.
Қазақстан Республикасының Президенті, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің игілігі үшін көптеген жұмыстар атқаруда. Бас қаламызды жан-жақты дамыту бағыттарын айқындап, бұдан да көріктене түсуіне қолдау көрсетуде. Ал, өнер қайраткерлері, талапты да талантты жастар өз шығармашылығы арқылы астананың сұлу келбетіне үн қосып, әдемілігін әспеттеп, мәдениет пен өркениетіміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді.
Мәселен, биылғы астананың туған күніне орай, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының өнерпаздары қала тұрғындары мен қонақтарына арнап ерекше форматта іс-шаралар ұйымдастырды (елдегі жағдайға байланысты барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып). Шығармашылық ұжымдар кеме үстінде және екі қабаттан тұратын автобуспен шаһар ішін аралап, таңғажайып туындыларын халыққа тарту етті. Сонымен қатар, «Ұлттық домбыра күнін» атап өтіп, ұрпақ үшін қажетті тың ақпараттармен бөлісіп, өнерлерін ортаға салды.

Иә, өнер – халықтың рухани азығы, жаны, жүрегі, тулаған қаны. Арайлы астананың мәдениетін көтеруге ат салысу кез келген қазақ өнерпазының парызы деп есептеймін. Себебі, барлық игі бастамалар астанадан басталады. Шындығында елорда – елдің жүрегі. Ендеше, ел жүрегі тоқтамасын! Туған күніңмен, астана!

Ерлан Дакенов
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің

"Мемлекеттік академиялық филармония" МКҚК Бас директоры

Соңғы жаңалықтар

Тұманды Альбиондағы COVID-19

Коронавирус • Кеше

Африканы кезген COVID-19

Коронавирус • Кеше

Ұқсас жаңалықтар