Медицина • 08 Шілде, 2020

Иммундық плазманың алғашқы доноры

239 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иммундық плазма әдісі, яғни емделуші­лерге сауықтырылған қан плазмасын құю ал­ғаш рет ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап Қытайда қолданылған болатын. Қытайлық медицина қызметкерлерінің зерттеу нәтижелері бойынша, емделу­шілерде олардың сауығуы кезінде жи­налған плазмада коронавирустың дамуын бейтараптандыруға қабілетті антиденелер болды.

Иммундық плазманың алғашқы доноры

Сәуір айынан бастап бұл процедура Ресейде қолданылды, Қазақстанда бұл емдеу әдісі осы жылдың 15 сәуірінде ресми түрде клиникалық хаттамаға енгізілді. Қандай да бір инфекцияларды бас­тан кешірген пациенттерді плазмамен емдеу әдістемесі бұрыннан белгілі және тиімдірек болып табылады. Қазақстандықтардың арасында белгілі бір ауруға шал­дығып, сол ауруды жеңген­дердің плазма құюына мүмкіндік беріліп отыр. Бұл тұрғыда Маңғыстау облысының қан орталығы алғаш­қы донорларды қабылдауға да­йын екендігін мәлімдеді. Коро­навирусты жеңген және иммундық плазмамен бөлісуге шешім қабыл­дағандар үшін орталық пен кабинеттерге жеке кіру мүмкіндігі қа­растырылған.

Басқа донорлармен олар кездеспейді. Әлеуетті донор COVID-19 антиденелерінің бар-жоғына алдын ала талдау тапсырады, олардың бар-жоғы расталғаннан кейін донорды плазмаферез рәсіміне шақырады. Процедура стандартты, қалыпты плазмадан айырмашылығы жоқ. Бірінші кезекте донор сауалдама толтырып, базаға тіркеліп, алғашқы зертханалық тест тапсыруы керек, бұл гемоглобин, қан тобы, резус-фактор және АЛТ бауыр көрсеткіштері сынды сынамалардан тұрады.

Барлық сұрақтар бойынша дәрігердің қабылдауында болған донорға жан-жақты түсіндіріледі. Әсіресе адамның бойын, салмағын, қан қысымын, температурасын өл­шейді, әрі қарай құпия әңгіме жүр­гізіледі. Иммундық плазма донорларына қойылатын талаптар стандартты. Стационардан шыққаннан кейін кем дегенде екі апта үй карантинінде болуы тиіс. Бір донордан 2-3 дозаны алуға болады. Иммундық плазманы әр- түрлі пайдалануға болады, бірақ міндетті түрде медициналық талаптар сақталуы тиіс. Плазманы үш жыл бойы мұздатуға және сақтауға болады. Алайда мамандар бұл дәрі-дәрмектерге балама емес екендігін айтуда.

 

Маңғыстау облысы