Пікір • 10 Шілде, 2020

Дәл қазір керегі – үрейге берілмеу!

193 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыз айында жарияланған төтенше жағдай мен алғашқы карантин кезеңі індетке қарсы шараларды шұғыл қолға алып, шетелдік тәжірибелерді ескеріп, көзге көрінбес жауды сақадай сай отырып қарсы алуға керекті алтын уақыт еді.

Дәл қазір керегі – үрейге берілмеу!

Өкінішке қарай бүгінгі жағ­дай отандық денсаулық сақ­тау жүйесі берілген уақытты тиімді пайдалана алмағанын көр­сетіп отыр. Президент ін­деттің алғашқы күнінен бас­тап ең ауыр сценарийге дайын оты­руымыз керек демеді ме?! Яғни бірінші карантиннен кейін халық қауіптің сейілмегенін ескермейтіні, ауруханадағы орындардың жетіспеуі, алып-сатарлардың көбеюі, халық­тың психологиялық ауыр жағдайға түсуі, дәрі-дәр­мектің жетіспей қалуы, жаңа вирустың емдеу хаттамасы ресми түрде өзгеріп тұрғаны, емдік шаралардың бі­різділікке бірден түспеуі, ха­лық өздігінен ем іздей бастауы денсаулық жүйе­сіндегі үйлестіру қызметі мамандарының алдын ала зерттейтін жұмыстары еді ғой! Жоспарлау, ұйымдастыру, бақылау мен ынталандыру – менеджердің мызғымайтын төрт қағидаты. Осының барлығына Президент өз үндеуі арқылы тиіс­ті бағасын беріп, бұл жағ­дайдан сабақ аламыз деді.

Қаһарына мінген індетпен күресте дәл қазір керегі – үрейге берілмеу! Күресті тоқтатпау! Шілденің басында саны 400 ғана болған әмбебап мобильді топтардың саны ай со­ңында 3,5 мыңға дейін жет­кізіледі. ПТР-тест тапсыру ор­талықтары тәулігіне 40 мыңға дейін сараптама жасайтын болады. Дәріханаларға парацетамол, антибиотиктер сынды қажетті медикаменттер жеткізіледі. Дәрігерлер ақпараттық жұмысты күшейтетін болады. Індетпен күреске бөлініп жатқан қаражат үздіксіз, жіті бақылауға алынады. Халық қиналып жатқанда есебін түгендеп жанталасқан арсыздардың жолы кесіледі!

Қасым-Жомарт Кемелұлы Са­быр Адайдың «Әр қазақ ме­нің жалғызым» деген бір ауыз сөзімен бүгінде қара жамылған әр қазақтың шаңырағына көңіл айтты. 13 шілдені Аза тұту күні деп жариялады.

Індетпен күресіп жатқан әрбір жанға күш-қуат бергей, Жаратқан! Қара жамылған жұрт­қа қайғырып көңіл айтамын. Бекем болыңыздар! Барлық сақ­тық шараларын орындап, абай болайық!

 

Дана НҰРЖІГІТОВА,

Сенат депутаты