Қазақстан • 07 Шілде, 2020

Түркі жұртының төрт құбыласын түгендеген

1087 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Әлем тарихына көз салар болсақ, басқарушылық ерекшеліктерімен назарға іліккен, тек өзі басқарған мемлекетке, өзі жетекшілік еткен халыққа ғана емес, барша адамзаттың өміріне оң ықпалын тигізген, әлемдік бейбітшілік пен әділет үшін еңбек еткен лидерлер саусақпен санарлықтай.

Түркі жұртының төрт құбыласын түгендеген

Көшбасшылық стратегиясы

Бауырлас Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты, сөзсіз, әлем саясаты тарихындағы ықпалды лидерлердің қатарына қосуға болады. Ол екі бөлек әлеуметтік құрылымда жинақтаған бай тәжірибесі, ұлттық-рухани мұра мен қазақ және түркі мемлекеттілік тарихын терең меңгерген лидерлік ерекшеліктері, көрегенділігі және таңғажайып  данагөйлігімен жаңа саяси мектептің негізін қалады. Бұл – "Назарбаев саяси мектебі".

Нұрсұлтан Назарбаевтың "Жол картасы" сипатындағы үздіксіз бағдарламалары, түрлі мақалаларында орын алған тұғырлы пікірлері бұл саяси мектептің теориялық-идеологиялық негіздерін қалыптастырды. Бұл мақалалар мен оларда жасалған пайымдар көп жағдайда тек Қазақстан үшін емес, күллі түркі әлемі үшін «Жол картасы» іспетті, ұлттық өзіндік таным, даму концепциясы рөлін атқарады және келешектегі даму көкжиегін көрсетеді. Бұл тұрғыдан "Ғасырлар тоғысында", "Ұлы даланың жеті қыры», "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру", "100 нақты қадам", "Қазақстан - 2050 Стратегиясы" сынды терең көзқарастар қамтылған кітаптар, мақалалар және бағдарламалар зор маңызға ие.

Қазақстанның тәуелсіздік жылдарына көз тастар болсақ, бұл жылдар ішінде Қазақстанның бай әрі күрделі жолдан өткенін, тарих үшін аз уақытта керемет, берік мемлекеттік дәстүрін, ең маңыздысы, қазақ халқына сенімділікті, мемлекетке деген сенімді қалыптастырғанын көреміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елді тәуелсіздіктің қиын да күрделі кезеңінен аман алып шығып, жарқын келешекке жеткізді. Қазақстан өтпелі кезеңді артта қалдырып, жаңа және үлкен мақсаттар белгіледі.

Елдің жаһандық деңгейдегі рөлі мен беделінің артқанын Қазақстанның соңғы кезеңдердегі Ресей-Украина, Ресей-Түркия қарым-қатынастарындағы рөлінен, "Астана процесінен" байқауға болады. Бұл, Елбасының Қазақстанның ғана емес, бүкіл әлемнің проблемаларын шешу үшін ынта-жігер жұмсайтынын, жаһандық бейбітшілік пен әділетті орнатуға зор үлес қосқанын көрсетеді.

Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейінгі Н.Назарбаевтың 27 жылдық Президенттік кезеңінің көрінісі мен ерекше қызметтерін қысқаша келесідей атап өтуге болады:

  • Қазақстанда жаңа, демократиялық мемлекет құрылымы қалыптасты.
  • Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап елде саяси тұрақтылық орнады.
  • Бейбітшілік мақсатында ядролық қарулар жойылды.
  • Көпвекторлық сыртқы саясат ұстанды және "көршілермен 0 проблема" практикасының ең сәтті үлгісін көрсетті.
  • Еркін нарық экономикасы құрылды және тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізілді.
  • Шетелде білім алу бағдарламасы қабылданды. Бұл арқылы елдің ең маңызды проблемасы – өндірісте адами ресурстардың жетіспеушілігі және заманауи талаптарға сай ұлттық кадр жасақтау проблемалары шешімін тапты.
  • Ұлттық білім алу жүйесінде кем дегенде 3 тіл меңгерген, ақпараттық қоғам талабына сай, өзіне сенімді, "кемел, жан-жақты және зейінді азамат" түсінігі қалыптасты.
  • Ел ордасы Нұр-Сұлтанға көшірілді және сол арқылы байтақ территорияға ие елде экономикалық және демографиялық үлес теңгерілді.
  • Орталық Азия кеңістігінде Қазақстан жетекшілік рөл алды және өңірде басты елдердің біріне айналды.
  • Жаһандық үш дағдарыстан сәтті шықты.
  • Әлемнің бәсекелестік қабілетке ие 50 елінің қатарына қосылды. 2050 жылға дейін әлемнің дамыған 30 елі қатарында орын алу мақсатын алға қойды.
  • Латын әліпбиіне көшу үдерісі шеңберінде әліпбиді өзгерту жұмыстары басталып кетті.
  • Елдің бай этникалық құрамы сақталып, "бір ұлт" түсінігіне негізделген этностық және діни төзімділіктің бірегей үлгісі қалыптасты.
  • Ресей-Украина дағдарысында бітімгерлік жасады.
  • Ресей-Түркия қарым-қатынасының дұрысталуында маңызды рөл атқарды.
  • Сирия дағдарысында келіссөздер үшін платформа ұсынды, "Астана процесі" өңірдегі қақтығысты біршама бақылауға алуға үлес қосты.
  • Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне екі жылға тұрақты емес мүшесі болып сайлануы ұйымның елге деген сенімін көрсетеді.
  • Парламенттің рөлі күшейтілді.
  • Билікті беру процесі бейбіт жағдайда өтті.

Жоғарыда тіркелген жетістіктер, әсіресе Н.Назарбаевтың лидерлік ерекшеліктерінің жемісі және өзі негізін қалаған «саяси мектептің» бірегейлігінің дәлелі. Бұлар, сондай-ақ қазіргі Қазақстанның негізін құрайтын басты факторлар болып табылады. 

Түркі келешегіне өзіндік көзқарасы

Тәуелсіздікке қол жеткізілгеннен кейін түркі мемлекеттері басшылары түркі елдері арасындағы интеграцияны тереңдету бағытында ынта-жігер жұмсады. Бұл жағынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың үздіксіз, ақылға қонымды және прагматикалық еңбегін айрықша атап өткен жөн. Ол, 1992 жылы басталып осы күнге дейін түрлі өкілдердің қатысуымен өткізіліп келе жатқан Түркітілдес мемлекеттер басшыларының 17 саммитінің бәріне қатысқан жалғыз мемлекет басшысы. Ол, ортақ құндылықтарды бөлісетін түркітілдес мемлекеттер арасында интеграцияны нығайтуда әрдайым өзіндік бастамалар жасады және ол бастамалардың бәрі де даму үшін дайындалған "Жол картасына" тең болды. Елбасы түркі әлемінің интеграциясына үлес қосқан Түркі кеңесі, ТүркПА, Халықаралық Түркі академиясы, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, ТҮРКСОЙ, Ақсақалдар кеңесі, сондай-ақ Түркі сауда-өнеркәсіп палатасы сынды құрылымдарды құру бастамашыларының бірі болды.

Бұл тұрғыдан 2019 жылдың 15 қазанында Баку қаласында өткен Түркі кеңесінің VII Саммитінде Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркі кеңесінің Құрметті төрағасы ретінде жасаған жаңа ұсыныстары түркі әлемінің келешек интеграциясы перспективаларының шеңберін айқындады. Түркі әлемі ақсақалының көзімен интеграция процесінің жай-жапсары айдай анық көрінді. Ол қалай болмақ?

Біріншіден, жаңа күрделі геосаяси жағдайда түркі интеграциясы Еуразия кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың шешуші факторларының бірі ретінде стратегиялық маңызын қорғап қалуы тиіс.

Екіншіден, әлемде ірі мемлекеттер арасында келіспеушілік және сенімсіздік орнаған  күрделі геосаяси жағдайда түркі мемлекеттері арасындағы өзара сенімді сақтап қалу және күшейте түсу қажет. Бұл үшін негіздер жеткілікті: бай рухани мұраға ие ортақ тарих, ұлан-байтақ кеңістікте тұрып жатқан 160 миллиондық халық, бауырлас халықтар арасында байланыстарды кеңейту және дамыту үшін қажетті қолайлы жағдайлар.

Үшіншіден, түркі әлемінің интеграция концепциясының қабылданумен интеграцияның келесі деңгейі – жалпытүркілік келешектің жаңа көкжиегін қалыптастыруды бастау керек.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл үдерісте өзінің көзқарасын ұсынып қана қоймайды, прагматикалық лидерлігін көрсетіп, интеграция жолында табысты болу үшін нақты құралдар ұсынады. Осы мақсатта оның Баку Саммитінде жасаған негізгі ұсынысының бірі "Түркі келешегі – 2040" бағдарламасы өте маңызды. Бәрінен бұрын Елбасының бағдарламаны "Түркі келешегі" деп атауы бұл түсінікті ұлттық шеңберден, белгілі кеңістік пен шектеуден шығарып, жаһандық саяси сипат беретінін атап өткеніміз жөн.

Н.Назарбаев бұл құжатқа түркітілдес қоғамдастықтың ұзақмерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуі тиіс екенін, оның сыртқы саясат пен "жұмсақ күш" саясаты, сауда және транзит, туризм және инвестиция, энергетика мен «жасыл экономика», шағын және орта бизнес сияқты басым бағыттардағы ынтымақтастықты нығайтуға айтарлықтай серпін беретінін баса айтып, бағдарламаға мәдениет және білім беру, жастар саясаты мен денсаулық сақтау, цифрландыру және жасанды интеллект салаларын енгізу қажеттігін нықтады. Елбасының пікірінше, түркі әлемінің Түркістан сынды киелі мекендерін қорғау, дамыту және таныту – ортақ тарих және бір дін түсінігін одан әрі нықтай түсіп, нәтижесінде ортақ пікір және ой бірлігін қалыптастырады.

Бұл ұсыныс-пікірлер жалпы түркі мемлекеттерінің бірлігіне жетелейтін жолдың перспективаларын айқындау, нақтылау, түркі мемлекеттері мен халықтарының мәдени, сауда-экономикалық, саяси интеграциясын уақыттың жаңа талаптарына сәйкестендіру қажеттігін меңзейді.

Н.Назарбаевтың интеграция келешегіне қатысты маңызды ұсыныстарының тағы бірі болашақта Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің атауын қайта қарау ұсынысы. Түркі халықтарының тіл, тарих, мәдениет, дүниетаным және салт-дәстүрлерінің бір тектен шыққанын негіз еткен білге лидер түркі интеграциясының біздің халықтарымыздың ғана емес, барша Еуразия кеңістігінің қауіпсіздігі және тұрақтылығында стратегиялық маңызға ие екеніне назар аударды. Бұл тұрғыдан, ұйымның деңгейін көтеруді ұсынып, кеңестің мықты мемлекеттераралық ұйымға – халықаралық құқықтың белсенді субъектісіне айналғанын қалады. Ол кеңесті Түркітілдес емес, "Түркітектес мемлекеттер ұйымы" деп атауды дұрыс деп тапты. Осылайша ұйым кейбір тарихи себептерге байланысты тілі өзгеріске ұшыраған, түркі тілдері тобынан ажырап қалған немесе түркітілдес болмаса да бізбен ортақ тарихты, мұраны және құндылықтарды бөлісетін мемлекеттерге де ынтымақтастық мүмкіндіктерін береді. Н.Назарбаевтың ұсынысымен "кеңестен" "ұйымға" жасалатын қадам ойымызша Түркі Мемлекеттері Бірлігінің институттануына апарар жолдағы маңызды қадам болады. 

Барлық жол түркі әлемінде тоғысады

Нұрсұлтан Назарбаевтың ақсақалдық ерекшеліктері және лидерлік қабілеті, түркі мемлекеттері басшыларының саяси ерік-жігерлері тәуелсіз түркі республикаларының терең тарихи тамырға, рухани байланысқа негізделетін әлеуетті интеграция мүмкіндіктерін іске асыруға мүдделі екенін көрсетеді. Түркі интеграциясының жүзеге асуы ұлттық-рухани құндылықтардың, ортақ мұраға ие түркі халықтарының бірігуіне, осы негіздерде өмір сүру салттарын бірге жақсартуға жағдай жасайды. Бұл жағдай, сонымен қатар күллі Еуразия кеңістігінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге үлес қосады.

Тәуелсіз түркі мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық интеграцияның мақсатқа сай  жалғасын табуы, сондай-ақ Еуразияның геосаяси орталығында жаңа экономикалық күштің пайда болуына негіз болады. Қазіргі таңда тәуелсіз түркі мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімі жалпы алғанда шамамен 1,5 триллион долларға тең. Бұл көрсеткіштің қарқынды түрде артуы, институттанған ұйымға айналған жағдайда алдағы онжылдықта Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің өңірдің басты экономикалық күштерімен бәсекелесе алатынын алға тартуға негіз болады. Сонымен қатар басқа негізгі күштерді бір-біріне байланыстыратын Шығыс-Батыс және Солтүстік-Оңтүстік тасымалдау дәліздерінің түркі аумағынан өтуі жан-жақты дамуға серпін беретін тағы бір маңызды фактор. Түркі мемлекеттері арасында интеграция үдерісін арттыру осы экономикалық күшті одан ары күшейте түсуге, қалыптасқан геосаяси жағдайды оңтайлы пайдалануға мүмкіндік береді.

Түркі кеңесінің Құрметті Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігіндегі түркі мемлекеттерінің интеграциясына жетелейтін процестер әлемдік саясатқа жаңа сипат әпереріне күмән жоқ. Ірі күштер арасындағы келіспеушіліктер мен сенім дағдарысы орын алған, жаһандық пандемия қаупі төнген қазіргі геосаяси жағдайда өзіне тән тарихи-саяси салт-дәстүрлерін, мемлекеттілік тәжірибесін, ұлттық ерекшеліктері мен адами құндылықтарын сақтап, солар арқылы алдыңғы қатарда орын алып отырған түркі мемлекеттері әлемдік саяси жүйеде сындарлы да белсенді мүше рөлін атқару мүмкіндігін пайдаланып бағуда. Түркі кеңесінің іс басындағы төрағасы, Әзербайжан Республикасының Президентi Ильхам Әлиевтің бастамасымен COVID-19 пандемиясына байланысты ынтымақтасу мақсатында өткен кезектен тыс Саммит жиыны да осы сындарлылықтың нақты көрінісі болумен қатар, түркі мемлекеттерінің дағдарыс кезеңінде ынтымақ пен ықпалдастықта әрекет ету тәжірибесінің алғашқы сәтті сынағы болды.

Осылайша, көрегенді лидерлік тәжірибесімен түркі саяси тарихына "Назарбаев мектебін" тарту еткен Нұрсұлтан Назарбаевтың жолымен заманауи әлемде бейбітшілік пен әділетті қамтамасыз етуге және жалпыадамзаттық проблемаларды шешуге ықпал етуге әбден болады.

Фузули МАЖИДЛИ,

Әзербайжан Мемлекеттік телеарнасы орталығы Азия бюросының басшысы