Қазіргідей жаһандану заманында ұлттық болмысқа деген көзқарас өзгеріп келеді. Десек те қоғам қай бағытқа өзгерсе де ұлттық сананың дертке ұшырауына жол берілмеуі керек. Кітапхана алаңында өткен келелі әңгімеде осындай рухты тақырып қозғалды.
- Ұлттық болмысымыз қандай? Оның қадірін біліп жүрміз бе? Тамыры терең, тұғыры биік, мәртебесі жоғары – ол, әрине біздің ұлттық болмысымыз. Ұлтқа жаны ашып, ұлттың болмысын жырлап өткен ұлы Абай, дана Мұхтар, Қаныш Сәтбаев, Жамбыл сынды тұлғаларымыздың өздері неге тұрады? Гарвард университетінен білім алмай-ақ, осы кісілер бүкіл ұлттың болмысын ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа айтып, жеткізіп кетті. Даналар қалдырған сөздер талай жылдар қазақ елін сусындататынына күмән жоқ. Демек, тамыры терең бойлаған елдің тұғыры қашан да биік! – деген Ырза Тұрсынзада елдің рухын көтеріп, жігерлендіретін әйел қауымының орны да биік екенін тілге тиек етті.
- Қоғамда әйел қауымының орны әрқашан бөлек. Дәл қазіргі жағдайда көп күш ер азаматтарға түсіп тұрғаны белгілі. Себебі бала-шағаның күнделікті жейтін тағамы, қара қазанның қамы ерлердің мойнында. Қиыншылық түскен сондай кезде ер азаматтарға қолдау көрсететін біздің аналарымыз емес пе?! Тарихтан білесіздер, қазақ аналарының иығына талай ауыр жүк түскен. Сол қиыншылықты да жеңіп шыққан қазақ арулары еді, деді ол.
Айта кетейік, жақында Ырза Тұрсынзада этнодизайнерлікке қатысты "Yrza Tursynzada live" ютуб каналын ашып, тегін шеберлік сабақтарын жүргізген болатын.