Экономика • 08 Шілде, 2020

Адалдың аты озады

1304 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Алматы облысының Райымбек ауданында Сарыбастау деген елді мекен бар. Нарынқол өңірі – түгін тартсаң майы шыққан бай өлке, табиғаты әсем таулы жер. Ат бауырынан шөп келетін, малға ыңғайлы аймақ. Осы Райымбек ауданында Нарынқолдың өзімен қосқанда жиырмаға тарта ауыл бар десек, соның ең географиялық орналасуы ыңғайсыз, шаруаға қолайсыз, табиғаты қалған ауылдармен салыстырғанда сұрықсыздауы осы Сарыбастау ауылы. Таудан жырақ орналасқандықтан, отын алыстан тасымалданады, су тапшы. Тоқсаныншы жылдары Қытай, Моңғолиядан оралған қандастарымыздың ешқайсысы Сарыбастауға қоныстанбауы да – соның анық айғағы.

Адалдың аты озады

– Жер жағдайы шаруашылыққа қиын екен, – депті барлығы бір­ауыздан. Ал енді осы шаруаға қиын Сарыбастау Кеңес өкіметі тұ­сында аудан, облыс тұрмақ, рес­публикада ең үздік, ең үлгілі «Ленин» колхозы болып дүркірегенін бұл күндері біреу білер, біреу білмес. 100 мыңға тарта қой, қыр­манға сыймаған таудай астық, сансыз техника, шалғай өңірде қала типтес ауыл, миллионер колхоз. Шаруашылыққа қиын деп бағаланған бұл ауыл осыншама көрсеткішке қалай жетті дегенде ең бірінші ауызға түсетін сөз – Нүсіпбек Әшімбаев! Социалистік Еңбек Ері.

Бір кездері үштіктің шешімімен жазықсыз сотталғаны үшін бе­рілмеген батыр атағын Қонаевты өзі Брежневке айрықша өтініш жасап жүріп алғызып берген. Төрт кластық білімімен 1953 жылы ауыл­­ды соқамен қабылдап алып, 1985 жылы сансыз заманауи техникалармен тапсырып берген еңбек батыры! Бұдан артық не деуге болады. Жүз жыл жасап өмірден өткен, бір кездері Кеңес Одағын мойындатқан абыз қария менің мадағыма мұқтаж емес. Біздікі тек тамсану. Елге қызмет етемін деген өскелең ұрпаққа үлгі етіп көрсету және хал-қадерімізше атқарған телегей теңіз жұмысын бүгінгі көзқараспен сараптау, ба­ға беру. Әшімбаевтың елге ж­аса­ған өлшеусіз еңбегін айту да, жазу да оңай емес. Айтып тауыса алмайсың, таңғаламын деп бірді айтып бірге кетесің. Ең дұрысы, хронологиялық тәртіппен сана­ма­лап беру шығар деп, ой-сананың жеткен жеріне шейін таразылап, ұсынуды жөн көрдім. Мен айтпағанды, мен көрмегенді басқалар көріп, олар да өздерінше хатқа түртер, Әшімбаев туралы сөздің басы да, соңы да бұл емес. Сонымен:

 

Ауыз су

1955 жылы колхоз төрағасы болып біржола сайланған соң ең бірінші ауыз су мәселесін жолға қояды. Облыстық су шаруашылығының есігін тоздырып жүріп, ауылдың жоғары жағындағы үш бұлақты арнайы мамандардың көмегімен резервуар етіп тоспа су жасап, одан әр үйге құбыр тартып, ауыз су мәселесін біржола шешеді. Ауыз сумен қоса ағын судың да жөнін келтіреді. Ауылдың реңі өзгеріп, егіншілікке мән беріле бастайды. Бұл мал басының артуына ерекше ықпал етті. Елдің дәулеті артты.

Суармалы егістіктің мәселесі

Сарыбастау жайылымға қо­лайлы болғанымен, шөп мәселесі қиын. Осы қолайсыздықты шешу үшін Шәкірамбал каналын, Дараты каналын, Сарыбастаудың өзіне тоғыз көл салдыртады. Осы арқылы шөп пен егістіктің мә­селесін біржола шешеді (кейін, тоқсаныншы жылдардың тоқы­рауында осы жасанды тоспа көл­дердің түбі лайға толып істен шығады. Каналдардың арнасы азаяды. Содан ғой, жаңағы шекара асып келген қандас ағайындардың шаруашылыққа қолайсыз жер екен деп теріс бұрылып жүргені).

 

Ауып келген ағайынға ыстық ықылас

Нарынқол – Қытаймен шекаралас жатқан өлке. Өткен ғасырдың 20-30-жылдары большевиктік қанды қасапта ел үркіншілікпен Қытай асып кеткен. Елуінші жылдары шекара ашылып, ел атамекенге қайта орала бас­тай­ды. Сөздің шыны керек, осында қалған ағайын оларға бірден ыстық ықылас танытты десек, өтірік болар еді. «Қытайлық», «жергілікті» деген әңгіме сол тұста шыққан. Жергіліктілер өз бауырларын «қытайлықсың» деп көзге шұқып, кеудеге итеріп, жұмысқа алмай, жағдайын жасамай біраз әбігерге түсіреді. Сол кезде Нүсе­кең басқалардай емес, ауып келген ағайынды құшақ жая қарсы алып, тез арада әрқайсысын бас­панамен, жұмыспен қамтамасыз етеді. Осы арқылы Сарыбастауда 150 түтін 700 түтінге бір-ақ артады. Соғыстан кейін жұмыс қолы мен малшы таппай отырған уақытта жұмыс күші мәселесін осылай біржола шешеді.

Халықтың әлеуметтік-мәдени тұр­мысын көтеру мәселесіндегі құры­лыс­тар – 1955 жылы малшылардың бала­ла­рына арналған интернат; 1959 жылы 350 оқушыға арналған сәулетті, екі қа­батты мектеп; 1970 жылы бала саны­ны­ң көбеюіне байланысты республи­ка­дағы ең үздік жо­бадағы мектеп; 1959 жылы орта­лық монша; оның артынша рес­публиканың ешбір ауылында жоқ бассейні бар фин моншасы; 1959-1960 жылдары 140 балаға арналған балабақша; 1979 екі қабатты аурухана; 1959 жылы үш жүз кісілік клуб; 1965 жылы заманауи мә­дениет үйі; 1972 жылы «Таугүл» сауда орталығы. Осыншама әлеу­меттік-мәдени құрылыс нысан­дарының қарқынды жұмысы қыз­мет­керлердің алаңсыз жұмыс іс­теуіне қолайлы жағдай жасап берді.

 

Кірпіш зауыты

Баспана мәселесі қай кезде де өзек­ті­лігін жоймайды ғой. «Әркімнің бас­панасы болсын!» деген ұранды оймен ілгерілеген бірден-бір шаруашылық осы Сарыбастау ауылы болды. Құры­лыстың негізгі сүйегі кірпіш ауданда жоқ. Бұл мәселені шешу үшін ауылдың өр жағынан кірпіш зауытын салады. Бұл кірпіш зауыты жылына 1,5-2 млн кірпіш шығарып, жалғыз Сарыбастауды емес, бүкіл ауданды кірпішпен қамтамасыз етеді.

Әктас өндірісі

Аудан аймағындағы әктастарды күйдіріп, оны әкке айналдырып, жылына 150-200 тонна өнімді саудаға шығарып, халықтың сұранысын өтейді. Жалпы, осы кірпіш зауыты мен әктас шығару Әшім­баевтың кең ауқымда ойлана білуі мен экономиканы әртараптандыруға ұмтылысын көрсетеді.

 

Жастар тәрбиесі

Республикадағы ең сәулетті бала­бақ­ша, бір мезгілде 1500 оқушыға білім беретін мектеп, заманауи мәдениет үйлері туралы жоғарыда айтып өттім. Мұнымен тоқталып қалмай, жастар игілігі үшін 1970 жылы мың көрерменге ар­нал­ған Алматыдағы орталық стадионнан бір кем емес стадион салып, айды аспаннан бір-ақ шығарады. Футболшылар доп қуалайтын алаңға арналған қымбат шөп тұқымын алдырып, арнайы ектіреді. Осы стадионда аудан тұрмақ, облыс, кей­де республикалық масштабтағы дүбір­лі додалар өтеді. Соларды көріп, шебер­ліктеріне тамсана қарап өскен Сары­бастау жастарынан кейін көптеген спорт­шы шықты. Жастардың бос жүрісі тыйылды.

 

Замана ағысынан қалмау һәм жаңашылдық

Нарынқол таулы аймақ болған соң ауданда теледидар көрсетпейді, антенна тартпайды. Өткен ғасырдың 70-жылдары бұл мәселені біржола шешу үшін ауыл мен Алматының арасын шапқылап жүріп Ақкер тауының басынан телемұнара орнатады. Сол кездегі Республикалық телекоммуникацияның басшысы Әб­діразақ Елубаев бұл істі: «Қазақстанды былай қойып, Кеңес Одағын алғанда мынадай телемұнара тұрғызылған емес», деп бағалайды.

Нүсіпбек атамызға жалғыз Сарыбастау емес, тұтас аудан халқы қарыздар десек, артық айтпаймыз

 

Егін шаруашылығы

Жыл сайын тұрақты түрде 7 мың га жердің әр гектарынан 20-25 центнер астық алып отырған. Мемлекетке өткізген соң да астық қамбаға сыймай, әр колхозшының ауласына төгіп беріп, молшылыққа қол жеткізеді.

Мал шаруашылығы

Колхоздағы қойдың саны 100 мыңға жетеді. Оның отыз мыңы айналымда, 70 мыңы тұрақты. Қой болғанда асыл тұқымды «Арқар-меринос» қойы. Жыл сайын Мәскеудегі және басқа жерлердегі халықаралық көрмелерде бұл тұқымдар бас жүлдені иеленіп, медаль алып қайтады. Бұл қойдың жүні сол кездері Ұлттық байлық болып есептелініп, Алматыдан арнайы қарулы жасақты күзетпен алынып кетіп отырған.

 

Халықтың әл-ауқатының артуы

Нүсекең басқарған уақытта Сары­бас­тау ауылы адамдарында «Жигули», «Москвич», «Запоржецті» айтпағанда, сол заманғы машинаның төресі он алты «Волга» автокөлігі болған. Аудандағы ең сәулетті үйлер де осы ауылда болды.

Хош, таудай еңбегін құрғақ сөзбен екі бетке сыйғызыптық, ендігісін басшыға тән, басшыға керек жеке қасиеттерімен жалғастырсақ.

Адалдық. Осыншама көл-көсір бай­лық­тағы шаруашылықтың басшысы бола тұра ел қатарлы қоңыртөбел тіршілік кешті. Колхоз басшылығынан кеткен уа­қытта өзіне тиесілі жеңіл көлігін де алмады. Колхоз есебінен сый қылып салып берген үйді ауылдағы екі маманға бергізген.

Қарапайымдылық. Бастықпын деп шіренбеген, лауазымына қарамай барлы­ғымен бірдей тіл қатысқан.

Мәмілегершілік. Қырық үш жыл басшылық қызметте ауданды және облыс­ты небір басшылар басқарды. Солардың барлығымен тіл табыса білуі – үлкен қасиет.

Кешірімділік. Аудандық саяси бю­роның мүшесі болғанда талай қыз­меткерге ара түседі екен. «Қателеспейтін адам бол­майды ғой және бір мүмкіншілік бе­рейік» деп. Нүсекеңнің осы сенімімен жаны қалған талай қызметкер кейін биіктерден көріне білді.

Адамгершілік. Қырық жыл басшы болған уақытында Сарыбастау ауылынан бірде-бір адам істі болған жоқ. Бұл – факт. Жауабы біреу-ақ. Басшы – үлгі. Басшы қандай болса, қалғандары сондай болады. Басшы адамгершіліктің ақ туын жықпаса, қалғандары да дәл соны қайталайды. Бұл қай кезде де өзектілігін жоғалтпайтын аксиома!

Сезімталдық. Басқалар байқа­маған­ды байқау, басқалар түйсінбегенді се­зіне білу – творчество адамы мен басшы адамға ең керек қасиет. Нүсекеңде осы қасиет молынан болған. Бір-екі мысал айтайын, ауылға ерлі-зайыпты екі орыс дәрігері келіп жұмыс істейді. Жолдама уақыты біткенде Алматыға қайтып кетеді. Нүсекең бірде телефонмен сөйлескенде олардың Алматыға сыймай жүргенін даусынан сезіп, ауылға қайтып кел деген ұсыныс тастайды. Ерлі-зайыпты дәрігерлер көп ойланбай Сарыбастауға қайта келіп, жұмысын жалғастырып, талай адамның өміріне араша түседі.

Телемұнара орны таңдалғанда осы сала мамандарының барлығы Лабасы тауын таңдайды. Нүсекең Ақкерді қош көреді. Айтқанындай, Лабасыдан ешбір толқын ұстамай, Ақкерден барлық толқын ұстайды. Мұндай мысалдар жетіп-артылады.

Маман даярлау. Шаруаға қолайсыз жерде осыншама жетістікке қалай қол жеткізді деген сұрақтың жауабына және Әшімбаев феноменінің негізгі құпиясына да келіп жеттік, ағайын. Ол – кадр даяр­лау мәсе­лесі. Сарыбастауды айдай әлемге та­ныт­қан, тақыр жерге жұмақ орнат­қызған, Социалистік Еңбек Ерінің берілу шартын белден басып, Брежневтің қолы­нан жұлып алғызған да Әшімбаевтың кадр­лары. Әшімбаевтың кадр даярлау лабораториясын сатылап бес бағытқа бөліп қарауға болады: а) жоқ кадрды оқытып алу. Мектеп бітіруші жастардың бейіміне қарай институттарға колхоздың есебінен оқытып алуға Сарыбастау ерекше ден қойды. Ол кадрлар өз кезегінде сенімді ақтай білді.

ә) бар кадрға жағдайын жасап, айрылмау. Жақсы кадрды ұлтына, тіліне, дініне, тегіне қарамай жағдайын жасап, соларды ұйымдастыра білу

б) айналасына өзінен білімі жоға­рыларды жинап, солардың білімі мен тә­жірибесін ел игілігіне пайдалану.

Осы қасиет өте-мөте дәл қазір біздің қоғамға, біздің басшыларға жетіспей жатқаны жанға батады.

Нүсекең керісінше өзінің төрт-ақ кластық білімі бар екенін еш жерде жасырған жоқ және айналасына кіл оқыған мамандарды жинады. Сол оқыған маман­дармен үнемі  бал жаласып жұмыс істеп еді деп айта алмаймыз, жұмыс барысы болған соң үстел тоқпақтаған жиналыстарсыз, пікірталас пен айқай-ұйқайсыз бола ма? Ал сол жүйкеге салмақ салар пікір­талас­тардан кім ұтты? Халық ұтты! Нү­сіпбек ұтты. Әшімбаевтың тұлғасы одан әрі биіктемесе, мысқалдай кеміген жоқ.

в) Сарыбастау кадрлар ұстаханасы.

Әшімбаев инвестицияны малға емес, егінге емес, шаруаға емес, адамға салды, барлық игілікті адам үшін жасады. Осы арқылы Сарыбастау байлығы асып-тасып гүлденгені өз алдында, аудандағы басқа ауылдарға маман тарататын кадр­лар ұстаханасы атанды. Нүсекеңнің тәжіри­бесін көріп, ысылған кісілер басқа ауылдарға басшы болып барып, сол ауыл­дардың гүлденуіне үлес қосты.

Кез келген дүниеге ғылыми көз­қарас­пен келуі. Өткен ғасырдың 80-жыл­да­ры­ның ортасында ауданның бір басшысы Сүмбе өзенін қолдан бөгеп, резервуар жасамақ болады. Жиналыста барлығы бірауыздан қолдайды. Барлығы оқыған-тоқыған, жоғары оқу орнын бітіріп келген мамандар. Жалғыз Әшімбаев қана мына екі факторды алдыға тартып қарсы шығады. Біріншісі – Сүмбе трансшекаралық өзен, оны тоспа жасап тоқтатуға құқығы жоқ екенін; екіншісі – тоқтатқан күнде алдымен геологиялық барлау жасалып, геологтердің рұқсатымен ғана жасалуы керек екенін алға тартады. Онсыз бөгет бұзылып кетеді, себебі ол жердің топырағы сусымалы, құмдауыт. Жоғары білімділер 4 кластық білімі бар жасы келген адамды тыңдасын ба, мемлекеттің ақшасын оңды-солды шашып, бөгет жұмысын бастап кетеді. Келесі жылы көктемде Әшімбаевтың айтқаны айдай келіп, бөгетті су ағызып кетеді.

Бекер адам «Дала академигі» атана ма?

Мемлекетшілдігі. Тоқсаныншы жылдардың дүрбелеңінде өзі құрған колхоз, өзі қолмен тұрғызған ғимараттар көз алдында талан-тараж бен қирауға ұшырап жатқанда жан жүрегі шыдамай қалаға көшіп кетуге мәжбүр болады. Қалада үйі жоқ, амалсыз бір таныстарының үйінде уақытша тұруға тура келеді. Сол кезде Социалистік Еңбек Ері екенін алдыға тартып, бұлдап ешбір әкімнің алдына бармады.

1994 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаев Шалкөдеге келеді. Нүсекеңді бірден та­нып, жағдайын сұрап, талап-тілегін тыңдамақ болады. Сол кезде адамшылық пен мемлекетшілдікті ту етіп өткен ақсақал Н.Назарбаевқа екі-ақ өтініш айтады. Әуелі, елге көшіп келіп жатқан оралмандар мәселесі, екіншісі Нарынқол ауда­нының атын Райымбек батырдың атына ауыстырып беру мәселесі ғана. Өзінің жеке басына байланысты бір ауыз сөз жоқ.

Мінеки, елге тұтқа боламын деген адамға Нүсіпбек Әшімбаевтың тағылымды да өнегелі өмірінен біршама хабар бердік. Сөз соңын ел үшін еңбек еткен есіл ердің өз сөзімен тәмамдайық.

«Осы жасқа жеткенше көріп, біліп ұққаным: елдің сөзін сөйлеп қамын жеген, адал сөйлеп, ағына жығылған азаматтың аты озады!». Әрдайым атымыз озып жүрсін!

 

Жәнібек Әлікенұлы