Аймақтар • 09 Шілде, 2020

Нұр-Сұлтанда 23 алыпсатар ұсталды

221 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласының полицейлері медициналық құралдарды заңсыз сату фактілерін анықтау бойынша рейдті жалғастырып жатыр. Бұл туралы Polisia.kz-ке сілтеме жасай отырып Egemen.kz хабарлайды.

Нұр-Сұлтанда 23 алыпсатар ұсталды

Дәрілік препараттар мен медициналық құралдарды заңсыз өткізу фактілерін анықтау бойынша өткізілген жедел-алдын алу іс-шараларының төрт күн ішінде Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің қызметкерлері тиісті рұқсатсыз медициналық құралдар мен препараттарды заңсыз өткізген 23 адамды ұстаған. Тәркіленген препараттардың жалпы сомасы тоғыз миллионнан астам теңгені құрайды.

Осылайша, жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Дүкенұлы көшесінің бойында 35 жастағы қала тұрғыны ұсталып, одан жалпы сомасы бір жарым миллионға жуық теңгені құрайтын медициналық қолғаптар, антисептиктер тәркіленген. Сонымен қатар рейд барысында жарты миллионнан астам теңге сомасына медициналық бетперде сатпақ болған 33 жастағы қала тұрғыны ұсталған.

7 шілдеде сағат 17.15-те полицейлер екі азаматтың медициналық өнімдерді заңсыз өткізу фактісін анықтаған, олардың автокөлігінің жүксалғышында 180 мың теңге сомасына жалпы көлемі 100 литр болатын канистрадағы антисептик, 350 мың теңгеге медициналық бетперде болған. 

Әрбір анықталған факті бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес құқықтық баға берілетін болады. 

Нұр-Сұлтан қаласынының Полиция департаменті азаматтардан заңсыз дәрілік құралдарды сату фактілерін білетін болса полицияға хабарласуларын сұрайды.