Руханият • 08 Шілде, 2020

Астанадан қанат қаққан...

1122 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі әдебиеттегі жастар шоғырының қалыптасып һәм танылуы жолында Сарыарқа төсіндегі еңселі елорданың ықпалы зор. Сонау ел астанасының іргесі қаланған 1998 жылдан бері қазақ әдеби һәм мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бәрі осы бас қалада өтті. Мұнда талай жас жазарманның таланты бағаланып, тұсауы кесілді. Тәуелсіз қазақ әдебиеті аспанында жұлдызды шоғырға айналды. Астанадан қанат қаққан ақ желкен ақын-жазушылардың әрқайсысы бүгінде өз биігінде.

Астанадан  қанат қаққан...

Есіле аққан Есілдің жағасына ел­орда тіккен уақытта Арқаға қаз­ақ жұртының астанасы ғана емес, руханияты да көшіп кел­гендей болғаны рас. Неге де­сеңіз, дәл сол 1998 жылы тұ­сауы кесілген өнер жарысы – Халықаралық «Шабыт» шы­ғар­машыл жастар фестивалі қазақ әдеби-мәдени өміріндегі тың бастамаға айналды. Бір жағы, бұл жоба қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларын танытқан Қазақ КСР-і шығармашыл жас­та­ры­ның «Жігер» фестивалінің жал­ға­сы іспетті. Жас қауырсын талант­тар­дың жұлдызын жағып, шабытын шалқытқан жоба Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен бастау алған еді. Содан бергі жиырма жыл уақытта «Ша­быттың» шоқжұлдыздары өз жазу қабілеттерімен көрініп, өзін­­дік стиль қалыптастыра ал­­ды. Мәселен, фестивальдың ал­­ғашқы жылдарында жеңім­паз атанып, әдеби ортада жарқ етіп шыққан – Талғат Ешен­ұлы, Жанат Әскербек, Ба­уыр­жан Бабажанұлы, Дәулет­керей Кәпұлы, Маржан Ершу, Танакөз Толқынқызы, Қалқа­ман Сарин, Алмас Темірбай, Ұларбек Нұрғалым, Ерлан Жүніс, Бақытгүл Бабаш, Құралай Омар, Мақсат Мәлік, Бауыржан Қарағызұлы, Әлия Дәулетбаевалар – қазақ әдебие­ті­не қалам құбы­лыс­та­рымен енген авторлар болды. Аталған буыннан кейін де бірталай дарынды жастар «Шабытта» оза шауып, елорда төрінде таланттарын дәлелдеді. Осылайша, «Шабыт» танытқан жаңа есімдер бүгінде қаламы қуатты, кең тынысты қаламгерлерге айналып отыр.

Осы қатарда Елбасы бас­­та­масымен 1993 жылдан бас­тап тағайындалған «Дарын» мем­ле­кеттік жастар сыйлығын атай аламыз. Бұл жоба да әде­биет­­тегі жас талант иелеріне қол­дау көрсету мақсатында өт­к­і­зіліп келеді. Бүгінгі күнге дейін «Дарын» сыйлығына жалпы саны 200-ден аса өнер адамы ие болыпты. Әу баста екі жылда бір рет берілетін сый­лық 2017 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам минис­трлі­гінің бастамасы бойынша жыл сайын табысталатын болды.

Елордада әдеби атмос­фе­ра­ның көрінісін ұйым­дас­ты­ры­лып жүрген әлемдік дең­гей­­дегі әдебиет форумдары мен түрлі байқаулардан бай­қай­мыз. Былтыр күздің мизам шуа­ғына бөленген ел астанасында әлем әдебиетінің жылнамасына еніп, тарих бетінде қалатын Азияның қабырғалы қаламгерлері жиналған басқосу ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткені күні кешегідей есімізде. Азия әде­бие­тінің бүгінгі ахуалын талқы­лауға қазақ сахарасына ар­найы ат басын бұрған сары құр­лықтың азулы ақын-жазу­шы­ларын ұлан-ғайыр даланың жүрегі болып соққан астанада қарсы алдық. Сондай-ақ 2019 жылдың жазында өткен Еуразия құр­лығының 20-дан астам мем­ле­кеті жазармандарының басын қосқан «Еуразия астаналарының қаламгерлері» халықаралық форумы да әдеби ортада қозғалыс болды.

Жоғарыда айтып өткені­міз­дей, бүгінде ел астанасында жас ақын-жазушылардың бір шо­ғыры қалыптасқан. Мирас Асан, Айжан Тәбарак, Жадыра Байбұланова, Ербол Алшынбай, Рауан Қабидолда, Ұмтыл Зарық­қан, Арман Әлменбет, Саян Есжан, Есбол Нұрахмет, Шерхан Талап, Әлімжан Әлішер, Мұхтар Күмісбек сынды талант иелерінің шы­ғармашылығы оқырманға таң­сық емес. Соңғы уақытта елор­далық қаламгерлердің твор­чес­тв­осындағы жаңалықтар мен өзгерістерге куә болып жүр­­міз. Айталық, күні кеше ғана проза жанрында өз қол­таң­басымен танылып жүр­ген Нұрлан Қабдайдың «Сұр әңгіме» атты кітабы жарық көр­ді. Елордадағы «Өрнек» бас­па­сынан шыққан бұл кітапқа жазу­шының 19 авторлық, 5 аудар­ма әңгімесі енген. Сондай-ақ Есбол Нұрахметтің «Таусылмас түн» атты тырнақалды новеллалар жинағының да басылып шыққанына көп уақыт өте қой­ған жоқ. Кітап бүгінгі қазақ қоға­мындағы әлеуметтік һәм психо­логиялық тақырыптарды қау­за­ған жиырма шағын новелла­дан тұрады.

 Мөлдір өлеңдердің авторы Айжан Тәбарактың бастамасымен ашылған Qalamger.kz әдеби-танымдық порталының да бүгінде өз аудиториясы бар. Әдеби портал қаламгерлердің шығар­ма­шы­лығын насихаттай отырып, та­нымдық әрі медиа бағытта өз жұмы­сын жүргізіп келеді. Со­ны­мен қатар Қазақстанда алғашқылардың бірі болып авторлардан шығармаларының коммерциялық құқығын сатып алып, кітап шығару ісін қолға алып отыр. Qalamger.kz баспасының алғашқы өнімі – Мәскеуде тұрып жатқан қазақ жазушысы Аягүл Мантайдың «Жүрекке оралу» атты кіта­бы болды. Одан кейін де бір­не­ше қазіргі қазақ ақын-жазу­шы­ла­ры­ның жинақтарын шығарды.

Елордалық таланттар әдеби ортаға қозғау салып, түр­лі ша­ра­лардың бастамашысы болып жүргенін де айтып өтке­ні­міз жөн. Ұлттық акаде­мия­­л­ық кі­тап­ханасы жанынан «Жан­су­сар» жас қаламгерлер клубы, содан кейін «ТӘЖ» (Тәуелсіздік. Әдебиет. Жастар) әдеби-интел­лек­туалды клубы құрылған еді. Жас қаламгерлердің шы­ғар­машылық кештерін, кітап тұсау­кесерлерін, авторлық жоба­ларды тұрақты түрде ұйым­дас­тырып, елордада әдеби-мәде­ни интеллигенцияның басқосар орталығына айналған рухани ошақтың бірі болды. Осы клубтар аясына жүзден астам шығармашыл жас пен әде­биет­сүйер студент топ­тас­қан еді. Бұл әдеби жоба қазақ елінің астанасын рухани-мәдени ортаға айналдыруға өзінше сеп болды.

Сонымен қатар қазір Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан жоғары оқу орындары жанынан көптеген әдеби клуб құрылып, жұмыс істеп тұр. Мұның бәрі – елордамыздың, тұтас еліміздің болашақ зиялы қауым өкілдері қалыптасуына жасалған ізгі қадамдар.