Оқиға • 09 Шілде, 2020

Еңбектері еленген жандар

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеше Солтүстік Қазақстан облысының әкімі жаман індетпен күресте алдыңға шепте болған бір топ медицина қызметкерлеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан мемлекеттік наградалар тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz

Еңбектері еленген жандар

Өзінің сөзінде Құмар Ақсақалов "Сіздердің қажырлы еңбек етіп жатқандарыңызға міне, төрт айдан асты. Бүгінгі күні әрбір медицина қызметкері – жанқиярлықпен еңбек етуде. Сіздер біздің өмірімізді сақтап қалу жолында еселі еңбек етіп жатырсыздар. Барлық ел назары сіздерде. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында 545 адам жаман індеттен тәуір болды. Бұл науқасқа ұшырағандардың үштен бірінен артығы.

Өкінішке қарай 87 медициналық қызметкер індетті өздеріне жұқтырып алды, біз олардың тәуір болып кетуінен үміттіміз", деді. Одан әрі әкім жедел жәрдемнің қазір тәулігіне 30 шақыруға баратынын айтты. Ал тәуліктік норма 16 ғана болатын. Учаскелік медициналық қызметкерлер күніне 800-ден артық симптомсыз науқастарды бақылайды. Сонымен бірге ол осыған дейін өкпені жасанды жолмен тазалайтын 5 аппарат (ИВЛ) алынғанын, енді тағы да сондай 20 аппарат алынатынын жеткізді. Сондай-ақ биыл тағы да 18 жедел жәрдем машинасы алынатыны белгілі болды. Сөзінің соңында Құмар Іргебайұлы медицина қызметкерлерін құттықтап: "Әрқайсыңыз азаматтардың өмірін сақтап қалу жолында бар күш-жігерлеріңізді жұмсап жатқандарыңыз үшін құрмет пен алғысқа лайықсыздар. Сіздерге мықты денсаулық, сәттілік, игілік және төзім тілеймін", деді.

Мемлекеттік наградалар төмендегі азаматтарға берілді: "Парасат" ордені карантин басталған алғашқы күннен инфекциялық бөлімге айналдырылған Бірінші қалалық аурухананың бас дәрігері Ботагөз Сүлейменоваға, "Құрмет" ордені дәрігерлер Абылайхан Баяндинге, Алексей Левцовқа,  аға медициналық бике Наталья Полицинаға берілді. "Ерен еңбегі үшін" медалі дәрігерлер Виталий Авраменконың, Альфия Гайфуллинаның,  Хия Ерденованың және Татьяна Краснованың төсіне қадалды. Ал "Шапағат" медалімен аға медбике Сәуле Жакина, дәрігерлер Бақытгүл Сапарова, Руслан Төлентаев наградталды. Ал Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы медбике Ғалия Әбіловаға, фельдшер Қуаныш Ахметовке, дәрігер Нина Костюченкоға және "Жедел жәрдем" жүргізушісі  Александр Селютинге берілді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы