Аймақтар • 07 Шілде, 2020

Жол тәртібін бұзу қайғылы оқиғаларға соқтырады

177 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері Солтүстік Қазақстан полициясы облыстың жолдарында 20 мыңнан артық құқықбұзушылықтарды тіркеген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жол тәртібін бұзу қайғылы оқиғаларға соқтырады

Соның ішіндегі соңғысы жуырда ғана болды. "Kia Rio" автомобилінің 37 жастағы жүргізушісі Қожаберген жырау көшесінің бойындағы айналма жолда екі бірдей жол белгісін соғып, ақырында машинаны тастап, өзі оқиға орнынан қашып кеткен. Полиция қызметкерлері оны бірнеше сағаттан кейін тауып, ЖКО жасағаны және мемлекеттің мүлкін бүлдіргендігі үшін жауапқа тартатын болды. Сонымен бірге көлікке арақ ішіп алып отырғаны үшін де ол жауапкершілік тартатын болады. Оның құқық бұзушылығының бағасын сот береді, алайда жеті жыл жүргізушілік куәлігінен айрылатындығы қазірдің өзінде белгілі. "Әйтеуір бұл ЖКО-да адам зардап шеккен жоқ. Рөлге арақ ішіп алып отыру – жол тәртібін бұзудың басты себебі. Ондайлар жол белгілері мен бөліктеріне, жылдамдыққа, ара қашықтыққа мән бермей қалады. Соның кесірінен ЖКО жасауға себепкер болады", дейді ПД басқармасының бастығы, подполковник Айдын Байматов.

Жыл басынан бері тірелген 20895 жол ережесін бұзу фактілерінің ішіндегі 477-ін рөлге арақ ішіп алып отырғандар жасаған. Сондай-ақ жол ережесін жаяу жүргіншілер 2718 рет бұзған. Бұл жол тәртібін бұзудың ең көп түрі.  Одан жылдамдықты асырушылар саны да аз емес, барлығы 2431. Бір мыңнан артық жүргізуші қалтафондарымен сөйлескендері үшін жазаға тартылған.

Сексеннен артық жол көлік оқиғасында 120 адам зардап шеккен, оның 12 қаза болды. Осының ішіндегі 74-де ЖКО-ның айыптысы жүргізушілер екендігі анықталған. Жол тәртібін қадағалайтын полиция қызметі түрлі шаралар өткізіп, осындай қайғылы оқиғалардың алдын алуға тырысады. Мәселен, соның ішінде "Құқықтәртібі", "Қауіпсіз жол" және т.б. жедел-профилактикалық шаралар үнемі жүргізілуде.

Солтүстік Қазақстан облысы