Өнер • 08 Шілде, 2020

Мерейі үстем Малика

444 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Малика Мұқтарова былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. Жоба барысында спортшы қызға 24 мың қазақстандық дауыс берген екен.

Мерейі үстем Малика

– Келініңіздің қол-аяғы балғадай, әлі-ақ немере иіскетер. Оңай емес қой, әрине, сәби сал болып туды, енді не істейсіз, бекем болыңыз, апа. Адам болып кетуі екіталай. Мені тыңдасаңыз, ауруханаға тастап кеткендеріңіз дұрыс. Құжаттарын дайындап қойдық. Қол қойсаңыздар болды. Кейін балалар үйіне өткіземіз...

 –Тәйт, әрі! Қай-қайдағыны айтпа! Ұлболған әжей тосылып қалған медбикеге бір қорап тәттіні үнсіз ұстата салды. Немересін өз қолымен құндақтап, ұлына ұстатты да, өзі келінін жетектеп ауруханадан шыға жөнелді. – Адам болып кетуі екіталай дейді? О несі-ей, бар болғырдың! Әлі-ақ жүгіріп кетеді. Арқалап жүріп-ақ бағып-қағып өсіремін құлыншағымды... Сөйткен Маликасы ғой.

Содан бері, міне, 20 жыл өтті. Немересі аяққа тұрып, жүгіріп кет­песе де, қатарының алды бол­ды. Бүгінде халықаралық спорт шебері, облыстың 8 дүркін же­ңім­па­зы Малика Мұқтарованы бүкіл Қостанай өңірінде білмейтін адам жоқ. Талантты қыз арба биі спорты бойынша әлемдік ареналарда ел мерейін талай рет асқақтатты. Әлем кубогында олжа салып, екі рет Азия тө­рін­дегі жеңіс тұ­ғырында көк бай­ра­ғы­мызы жел­бі­ретті. Былтыр «100 жаңа есім» жобасы бо­йынша елі­міз­дің ең таң­даулы тұлға­ла­ры­ның қа­тарына енді.

Кішкентай нәрестеге ерекше күтім қажет. Оның үстінде, емханаға жиі апарып, балаға бейімдеу емшараларын жасап тұру керек. Оған ауылда жағдай жоқ. Сондықтан Мұқтаровтар отбасы көп ойланбастан Меңді­қа­радан Қостанайға қоныс аударып, қала шетінен шағын ғана жер үй сатып алды. Маликаның балалық шағы осы үйдің ауласында өтті. Әкесі үйге кіріп-шығуға ыңғайлы кең пандус салып берген. Пандустан төмен түсерде көзін жұмып, қолын көкке созып арба тізгінін жібере қоятын да: «Мен аспанда ұшып бара жатырмы-ы-ы-н!» деп айқай салатын. Екпіндеп келе жатқан арба әжесі еккен гүлзардың шетіне тіреліп тоқтайды. Дәл сол сәтте Маликаның концерті басталады. Концерт залы – аула. Сахнасы – арба. Тыңдарманы – гүлдер...

Қағілез қыз домбыраны да тез үйреніп алды. Сурет салып, өлең жазуға да бейімі болатын. Үйге қонақ келгенде әжесіне арнап шығарған ұзақ өлеңін оқып, үлкен кісілердің мақтауына кәдімгідей марқайып қалатын. Бойынан өнер ұшқынын байқаған Ұлболған әжей немересін 7 жасында ән үйірмесіне берді. Малика осылайша көпшілікке алғаш әнші қыз болып танылды. Қалада ұдайы өтіп тұратын талай байқауда топ жарды.

Өзінің айтуынша, Малика әжесіне тартқан. Мінезі – ашық, әрі көпшіл. Үнемі қозғалыс-қимыл үстінде жүргенді ұнатады. Әр нәрсені ойлап сары уайым­ға салынып, көптен оқшау тұйық­та­лып қалмайды. Бөгде біреулер тарапынан түсінбестік бола қалса, оны көңіліне алып, ішіне кірбің сақтамайды. Тез ұмытып кетуге тырысады. Ол кішкентай кезінен қол-аяғы сау көршілес балалармен бірге ойнап өсті. Ойын үстінде еңбектеп жүрсе де ешкімнен қалыспайтын алғыр қыздың кемтарлығын ешкім байқамайтын. Тіпті кейде сал екенін өзі де ұмытып кететін. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған Маликаға сыныптағы қыздар: – Сен өте еркесің. Әлі күнге дейін әкеңнің қолынан түспей жүрсің. Мектепке көте­ріп әкеледі, көтеріп әкетеді, – деді. Малика құрбыларының аңғал­дығына бір күліп алды да, тіпті де олай емес екенін айтып, бәрін түсіндіріп берді. Одан соң бұл туралы одан ешкім ештеме сұра­май­тын болды.

Малика Қостанай қаласын­да­ғы Ғафу Қайырбеков атындағы №9 мектепте оқыды. Сабақтардың жартысы сыныптастарымен бірге, жартысы жеке жұмыс түрінде өтетін. Бірде география сабағы кесте бойынша 3-ші қабаттағы пән кабинетінде өтетін болды. Мектепте оған көтерілетін я лифт, я пандус жоқ. Қасындағыларға мені арбаммен бірге көтеріп шы­ғарыңдар деп айта алмады. Осылайша бір ай бойы география сабағына бара алмай қал­ған кездері болған. Кейін бұл жағдай белгілі болған соң, өздерінен көмек сұрамағаны үшін сыныптастары кәдімгідей ренжіп қалған. Содан бері Малика көмек керек бола қалса, ешкімнен қысылмайтын болды.

Талантты қыз 2008 жылы сол кездегі Астана қаласындағы оңалту орталығына келіп, біраз емделіп жатты. Орталық қызметкерлері ұйымдастырған «Екі жұлдыз» байқауында топ жарып, бас жүлдені ұтып алды. Қостанайға оралған жұлдызды қызды темір жол вокзалында «Үміт-Надежда» мүмкіндігі шектеулілер бірлестігінің басшылары Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсылықова күтіп алды. Малика осы кезден бастап бірлестікке мүше болып кірді. Аруна апайының қолдауымен бір-екі жылдай халықаралық ән байқауларына қатысып, бірінші, екінші орындардан көрініп жүрді. Бірде Аруна Жақсылыққызы шәкіртіне: – Сенің биге бейімің бар екен. Бәлкім әншілікпен қоса, арба биімен айналысып көрерсің, – деген ұсыныс айтты.

Ерлі-зайыпты Дүйсенғали Оспанов пен Аруна Жақсылықова – облыстағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арба биі өнерінің негізін қалап, қалыптастырып, дамытқан адамдар. Орайы келіп тұрғанда, еліміздегі арба биі мек­те­бінің іргетасы Қостанай қала­сында қаланғанын айта кеткен де жөн. Арбадағы би елімізде кенже дамыған спорт түрі. Ал Тобыл жағалауында мұндай сайыс­тар 2009 жылдан бері өтіп келеді. Алғаш Қостанайда қолға алынған өздігінен жүріп-тұра алмайтын кемтар жандарды би өнеріне баулу мақсатындағы «Билейтін арба» деп аталатын аймақтық жоба, кейін республикалық, халық­аралық біріншіліктерге ұл­ас­ты. Бүгінде спорттың бұл түрі Ресей мен Украинада жақсы дамыған.

Арба биінің әліпбиін ұстазы Аруна Жақсылықовадан үйренген Малика кейін кәсіби хореограф Андрей Нужныйдың көмегімен кәсіби түрде жаттығу жұмыстарына кіріседі. Көп кешікпей қалалық, облыстық жарыстарға қатысып, шеберлігін шыңдай түседі. 2015 жылдың өзінде аймақтың бес дүркін жеңімпазы атанады. 2016 жылы Тайвань еліне Азия біріншілігіне аттанған Малика 50 спортшының арасынан топ жарып, ел қоржынына алтын медаль салды. 2018 жылы елордада параби спортынан өткен республикалық біріншілікте 4 бірдей алтын және бір күміс медальды олжалады.

Малика Мұқтарова былтыр «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атанды. Жоба барысында спортшы қызға 24 мың қазақстандық дауыс берген екен.

– «100 жаңа есім» жобасы барысында көптеген отандастарыммен таныстым. Бәрі де өз саласы бойынша адам таңғаларлық жетістікке жеткен талантты адамдар. Бірі суретші, бірі өнертапқыш-ғалым, енді бірі – дәрігер. Мен, шынымды айтсам, біздің елімізде дарынды адамдар соншалықты көп екенін білмеппін. Тіпті бұл жөнінде ойланбаппын да, – деп риясыз жымиған Маликадан – Алдағы мақсатың не? – деп сұрадым. – Қазір Қостанай педагогика институтының спорт факультетінде білім алып жатырмын. Биыл екінші курсты аяқтаймын. Қазір емтихандарды онлайн режімде тапсырып жатырмыз. Пандемия өтіп, сессия аяқталған соң жаттығуға кірісеміз. Менің басты арманым – Олимпиада чемпионы болу. қазір арба биін жеке спорт түрі ретінде параолимпиадалық ойын түрлері қатарына енгізу мәселесі қаралып жатыр. Бағдарламаға ілігіп қалар деп үміттеніп отырмыз. Сәті түсіп жатса, Токио төрінде өнер көрсететін боламын, – деді спортшы.

 

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше