Коронавирус • 10 Шілде, 2020

Сақтықта қорлық жоқ

230 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов аймақтық коммуникация қызметіндегі брифингінде жалпы жағдайдың бақылауда екенін жеткізді.

Сақтықта қорлық жоқ

8 шілдедегі мәліметке қарағанда қазір өңірде 1 446 оқиға тіркелді. Соның ішінде 480 адам аурудың симптомды түрімен, ал 67 пайы­зы симптомсыз түрімен науқастанған. Өткен тәулікте науқастанғандар саны – 1,9 пайызға өсті немесе бұл – 28 адам, оның 19-ы симптомды, 9-ы симптомсыз.

Инфекциялық стационарларда қазір 136 адам емделіп жатыр. 545 адам емделіп шықты.

Медициналық қызметкерлерге еңбекақы қалай төленуде деген сұраққа әкім олардың еңбектерін жоғары бағалайтынын және оларға өзінің ризашылығын жеткізді. Бүгінгі таңда Президенттің атынан 15 дәрігерге жоғары мемлекеттік наградалар тапсырылды. Ал еңбекақы жөнінде айтар болсақ, барлық инфекциялық, провизорлық стационарлар, сондай-ақ жедел жәрдем, қабылдау бөлмелеріндегі фильтр қызметкерлеріне ай сайынғы үстемеақы Ден­саулық сақтау министрінің 2020 жылдың 4 сәуіріндегі бұйрығына сәйкес төленеді. Барлық медицина қызметкерлері тәуекелділігі бойынша 3 топқа бөлінген, соның ішіндегі бірінші топта 184 адам бар. Осындағы әр дәрігердің негізгі еңбекақысына 120 мыңнан бастап 825 мың теңгеге дейін жұмыс істеген уақытына сәйкес төленеді. Екінші топтағы тәуекелдегілерге 425 мың теңгеге дейін төленеді. Бұл санаттағылар облыста – 258 адам. Ал үшінші топтағылардың саны – 744 адам, олардың әрқайсына қосымша 225 мың теңгеге дейін төленеді. Осылайша нау­рыз айында 48,6, сәуірде 161,2 млн, мамырда 150,3 және маусымда 209,8 млн теңге қосымша ақы төленді.

Медицина қызметкерлеріне арналған жеке қорғаныш құралдары жеткілікті, алдағы 2 аптаға да жетеді. Яғни бір реттік бетперде – 338 мың дана, қорғаныш кәстөмі – 4 мың, қолғап – 596 мың, антисептиктен 9 тонна бар. Бөлшек сауда жасайтын дәріханалар желісінде бетперде мен антисептик тапшылығы жоқ. Қазір сұраныстың артуына байланысты №1 қалалық аурухана, облыстық фтизиопульмонология орталығы және М.Жұмабаев, Ғ.Мүсірепов аудан­дарында пациенттерге арналған төсектік орын санын 65-тен 435-ке дейін көбейттік. Провизорлық стационарлардағы орындар 100-ден 905-ке дейін артты, соның ішінде облыстық ауруханада 200, қалалық ауруханада 110, Қызылжар аудандық ауруханасында 120-ға дейін қосымша орындар ашылды. Басқа аудандарда орынды көбейту қолға алынған.

Карантин салдарынан уақытша жұмыссыз қалғандарды жұмысқа орналастыру бойынша 3 шілде күні бос қызмет орындарының жәрмеңкесі өтіп, оған 29 кәсіпорын мен 280 адам қатысты. 103 адам жұмысқа тұру үшін құжаттар жинап жатыр. Кеше Погодин атындағы театрда екінші рет жәрмеңке өткізілді.

Қ.Ақсақалов өңірде жаман індеттің таралуы толық бақылауда екеніне сендіре келіп, «сақтықта қорлық жоқ» екенін атап өтті.

 

Солтүстік Қазақстан облысы