Экология • 08 Шілде, 2020

Жанға сая жасыл белдеу

456 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Нұр-Сұлтан – Щучье бағытындағы автобанның бойында 2575 гектар алқапқа ағаш көшеттері отырғызылып, бүгінде жап-жасыл болып жайқалып өсіп тұр. Бір кездегі қутақыр алқаптар масатыдай құлпырған ну орманға айналды.

Жанға сая жасыл белдеу

Алғашында сортаң жерге ағаш өсе ме деген күмән да болған. Өседі екен. Өскенде қандай? Іңкәр көңілмен, адал жүрекпен ексе, сордың өзі салтанатты мекенге, жап-жасыл жалаулы дүниеге айналады екен-ау. Үлбіреген ізгі үмітпен қарағай, қайың, тоқымақ, үйеңкі, ырғай, қарақат, алма, долана, шаған тәрізді 6,3 млн түп ағаш көшеттері отырғызылған. Жол жиегінде жүгіріп бара жатқандай әсер беретін орманды алқаптың жалпы ұзындығы 110 шақырымды, ені 250 метрді құрайды. Кей жерлерде 500 метрге дейін жетіп жатыр.

Ағаш көшеттері екі кезеңде отырғызылды. 2009-2016 жылдары Шортанды, Ақкөл, Бұланды және Бурабай аудандарының 1828 гектар алқабында жасыл желек отырғызу үшін жер учаскелері бөлінді. Алдымен, топырақ құрамы зерттелді, жарамдылығы зерделенді. Кейін тәуекелді іс басталды. Алапат қуатты іс. Құлазыған қу даланы мәңгі жасыл қарағай мен қолдың саласындай аққайыңдар, әлденеше түрлі жеміс ағаштарын жайқала өсіріп, аң мекені, құс базарына айналдыратын жер бетіндегі жұмақ іспетті ғажайып дүниеге айналдыру ісі басталып кетті. 2012 жылы ағаш көшеттері отырғызылып, тиісінше күтім жасалды. 2016 жылы отырғызылған көшеттің 75 пайызы орман есебіне енгізілді. Кейін Ақкөл, Бұланды, Бурабай аудандарының 747 гектар алқабына зерттеу жүргізіліп, келер жылы ағаш көшеттері отырғызылды.

Бүгінде жасыл орман флора мен фаунаға мелдектеп тұр. Жол бо­йына жақын жердегі елді мекеннің тұрғындары жаз бойы ырыздығын айырып, жеміс-жидек тереді. «Ақкөл», «Отрадный», «Ұрымқай», «Кеңес» орман шаруашылықтары ағаш көшеттерін жас баладай мәпелеп, күтіп-баптауда.

Көкшетау қаласының айналасына жасыл белдеу құру жұмысы да қолға алынған. 2018 жылы «Бұқпа» орман шаруашылығы өз қаржысы есебінен осы жұмысты бастап кетті. Облыс орталығының іргесінде 62,8 гектарға қарағай, 44,5 гектар жерге жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды. Бұл орман Нұр-Сұлтан қаласының жасыл белдеуімен қосылып, айрықша жарасым таппақ. Сарыарқаның сары беліндегі жап-жасыл алқап мәңгілік елдің мұраттары бүр жарғандай ерекше кейіпке енді. «Жасыл белдеу» Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен сонау 1997 жылдан бастап үздіксіз жүзеге асырылып келе жатқан абаттандыру жобасы. Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде 1997 жылдан 2013 жылға дейін отырғызылған ағаш көшеттерінің жалпы аумағы 70 мың гектар алқапты құрайды. Бұл біріншіден, қала халқының қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта таза ауа жұтып дамылдайтын жері болса, екіншіден, қаланың климатының жақсаруына үлес қосатын табиғи қорғаныс. Сүйелді қайың, ұсақ жапырақты шегіршін, боз жиде, терек тәрізді ағаштардың өсімі жақсы. Тез-ақ жерсініп кетті.

Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы жасыл белдеудің жалпы аумағы 14827 гектарды құрайды. Бұл жердің 11502 гектарына екпе ағаштар отырғызылған. Қазір 11,5 млн ағаш көз сүйсіндіріп самсап тұр. Оның ішінде шие, татарбөрі жидегі, қарақат, қау жапырақты шегіршін тәрізді ағаш тұқымдары бар. Орман ішіне кірсеңіз, қадам сайын қоян жүгіріп, шіл ұшады. Қырғауылдар да жылдам көбейіп келеді. Марал, елік, түлкіні де осы жерден көре аласыз. Ағаш арасындағы бос жатқан жерлерге жас көшеттер отырғызылып, біртұтас ну орманға айналған жасыл белдеу – жан саясы.

 

Ақмола облысы